in

Ұлттық өнерге жан бітірген шебер

Тыпырлап секіріп, тіпті бір орында тұрып-ақ таутекедей ойнақ салады. Әр қадамы күй ырғағымен дәл үндесіп, тұяғының тық-тық үні ерекше әсер сыйлайды. Көз алдыңда жай ғана ойыншық емес, тұтас бір өнер сөйлеп тұрғандай. Бұл – ұмыт бола бастаған қазақтың көне мұрасы, ортеке өнері.

Осындай ерекше өнерді қайта жаңғыртып жүрген жандардың бірі – шымкенттік Жәнібек Әмірбеков. Ол күнделікті өмірде қарапайым ұстаз, ал шын мәнінде, ұлттық өнерге жанашыр шебер. Қазір «Парасат» жалпы орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Жәнібектің ортекеге келуі алдын ала жоспарланған жол емес еді. Барлығы күтпеген бір өтініштен басталыпты. 

– Бір күні әріптесім, музыка үйірмесінің жетекшісі Гүлжайна апай ортеке керек екенін айтып, жасап бере аласың ба деп сұрады. Ағашпен жұмыс істейтінімді көрген соң сенім артқан болуы керек, – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Сол сәттен бастап шебердің жаңа ізденісі басталады. Бұрын тек атауын естігені болмаса, ортекенің жасалу қыр-сырын терең білмейтін еді. Ол бар ынтасымен зерттеуге кіріседі. Интернеттен мәлімет қарайды, түрлі нұсқаны саралайды. Бірақ бір қиындық алдан шығады, ортекенің негізгі «жаны» саналатын механизмі туралы нақты ақпарат еш жерден кездеспейді. Дегенмен бұл Жәнібекті тоқтатпады. Керісінше, қызығушылығын арттыра түсті. Ол әр бөлшекті өз бетінше ойлап, қайта-қайта жасап көреді. Әсіресе, төменгі қозғалыс механизмін құрастыруда көп уақытын жұмсайды. Ізденіс, қателік, қайта жасау… Ақыры еңбегі ақталып, алғашқы ортекесін дүниеге әкеледі.

Алғашқы туындысын Гүлжайна ұстазға табыстаған сәт оның шеберлік жолындағы жаңа белесі еді. Кейін ортекенің бейнесі мен қимылын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктейді. Сол-ақ екен, күтпеген жерден жан-жақтан сұраныс түсе бастайды. Сөйтіп, бір кездейсоқ бастама үлкен іске ұласты. Бүгінде Жәнібек Әмірбеков тек ағаш бұйым жасаушы ғана емес, ұмыт қалған өнерге жан бітірген шебер ретінде танылып келеді. Ортеке жай ғана қуыршақ емес, ол күй мен қимылдың, шеберлік пен сезімнің тоғысқан тұсы. Ал оны қайта тірілткен жандар өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір іспетті.

Ортеке  сырт көзге шағын ғана ағаш ойыншық болып көрінгенімен, оның әр бөлшегінде үлкен еңбек пен төзім жатыр. Шебердің айтуынша, бұл өнердің ең қиын тұсы текенің басы мен аяқтарын жасау. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бас бөліктің өзіне тұтас бір күн кетеді. Ал аяқтары тіпті бөлек әңгіме. Төрт аяқтың әрқайсысы екіге бөлініп, барлығы сегіз бөлшектен құралады. Сол сегіз бөлшек мінсіз дәлдікпен жасалмаса, ортеке тіріліп, күйге ілесе алмайды.

– Ортекенің билеуі  есеп пен тепе-теңдікке байланысты. Бір жерден қателессең, ол қимылдамайды, – дейді шебер. Аяқтарын жасауға екі күнге жуық уақыт жұмсалса, денесі әлдеқайда тез жарты күнде дайын болады. Бірақ негізгі «жан бітіру» жұмысы дәл осы қозғалыс жүйесінде.

Ортекенің күй ырғағына сай билеуі тек қолөнер емес, нағыз шеберлік пен сезімнің үйлесімі. Әр бөлшек бір-бірімен байланысып, бірнеше рет тексеріледі. Егер кішкентай ғана іркіліс немесе қатаю байқалса, шебер еш қиналмастан қайта бұзып, қайта жинайды. Себебі ортеке «мінсіз» болғанда ғана сахнаға шығуға лайық. Бұл бұйымды жасау үшін кез келген ағаш жарамайды. Арнайы кептірілген, өңдеуге икемді ағаш түрлері қарағай мен емен қолданылады. Мұндай материалдар ұзаққа шыдайды әрі жарылып кетпейді. Дегенмен уақыт өз өзгерісін енгізбей қой­майды. Бұрын жіңішке жіптермен байланыс­тырылған бөлшектер, бүгінде желіммен бекітіледі. Бірақ шебер үшін ең бастысы сыртқы пішін емес, ортекенің ішкі «мінезі», яғни оның табиғи қимылы. 

Қуантатыны – бұл өнерге деген қызы­ғушылықтың қайта ояна бастауы. Әсіресе, мектептерде ортеке қолданылған сабақтар балалардың ерекше ықыласын оятады. Олар тек көріп қана қоймай, өздері де жасап көруге талпынады. Алайда шебер бұл өнердің оңай еместігін жасырмайды. Ортеке жасау асығыс­тықты көтермейтін, үлкен сабыр мен дәлдікті талап ететін жұмыс. Әр бөлшек өз орнында, әр салмақ өз теңдігінде болуы керек. Әйтпесе, ағаш теке үнсіз қалады. Ал шебердің қолында ол күймен бірге тіріліп, би билейді.

Бүгінде шебердің қолынан бір текелі де, екі текелі де ортекелер шыққан. Алайда оның ойы мұнымен шектелмейді. Көңілінде әлдеқашан пісіп-жетілген бір үлкен арман бар. Сегіз текеден тұратын тұтас ортеке ком­позициясын жасау. Бұл жай ғана қолөнер туындысы емес, тұнып тұрған сахналық көрініс болмақ.

– Бұрын сегіз текеден құралған ортеке болған дегенді естігем. Сол дүниені қайта тірілткім келеді. Егер сәті түссе, оны шетел­дерге апарып, қазақтың өнерін таныстырсам деймін. Басқа халықтар секілді біздің де ұлттық символымызға айналатын дүниеміз болса, – дейді шебер. Оның бұл арманы – тұтас ұлттық өнерге деген жанашырлықтың көрінісі.

Жәнібек Әмірбеков тек ортекемен ғана шектеліп қалмайды. Оның шеберханасында қазақтың тағы бірқатар көне аспабы қайта «тіл таба» бастаған. Тай-тұяқ, аса таяқ, тоқылдақ секілді ұмыт бола бастаған бұйымдар да оның қолынан жаңаша сипат алып жатыр. Бұл дүниелер де алғашында қарапайым сұраныстан басталған. Кейін әлеуметтік желі арқылы кең таралып, көпшілік назарын аударған. Қазір бұл ұлттық аспаптарға деген қызығушылық артып келеді. 

– Домбыра мен қобыз жасайтындар баршылық. Ал осындай сирек аспаптарға келгенде шеберлер аз. Соған қарамастан, сұраныс көп. Халықтың өз тамырына қайта бет бұрып жатқанын сеземін. Сол жолда өз үлесімді қосып жүргеніме қуанамын, – дейді ол. Шебердің еңбегі тек ағаш жону емес. Бұл ұмыт бола бастаған мұраны қайта тірілту, өткен мен бүгіннің арасын жалғау. Оның қолынан шыққан әрбір ортеке – тарихтың тынысы, ұлттық рухтың жаңғырығы. Осындай жанашыр жандар барда, қазақтың көне өнері қайта түлеп, жаңа ұрпақпен бірге жасай беретіні анық.

Қазақтың көне өнерін қайта жаңғыртып жүрген шебер Жәнібек Әмірбеков үшін ортеке жасау  қолөнер ғана емес, бұл – жан тыныштығы мен ішкі үйлесім­діктің көзі. 

– Ағашпен жұмыс істегенде ерекше тыныштық табамын. Әр жасаған бұйымым маған шабыт беріп, ерекше рахат сыйлайды. Бұл көңілдің тоқтығы, – дейді шебер. Оның айтуынша, ортеке мен асатаяқ бір-бірімен тығыз байланысты өнер түрлері. Екеуі де жеке-дара өмір сүре ал­майды, бірін-бірі толықтырып тұрады. Ал олардың «тілі» домбыраның қоңыр үні. 

– Ортеке домбырасыз толық ашылмайды. Барлығы күйдің ырғағына байланысты. Сон­дықтан бұл өнерде, ең бастысы, шыдам­дылық, – дейді ол.

Жәнібек ұстаз мектепте қызмет еткенімен, осы өнерді үйренуге қызығушылық танытқан шәкірттердің әлі де аз екенін жасырмайды. Дегенмен болашақта бұл бағытқа бет бұратын жастар табылады деген үміті бар. – Үйренемін деген адамға, ең алдымен, текенің басы мен аяқ­тарын жасауды меңгеру керек. Қалғаны бір­тіндеп келе береді, – деп кеңесін бөлісті шебер.

Заманауи технология дамыған заманда бұл өнерді жаңаша бағытта дамыту туралы ой да болған. Алайда шебер оның табиғи болмысын бұзбауды жөн көреді. – Бір кездері астына электр мотор орнатып көрейін бе деп ойладым. Бірақ ол кезде ортекенің қасиеті жоғалады екен. Домбыраның ырғағына сай келмейді. Сондықтан бәрі табиғи қалпында болғаны дұрыс, – дейді ол. Бүгінде ортекеге деген сұ­ра­ныс артып келеді. Әсіресе, музыка пәні мұға­лімдері жиі тапсырыс береді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, шетелден де қызығушылық танытушылар бар. – Қазір еліміздің әр өңірінен сұраныс түсіп жатыр. Тіпті бір тапсырыс Словакиядан келді. Бұл біздің ұлттық өнеріміздің шекарадан асып жатқанын көрсетеді, – дейді шебер. Ұзынағаш­тан түскен ерекше тапсырыс болған, тапсырыс беруші де шебер адам болып, ортекенің астын құрастырмалы етіп жасауды ұсынған. Бұл Жәнібекке жаңа идея беріп, шығармашылығына тың серпін қосқан. – Кейде осы істі қалай бастап, қалай меңгеріп кеткеніме өзім де таң­ғаламын. Бірақ бұл жүрек қалауы, – дейді ол.

Ұлттық өнердің болашағы үшін алаңдайды. «Бұл өнерді сақтау үшін шеберлер көбеюі керек. Сұраныс бар жерде, сапа да болады. Ал жастарға айтарым, ұлттық өнерді дамыту керек. Мұндай дүниелерді ешқандай станок жасай алмайды, бәрі қолдың еңбегімен жасалады. Сондықтан сапалы, мықты дү­ние­лер шығаруға ұмтылу қажет», – дейді ол.

Ұлттық мұраға жанашыр осындай аза­маттардың арқасында ұмыт бола бастаған өнер қайта жаңғырып, жаңа буынға жол тартуда.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы