in

Таласбек Әсемқұлов атындағы күйшілер байқауының жеңімпазы анықталды

Күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов атындағы күйшілер байқауы мен әдебиет саласындағы «Таласбек сыйлығының» жеңімпаздары белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Биыл әдебиет саласындағы «Таласбек сыйлығын» ақын Тоқтарәлі Таңжарық иеленді. 

Ақынның үздік деп танылған «Сен осы қалада жүрген секілдісің» өлеңі жайында мәдениеттанушы, Таласбек Әсемқұловтың жары Зира Наурызбаева өз ойын айтты. «Таласбектің бір сөзі бар еді: қаламгер жетіліп төрт сатыдан өтеді: 1. Нашар және қарапайым (оңай); 2. Нашар және күрделі; 3. Жақсы және күрделі;  4. Жақсы және қарапайым (оңай). Тоқтарәлінің өлеңі осы төртінші сатыға шыққан, бір романның жүгін арқалаған дүние», – деді Зира Жетібайқызы.

Күй байқауы екі кезеңнен өтті. Бірінші кезең онлайн форматта өтіп, негізгі іріктеу жасалды. Ақтық сынға (екінші кезеңге) үш үміткер қатысты. Ұйымдастырушылардың шешімі бойынша, екінші кезең өзгеше форматта өткізілді. 

Үміткерлердің күйлері шертілмес бұрын оның аңызы айтылды. Бұл жиналған қауымның күйді түсіну үшін арнайы жасалды. Сондықтан байқау лекция-концерт ретінде қабылданып, тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді.

Байқаудың нәтижесінде бірінші орын Алматыдан келген Ілияс Тұрсынбекке бұйырды. Екінші орынды алматылық Арман Жаныбеков иеленсе, 3-орынды астаналық 7-сынып оқушысы Қайролла Сұңқар алды. Барлық жеңімпаздарға арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Кеш соңында Қазақ Ұлттық өнер университеті ректорының міндетін атқарушы Раушан Нұртаза, күйші Сәрсенғали Жүзбай, Ардаби Мәулет пікір айтып,  дәстүрлі «Таласбек сыйлығына» сәттілік тіледі.

Рүстем НҮРКЕНОВ