in

Хроникадан – болашаққа

Іс-шараға мәдениет саласының өкілдері, деректі фильмнің түсіру тобы, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті мен Мақсұт Нәрікбаев университетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Кинолекторийдің басты мақсаты – тарихи-танымдық деректі контентті көпшілікке кеңінен насихаттау, сондай-ақ Қазақстанның заманауи тарихы мен өңірлердің дамуын көрерменге қолжетімді форматта ұсыну.

Көрсетілім басталар алдында сөз алған Президент Те­лерадиокешенінің Деректі кино орталығының дирек­торы Ақылбек Шалжанов кинолекторийдің маңызына тоқталды.

– «Хроникадан – болашаққа» атты кинолекторий жобасы Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналады. Деректі кино орталығы Мемлекет басшысының қызметі, өңірлердің дамуы, қарапайым адамдардың еңбегі мен қоғамдық-саяси тақырыптарды қамтитын контент әзірлейді. Кинолекторий атауы да кездейсоқ таңдалған жоқ. Хроника – өткен оқиғаның камераға таспаланып, тарих ретінде сақталуы. Біз тәуелсіз Қазақстанның жылнамасын жүргізуді жалғастыра береміз. Бұл жоба тек фильм көрсетумен шектелмей, көрерменмен кездесіп, ой бөлісіп, пікір алмасуға мүмкіндік береді, – деді ол. 

Фильм көрсетілімінен кейін сөз алған Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров фильм түсірілген Қаратерең ауылы туралы айтып, туындыдан алған әсерін бөлісті. Фильм кейіпкері Күнтуған Тұрғанбаевтың еңбекқорлығы мен өмірге деген оптимистік көзқарасын да ерекше атап өтті. Айтуынша, балықшының кәсібі, өмірге көзқарасы мен монологы арқылы теңіздің бүгінгі ахуалы бейнеленген. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта Президент Телерадиокешенінің 30-дан астам авторлық деректі фильмі еліміздің 20 қаласында көрсетіледі. Ау­қымды кинолекторий барлық облыс орталығын қамтып, 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.

А.МЕРЕКЕҚЫЗЫ