in

Шәкәрімнің ар ілімі: парасат пен қоғамның үндестігі

Ғалымның пайымдауынша, адамды тек сыртқы заңдармен немесе жазадан қорқыту арқылы түзу жолға салу мүмкін емес, нағыз парасаттылық адамның ішкі дүниесінен туындауы керек. Шәкәрім дүниені танудың үшінші әрі ең басты шарты ретінде «Ар ілімін» атайды.

Қазақтың даналық дүние­сінде Шәкәрім Құдайберді­ұлы­ның мұрасы адам болмысы, ар-ұждан, әділет пен жауап­кер­шілік мәселелерін терең қозға­ған рухани қазына ретінде баға­ланады. Оның асыл ойларының өзегінде адамның өзін тәрбиелеу арқылы қоғамды түзеу идеясы жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, Шәкәрімнің ар ілімі белгілі бір тарихи кезеңмен ғана шекте­летін идея емес. Ол – бүгінгі қо­ғам үшін де маңызын жоғалт­паған рухани бағдар. Әсіресе жас ұрпақтың азаматтық ұста­нымын қалыптастыруда ойшыл мұрасының тәрбиелік мәні зор.

Ұждан – адамдықтың ішкі өлшемі. Ақынның «Үш анық» ең­бегінде ұждан ұғымына ерек­ше мән беріледі. Ойшыл ұж­дан­ды ынсап, әділет және мейірім ұғымдарының бірлігі ретінде қарастырады. Бұл үш қасиет адамның ішкі дүниесін ғана емес, оның қоршаған ортаға және қоғамға деген қарым-қа­тынасын да айқындайды.

Арлы болу жақсы ойлау не­месе жақсы сөз сөйлеумен ғана шектелмейді. Ар адамнан нақты әрекетті талап етеді. Шәкә­рім­нің түсінігінде арлы адам қо­ғамға зиян келтірмей, керісінше, оның дамуына үлес қосуға ұмты­лады. Ар-ұжданы таза адам ғана қоғам алдындағы өз жа­уапкершілігін толық сезінеді. Ынсап – өз ше­гіңді білуге, әді­лет – дұрыс ше­шім қабылдауға, ал мейірім өзге­нің жағдайын түсінуге жетелейді.

Шәкәрім философиясының ерекшелігі де осында. Ол адам­ның рухани дүниесін оның күн­делікті ісінен бөліп қарамайды. Адамның ойы мен әрекеті, сөзі мен ісі бір-біріне сәйкес кел­генде ғана шынайы адамгершілік қалыптасады. «Үш анықтағы» дүниетанымдық жүйе Жара­ту­шы, жан және ұждан мәселе­ле­рін қамти отырып, адамның ру­хани болмысын тұтас қарас­тыруға мүмкіндік береді. Ұждан­ды рухани тірек ретінде бағалау арқылы Шәкәрім адамды өзін үнемі таразылап, өз әрекетіне жауап беруге шақырады.

«Ардың қоғамдық әрекеттегі көрінісі қандай?» деген сұраққа жауапты Шәкәрімнің ар ілімі­нен таба аламыз. Шәкәрім шы­ғармаларында адамдық қасиет­тер жеке-жеке емес, бір-бірімен сабақтас ұғымдар ретінде көрі­неді. Мейірім, әділет, ынсап, адал еңбек – тұлғаның рухани кемелденуіне бастайтын өзара байланысты құндылықтар.

Бұл қағидалардың бүгінгі қоғамдағы көрінісі қандай? Өз міндетін адал орындау, білімге жауапкершілікпен қарау, өзгенің еңбегін бағалау, әділетсіздікке бейжай қарамау, қоғамға пай­далы іске атсалысу – ардың күнделікті өмірдегі нақты көріністері.

Демек, қоғамдық жауапкер­шілік адамның үлкен істерінен ғана байқалмайды. Ол қара­пайым әрекеттерден басталады. Сабаққа жауапкершілікпен қарайтын студент, өз ортасына құрметпен қарайтын жас, қо­ғамдық бастамаға ерікті түрде үлес қосатын азамат – барлығы да ортақ құндылықтардың қа­лыптасуына әсер етеді. Қо­ғам­дық жауапкершілік – мемле­кеттік қызметте, басқару са­ла­сында немесе күнделікті өмірде әділеттілікті бірінші орынға қоюдан көрінеді.

Білім мен парасат қатар жүр­генде не болады? Бүгінгі қоғамға тек кәсіби білімі жоғары маман емес, сол білімін дұрыс мақсатта пайдалана алатын са­налы азамат қажет. Сондықтан кәсіби білім мен рухани-адам­гершілік тәрбиенің қатар жүруі – қазіргі жоғары білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл мәселе, әсіресе, студенттік орта үшін өзекті. Жоғары оқу орны жас адамның маман ретінде ғана емес, тұлға және азамат ретінде қалыптасатын ортасы болуға тиіс. Студенттің қоғамдық өмір­ге араласуы, өз ойын еркін жет­кізуі, әлеуметтік мәселелерге бей­жай қарамауы, шығарма­шы­лықпен айналысуы – оның тұл­ғалық дамуының маңызды бө­лігі. Осы орайда Шәкәрім мұ­расын университет жастарының күнделікті өмірімен байланыс­ты­рудың мәні зор.

Ұлы ойшылдың есімін ие­лен­ген Шәкәрім университеті үшін оның мұрасын білім беру және тәрбие үдерісімен сабақ­тастырудың орны ерекше. Уни­верситеттің студенттік өмірінде шығармашылық, пікірталас, волонтерлік және қоғамдық бағыттағы ұйымдар белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олардың қатарында «Қаракөз» сту­дент­тік-жастар театры, «Шәкәрім шуағы» жастар волонтерлік ұйы­мы, «Парасат» және «Кон­гресс» пікірсайыс клубтары, «Саналы ұрпақ» студенттер қауымдастығы және басқа да жастар бастамалары бар.

Бұл ұйымдардың қызметі студенттердің бос уақытын ұйым­дастырумен ғана шектел­мейді. Олар жастардың шығар­машылық қабілетін дамытуға, сыни ойла­уын қалыптастыруға, пікірін сауатты жеткізуіне және қоғам­дық мәселелерге белсенді арала­суына мүмкіндік береді. Мұндай орта студенттердің бо­йындағы адамгершілік, әді­лет­тілік, еңбек­қорлық пен па­ра­саттылық қа­сиеттерін дамытуға ықпал етеді.

Бүгінгі Шәкәрім универ­си­тетінің маңызды міндетте­рінің бірі – кәсіби білімі терең, ойы сергек, ар-ұяты берік, қо­ғам­ға пайдасын тигізуге ұмты­латын тұлға қалыптастыру. Бұл – за­манның заңғар тұлғасының адам тәрбиесі мен кемелдік туралы тағылымды ойларын қазіргі білім беру кеңістігінде жалғастырудың бір көрінісі.

Ар ілімінің тағы бір маңызды қыры – білім мен адамгер­ші­лік­тің бірлігінде. Білім адамның мүм­кіндігін арттырса, ар сол мүм­кіндікті қалай пайдалануға бағыт береді. Парасатты тұлға білімін жеке пайдасына ғана емес, қоғам­ның игілігіне жұм­сауға ұмтылады. Сондықтан уни­верситет қабыр­ғасында кә­сіби құзырет пен ру­хани-адам­гершілік тәрбиенің қатар жүруі – заман талабы.

Жастардың қоғамға пайдалы істерге белсенді араласуы, әлеу­меттік жобаларға атсалысуы, мәдени іс-шараларды ұйым­дас­тыруы, қоғамдық бастамалар кө­­теруі – азаматтық жауап­кер­шілікті қалыптастыратын ма­ңыз­ды орта. Мұндай ортада жас адам біртіндеп маңызды бір сұ­раққа келеді: «Қоғам маған не бе­реді?» емес, «Мен қоғамға не бере ала­мын?». Бұл – тұлғалық кемелде­ну­дің маңызды көр­сет­кіші. Өйткені жауапкершілік сырт­тан міндеттелетін талап емес, адам­ның ішкі сеніміне айналған кезде ғана нәтижелі болады. Ал ішкі сенімнің не­гі­зінде ар мен ұждан тұрса, аза­мат­тың қоғамдық ұста­нымы да берік қалыптасады. Шәкәрімнің жас­тарға берер тағылымы осында. Ол адамды өз әрекетін саралауға, адалдық пен әділетті таңдауға, ең­бектің қадірін білуге және айна­­ласына пайдасын тигізуге үндейді.

Шәкәрім мұрасын зерттеу арқылы жастар өткенін танып қана қоймай, одан бүгінгі өмірге қажетті тағылым алады. Бұл олар­дың ұлттық құндылықтарды баға­лап, елдік сана мен өзіндік дү­ниетанымын қалыптасты­руы­на жол ашады. Ақын шығарма­шы­лығы арқылы жас ұрпақ қа­зақтың рухани дүниесін, ана ті­­лі­нің қа­дірін, ұлттық мәде­ниет­тің маңы­зын және тарихи жад­тың мәнін тереңірек түсіне алады.

Алайда Шәкәрімді тану оның шығармаларын жаттап алумен аяқталмауы керек. Оның ойларын қазіргі өмірмен байла­ныстыру маңызды. Бүгінгі жас­тар үшін «ұждан», «әділет», «ын­сап», «мейірім» ұғымдары нақты әрекетпен өлшенуге тиіс.

Ар-ұжданның адам өмірін­дегі мәні ең алдымен оның күн­делікті ісі мен жауапкершілігінен көрінеді. Сондықтан жастар бі­лім алуды, еңбек етуді, өзгені құрметтеуді, қоғамдық іске үлес қосуды және ел болашағына бейжай қарамауды азаматтық жауапкершіліктің маңызды көрінісі ретінде түсінуі керек. Осындай қарапайым қағидалар азаматтық мәдениетті қалып­тастырады.

Шәкәрімнің ар ілімі адам мен қоғамды бір-бірінен бөліп қарамайды. Арлы адам ең алды­мен өзіне жауап береді. Ал өзіне жауапкершілікпен қарай алған адам қоғам алдындағы міндетін де сезіне бастайды. Сондықтан парасат пен қоғамдық жауап­кер­шілік – бір-бірін толықты­ра­тын ұғымдар. Парасат адамға дұрыс жолды таңдауға көмек­тес­се, жауапкершілік сол таң­дау­ды нақты іске айналдырады.

Егер әрбір жеке тұлға өз бо­йында «Ар ілімін» орнықтырса, қоғамда қылмыс, жемқорлық және әділетсіздік азая түсер еді. Өйткені қоғамдық тәртіптің бе­рік негізі – сыртқы бақылау ғана емес, адамның ішкі жауап­кер­шілігі мен ар-ұяты. Шәкә­рім­нің ар ілімін жас ұрпақтың санасына сіңіру – өткенді құр­меттеудің ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершіліктің де көрінісі. Арлы ұрпақ – парасат­ты қоғам­ның негізі. Ал пара­сат­ты қоғам­ның болашағы білімді ғана емес, адамгершілігі биік, ар-ұяты жо­ға­ры азаматтардың қолында.

Нәзигүл ҒАЗИЗОВА,

Шәкәрім университетінің

ғылыми қызметкері,

ПҒА академигі