Оның дәлелі – рухани кеңістіктер. Бүгінде көпұлтты қоғамның бірлігін айқындайтын осындай орталықтардың қатарында театрлар, мәдениет үйлері, этностық өнер ұжымдары мен түрлі шығармашылық алаңдар жұмыс істеп жатыр. Мұнда әр халық өз болмысын сақтай отырып, өзге мәдениеттермен еркін араласып, бірін-бірі байыта түседі.
Өмірде де, өнерде де бір шаңырақ астында
Бүгінде Қазақстанда төрт этностық театр жұмыс істейді. Олар – ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары. Айта кетерлігі, неміс, ұйғыр және корей театрлары 2017 жылы академиялық мәртебеге ие болған. Ұйғыр және корей театрларының тарихы 90 жылдан асса, неміс театры былтыр 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл театрлар Кеңес Одағы кезеңіндегі жаппай депортациялар нәтижесінде Қазақстанда пайда болған. Депортацияланған халықтар үшін қазақ жері жаңа отанға айналып, бүгінде олардың ұрпақтары өсіп-өркендеп келеді. Сондықтан олардың мәдени болмысын өнер арқылы сақтау аса маңызды.
Ал Өзбек драма театрының ашылғанына 25 жылға жуық уақыт болды. Бірақ көрші ұлттың мәдени ошағы елімізде іргесін ғасыр бұрын қалаған. Қазақстандағы «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Икрам Хашимжанов архивтік зерттеулерінде өзбек театрының алғашқы белгілері Шымкентте 1924 жылдың өзінде-ақ пайда болғанын анықтаған. «Ол кезде театр біртұтас құрылым ретінде емес, зауыттар мен фабрикалар жанындағы шағын театр студиялары түрінде жұмыс істеген. Бұл ұжымдар орыс және қазақ труппаларымен қатар, жұмысшылардың ауыр еңбек күнінен кейінгі бос уақытын мазмұнды өткізу үшін құрылған. Уақыт өте келе бұл студиялар бірігіп, облыс аумағындағы колхоздар мен совхоздарға гастрольдік сапармен шығуға қабілетті болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген әртістер Қызыл Армия қатарына шақырылып, олардың бірқатары ғана майданнан оралды. Сиреген ұжым кейін Қызылордаға көшірілді. Ал Шымкент тұрғындары үшін бұл алыс болғандықтан, театр іс жүзінде өз жұмысын тоқтатты» делінген зерттеушінің еңбегінде.
Түрлі халық өкілдеріне есігі әрқашан айқара ашық болатын театрдың бірі – республикалық академиялық неміс драма театры. Театр ұжымы миссиясын Қазақстандағы неміс рухани мәдениетінің орталығы болу деп түсінеді. Бұл – неміс тілін, әдебиетін және мәдени дәстүрлерін сақтау әрі насихаттау, сондай-ақ «Возрождение» мәдени орталықтарымен өзара ықпалдастық орнатуды мақсат етеді. Театр өз жобалары арқылы елдегі неміс қауымдастығының мәдени жадын сақтауға және дамытуға ықпал етеді. Республикалық академиялық неміс драма театрының бас режиссері әрі көркемдік жетекшісі Наташа Дубс театрдың негізгі бағытының бірі – қазақстандық драматургияны дамыту екенін айтты. Театр жас авторлармен белсенді жұмыс істеп, Алматыдағы «ОЛША» ашық әдебиет мектебімен ынтымақтастық орнатады және сахнасында қазіргі қазақстандық драматургтердің пьесалары бойынша қойылымдар ұсынады. Бұдан бөлек, Неміс театры қазақстандық көрерменді заманауи еуропалық театрмен таныстыруды мақсат етеді. Бұл бағытта Германия да жетекші рөл атқаратын елдің бірі. Театр сондай-ақ өзін әріптестікке ашық кеңістік ретінде танытып, музейлермен, ақындармен, суретшілермен, музыканттармен және заманауи өнердің түрлі бағыттағы өкілдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырады.
– Қазақстандағы қазіргі Неміс театрының тарихы – көпұлтты ортада өмір сүретін, үнемі дамып отыратын тірі организмнің тарихы. Бүгінгі театр ұжымы көптілді әрі көпұлтты және бұл ішкі көпқырлылық спектакльдердің көркем тіліне, тақырыптық мазмұнына және энергетикасына тікелей әсер етеді. Театр Қазақстанда өмір сүретін халықтардың мәдени кодтарын табиғи түрде бойына сіңіреді, ең алдымен – қазақ мәдениетін. Бұл әрі тақырыптар мен сюжеттерде, әрі сахналық тілде көрініс табады. Репертуарда тек неміс мәдени дәстүріне ғана емес, жергілікті контекстпен диалогқа негізделген қойылымдар да бар. Олардың қатарында Гузель Яхинаның «Дети мои» романы бойынша «Волгакиндер», қазақстандық жазушы әрі публицист Герольд Бельгердің шығармалары негізіндегі «Маленький король», Әннәс Бағдаттың пьесасы бойынша «Рух. На земле» спектакль-лекциясы және Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қарагөз» шығармасы бар, – деді театрдың көркемдік жетекшісі Наташа Дубс.
Осылайша, еуропалық театр формасын сақтауға ұмтылғанымен, Қазақстандағы Неміс театры бүгінде мәдени синтез кеңістігіне айналған. Мұнда неміс, қазақ және орыс дәстүрлері бір-біріне қарсы қойылмай, керісінше өзара байытып, бірегей көркем тіл қалыптастырады.
Бір ғасырлық тарихы бар Ұйғыр музыкалық комедия театрының репертуарында қазақ, өзбек, татар, қырғыз, әзербайжан қаламгерлерінің шығармаларынан бастап, Уильям Шекспир, Жан-Батист Мольер, Лопе де Вега, Карло Гольдони, Николай Гоголь, Шыңғыс Айтматов секілді әлемдік классиктердің туындыларына дейінгі қойылымдар бар. Театр ұжымы Қазақстан мәдениетін халықаралық деңгейде танытуда да белсенді. Театр әртүрлі фестивальдер мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ел өнерінің дамуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Сондай-ақ елімізде 9 орыс драма театры бар. Олар Астана, Көкшетау, Тараз, Орал, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Петропавл және Шымкент қалаларында орналасқан. Қысқасы, Қазақстандағы этностық театрлар – тек мәдени мұраны сақтаушы ғана емес, шығармашылық ізденістер алаңы. Олар көрерменге жаңа қойылымдар ұсынып, елдегі мәдени әртүрлілікті сақтауға үлес қосып келеді.
Бірлікке үндеген үнпарақ
Қазақстанда жарыққа шығатын шетелдік 13 басылым бар. Vatan халықаралық әзербайжан газеті, «Коре Ильбо» республикалық кәріс газеті, «Жийина курд» республикалық күрд газеті, AHISKA Түрік этномәдени орталығының газеті «Сайрам садоси» мен «Жанубий Қозоғистон» өзбек газеттері сияқты тағы басқа басылымдар бір шаңырақ астында ұйып отырған халықтардың достығы туралы түрлі мақалалар жариялап, оларды ынтымыққа, бірлікке шақыруда елеулі үлес қосып келеді. Осындай медиа объектінің бірі – «Уйғур авази» республикалық қоғамдық-саяси газеті 1957 жылдан бастап Алматы қаласында шыға бастады. Газеттің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ершат Асматовтың айтуынша, басылым әрқашанда Қазақстан халқының бірлігі мен достығының нығаюына өз үлесін қосып келеді. Басылым бетінде қазақ халқынан бастап, елде өмір сүретін барлық этнос өкілінің әдет-ғұрпы, дәстүрі мен ұлттық құндылықтары туралы материалдар тұрақты беріледі. Ұйғыр халқы өкілдерінің басқа этностар арасындағы дос-құрбылары, әріптестері, тамыр-туыстарымен достық байланыстары, құдалық қатынастары туралы күнделікті өмірден алынған мысалдар арқылы жазылған мақалалар да редакция ұжымының назарынан тыс қалмайды.
– Бүгінгі күнде жалпыұлттық бірлікті және қазақстандық патриотизмді насихаттауда масс-медианың маңызы зор екендігі бәрімізге белгілі. Бұл тұрғыдан «Уйғур авази» басылымы өзіне жүктелген міндетті жемісті атқарып келеді деп сенімді түрде айта аламын. Мемлекеттік саясатты, стратегиялық бағдарламаларды, Президент тапсырмаларын насихаттау және оларды жүзеге асыру жолындағы іс-қимылдарды жариялау, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың өзекті проблемалары және оларды шешу жолдары, әртүрлі саланың тыныс-тіршілігі туралы жазу газеттің негізгі жұмысы болып есептеледі. Қазақстандай көпұлтты мемлекетке татулық пен бірлік ауадай қажет. Газет мазмұны жағынан заман талабына сай күрт өзгерді. Қазақ халқы мен түрлі этностардың танымал тұлғаларымен сұхбаттар, әдеби шығармаларының аудармалары, әдет-ғұрып және салт-дәстүрлері туралы, қазақстандық патриотизм, мемлекеттік тіл рұхындағы мақалалар жарияланады, – деді Е.Асматов.
«Ahıska–Ахыска» газеті – Қазақстандағы Түрік этномәдени орталығының халықаралық басылымы және Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жарық көреді. Басылым 2000 жылдан бері түрік, қазақ және орыс тілдерінде шығады. Бүгінде елімізде оқырман қолына тиетін «Ahıska–Ахыска» газеті Қазақстанның барлық өңірлеріне ғана емес, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Украина, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия елдеріне де таралады. Газетті қоғамның әртүрлі өкілдері оқиды. «Мемлекеттік және түрік тілдері сабақтары», «Қазақстан жаңалықтары», «Түркия жаңалықтары», «спорт», «тарих» сынды тұрақты айдарларынан бөлек, бірқатар негізгі бағыты бар: ұлтаралық келісім мен достықты нығайтуға бағытталған материалдар; Түрік этномәдени орталығының жұмысы; Қазақстан–Түркия арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту; диаспора өкілдері туралы материалдар жиі жарияланып отырады. Мәселен, соңғы нөмірінде түрік ұлты оқушылары арасында қазақ тілінен облыстық олимпиада өткені туралы жазылып: «Жастар арасында қазақ тілін насихаттау – еліміздің болашағына қосылған үлес. Біз түрік ұлтының балалары мемлекеттік тілді белсенді меңгеріп, жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін мақтан тұтамыз» деген ұйымдастырушылардың сөзі басылды. Бұл – халықтар арасындағы өзара түсіністік пен жақындасуды айқындайды. Яғни, мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылған өзге этнос жастарының белсенділігін байқауға болады. Қысқасы, осы айтылғанның барлығы Қазақстандағы халықтар достығының нақты мазмұнға ие екенін көрсетеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ