Ташкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынған «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Опера Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында алғаш рет көрсетілді. Премьераны Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тамашалады. Сондай-ақ құрметті қонақтар ретінде Орталық Азия елдері мәдениет министрліктерінің басшылары мен Әзербайжанның мәдениет министрі шақырылды.
Опера – билік, тағдыр және дәстүрлі өмір салты мен келешек өзгерістер арасындағы таңдауды терең ашып көрсететін драмалық туынды. Хамит Шаңғалиевтің музыкасы режиссер Давиде Ливерморенің көркемдік шешімімен үйлесе отырып, көрерменді Алтын Орда дәуіріне толықтай бойлататын әсерлі атмосфера жасайды. Көрермен Алтын Орда тарихындағы оқиғалар аясында өрбитін адамдық трагедияларды көзбен көріп, сол кезеңнің рухын терең сезіне алады. Алтын Орда – түркі халықтарының тарихында ерекше орын алатын рухани мұраның қайнар көзі.
Операны сахналау жұмысы халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың үлгісіне айналды. Жобаға Қазақстан, Ресей және Түркияның ғалымдары атсалысты. Алтын Орданы зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев. Маралтай Ыбыраев жазған опера либреттосы драматург Алмас Нүсіптің пьесасы негізінде әзірленген.
Қойылым режиссері Давиде Ливерморе – әлемдік опера өнерінің мойындалған шебері, талай аңызға айналған әншілермен және әлемнің жетекші театрларымен жұмыс істеген тұлға. Оның қойылымдары Ла Скала, Рим операсы, Туриндегі Театро Реджио және Генуядағы Карло Феличе театрларында сахналанған. Мэтрдің жобаға қатысуы операны халықаралық деңгейге көтерді.
Музыкалық жетекші әрі қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы театрдың бас дирижері Нұржан Байбосынов.
Ташкенттегі премьера қазақ және өзбек мәдениеті мен тарихының терең үндестігін паш еткен шығармашылық диалогқа айналды. Бұл синтез екі халықтың мызғымас ортақ тарихи жадын, рухани жақындығын айшықтаған өзіндік «өнер көпірін» қалыптастырды. Бұған дейін опера Алматы, Ыстамбұл және Қазан қалаларында сахналанып, көрерменнің зор қызығушылығы мен ыстық ықыласына ие болған еді.
Жуырда Ташкент қаласында «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы үлкен табыспен өтті. Бұл – шығармашылық салаға жанашырлық танытып, қолдау көрсеткен меценаттардың арқасында мүмкін болған айтулы жетістік. Олардың әрқайсысымен жеке танысып, сұхбаттасу мен үшін үлкен мәртебе болды. Осы маңызды мәдени жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық серіктестерге – Halyk қайырымдылық қорына, Samruk-Kazyna Trust корпоративтік қорына, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-на және Freedom Holding Corp. компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында қазақ өнері халықаралық деңгейде танылуда. Сонымен қатар Армениядағы Қазақстанның Мәдениет күндері аясындағы сапарым барысында Ереван қаласындағы Радио үйінде болдым. Онда халқымыз үшін аса қастерлі, сирек мұралар – қазақтың біртуар композиторларының архивтік жазбаларын тыңдау мүмкіндігі бұйырды. Осы құнды материалдарды сақтап, ұқыптылықпен қорғап отырған Радио үйінің ұжымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Армян тарапы ұсынған тарихи аудиожазбалардың негізінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен винилді пластинкалардың арнайы сериясын жарыққа шығарды. Бұл коллекцияға қазақ сахна өнерінің бірегей майталмандары – Ермек Серкебаев, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева және өзге де танымал орындаушылардың туындылары енгізілді. Аталған серия – ұлттық мәдени мұрамызды сақтау ісіне қосылған маңызды үлес әрі қазақ музыка өнерінің асыл қазынасын келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған ерекше жобалардың бірі. Осы орайда, ел мәдениетінің дамуына, оның қоғамда және халықаралық аренада кеңінен танылуына үлес қосып жүрген барлық серіктестерімізге шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында біз ұлттық өнеріміздің байлығын әлемге паш етіп, оны жас ұрпаққа аманаттай аламыз, – деген ризашылық пікірін білдірді Аида Балаева өз парақшасында.