in

Табиғатқа жанашыр басылым

Себебі ғылым мен білімге негізделген ақпарат – ой-өрісті шыңдап, дүниетанымды тереңдететіні сөзсіз. Осындай мазмұнды, деректі әрі сапалы контент ұсынатын National Geographic Qazaqstan журналы биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Осы уақыт ішінде басылым табиғат, ғылым, тарих және қоғам тақырыптарын кеңінен қамтып келеді. Журнал оқырманның әлемді тануына, зерделі қоғам қалыптастыруға үлес қосты. Айшықты мерейтойы аясында танымдық журнал алғаш рет өз елшілерін (амбассадорларын) жариялады. Марапаттау рәсімі Nazarbayev University-де өтті.

National Geographic жур­на­лының 1,5 ғасырға жуық тарихы бар. 1888 жылы АҚШ-та 33 ғалымның бастамасымен жарық көр­ген бұл басылым уақыт өте келе әлем­дік деңгейдегі беделді журнал­ға айналды. Бүгінде ол 60-тан ас­там елде таралып, 38 тілде жа­рия­ла­нады. Солардың қатарында қа­зақ тілі де бар. National Geog­raphic Qazaqstan журналы – ТМД кеңіс­тігіндегі осы брендті иеленген жалғыз басылым. Әлем­­дік бренд­тердің ішінде ал­ғаш­­қылардың бірі болып қазақша сөй­леген де – осы басылым. Та­ным­дық журнал ар­хео­логиядан бас­тап, ғарыштық зерттеуге дейінгі бар­лық тақырып­ты қамтиды.

Сапалы контент саналы қоғам қалыптастырады

Іс-шара барысында National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Ша­ға­лақ басылым жүзеге асырып жат­қан жобаларға кеңінен тоқталып, олардың мазмұны мен маңызын атап өтті. Айтуынша, журналдың бас­ты миссиясы – әлемнің ға­­­жайып­тарын халыққа таныта оты­рып, табиғатты қорғау мен сақтауға қо­ғамды жұмылдыру. Сонымен қа­тар халықаралық деңгейдегі ғы­лыми-зерттеу материалдарын отан­­дық оқырманға жеткізіп, қа­зақ­стандық ғалымдардың бәсе­кеге қа­білетті жоба­ла­рын жаһандық ау­ди­то­рия­ға та­ныту мін­де­тін ар­қа­лай­ды.

– Осы уақытқа дейін Батыс жә­не Оң­­түстік өңірлерде 100-ге жуық семи­нар өт­кіздік. Бұл кез­­де­су­­лердің бас­ты мақ­саты – оқу­шы­­ларды қайт­сек ғы­лымға қы­зық­­­ты­ра­­мыз деген сауал­­­­­­­­дың жауабын табу, олар­­дың зерттеушілік қа­бі­ле­тін дамыту. Екінші бағы­ты­мыз – журнал фото­көр­мелері. Бұл арқы­лы жастар мен студент­тердің ара­­­­­­­сы­нан бола­шақ халық­аралық стан­дартқа сай кәсіби фотог­раф­тар­дың шығуына ықпал етуді мақ­сат етеміз. Үшін­ші­ден, тұрақты түр­де фотоэкс­пе­диция­лар ұйым­дас­тыра­мыз. Оның негізгі мақсаты – туризмді наси­хат­тау, еліміздің көрікті жерлерін халыққа кеңінен таныстыру және ішкі туризмді дамыту. Фотоэкспе­дициялар, бір жағынан, журнал­дың фотоқорын толықтырып, Қа­­з­ақстанның тұмса та­биғатын көр­сететін құнды дерек­қордың қа­­лыптасуына негіз болып отыр, – деді Айбын Шаға­лақ.

National Geographic Society бүгінде білім мен мәде­ниет­­ті дамытуға ықпал ететін маңыз­­ды халықаралық платфор­маға айналды. Бұл жоба әлемнің түкпір-түкпірінде қоғамға оң өзгеріс әкеліп жүрген тұлғаларды та­нытуды мақсат етеді. Осыған орай Айбын Шағалақ әлемдік Natio­nal Geographic журналының National Geographic 33 жобасын та­­­ныстырды. Айтуынша, айтулы жо­ба биыл екінші жыл қатарынан сәуір айындағы санын National Geographic 33 бастамасына арнап, із­гі істерімен ерекшеленген аза­мат­тарды кеңінен насихаттап ке­ле­ді.

– Осы жобадан шабыт алған біз­дің редакция,  яғни жергілікті журнал, биыл өзінің 10 жылдығына орай «National Geographic Qazaq­stan ел­шісі» деген құрметті атақ та­ғайын­дауға шешім қабылдады. Өйт­­кені, біздің елімізде де ғы­лым­ды дамытуға, табиғатты қорғауға жә­не қоғамды жақсартуға үлес қо­сып жүрген, істеген ісі мен қыз­меті жаһандық National Geographic 33 рухымен үндесетін азаматтар баршылық. Біз солардың атқарып жүрген ісіне өз құрметімізді білдіре отырып, еңбектеріне ел назарын аударғымыз келді. Бірақ оларды өзі­міз таңдай салмай, халықаралық  National Geographic-тің  бас редак­циясының сараптауына ұсындық. Бас редакциямыз біз ұсынған 7-8 үміт­кердің жұмыстары мен қыз­ме­тін ашық дереккөздер арқылы сараптай келе, ішінен екі адамға биыл жергілікті деңгейде құрмет көр­сетуге кеңес берді, – деді А.Ша­­­­ғалақ.

Сөйтіп, «National Geographic Qazaqstan елшісі» атағы отандық ғы­лымға еңбегі сіңген қазақ­стан­дық екі ғалымға табысталды. Кас­пий итбалығын қорғау бағы­тын­дағы елеулі еңбегімен ерек­­­­шеленген Әсел Тасмағамбетова мен инклю­зивті коммуникацияны дамытуға қосқан үлесі үшін Нұрзада Аман­гел­дінің еңбегі National Geographic-тің пла­не­таны сақтау миссиясымен үндес деп танылып, журналдың арнайы елшісі атанды.

National Geographic Qazaqstan журналын 10 жылдан бері қазақ ті­­лін­де сөйлетіп, оның дамуына елеу­­лі үлес қосып келе жатқан жур­­нал редакторы Еркін Жақы­пов­­тың айтуынша, басылымның басты миссиясы – әлемді, пла­не­таны сақтауға үлес қосу. Осы мақ­сатта әлемнің әр түкпіріндегі зерт­теушілер мен ғалымдарға қолдау көр­сетіліп, өзекті экологиялық және ғылыми тақырыптар тұрақты түр­де көтеріліп келеді. Бүгінде жур­нал 100-ден астам нөмір шы­ға­рып, мыңдаған ғылыми мате­риал­ды баспа және онлайн фор­мат­та оқырманға ұсынып отыр.

– Планетамыз ортақ бол­ған­дық­тан, көтерілетін мәселелер де ор­тақ. Сол себепті әлемдік дең­гей­де жүргізілген ғылыми зерттеулерді қа­зақ тілінде қолжетімді ету – әл­де­қайда тиімді жолдардың бірі. Бұл, ең алдымен, оқырманның функ­ционалдық сауаттылығын арт­тыруға ықпал етеді.

Функционалдық сауат­ты­лық – алынған теориялық білімді күнделікті өмірде қолдана білу қабілеті. Мұндай контент тек ақпарат беріп қана қоймай, саналы таң­дау жасап, сапалы шешім қа­был­дауға жетелейді. Мысалы, қа­зір экожүйелердегі кейбір құбы­лыс­тарды үстірт бағалау дұрыс ше­шімге алып келмеуі мүмкін. Әлем­дік тәжірибеде жануарлар саны күрт артқанда, оларды азайту ұсыныстары болғанымен, ғылыми зерттеулер оның табиғи тепе-тең­дікті сақтауда маңызды рөл ат­қаратынын дәлелдеген. Ай­та­лық, гну антилопасы саны ша­ма­дан тыс көбейген кезде де олар­дың по­пуляция­сын қысқарту ұсы­нылған. Алайда кейінгі ғылыми зерт­теулер бұл көзқарастың қате еке­нін көр­сетті. Ғалымдар анық­та­ғандай, жануарлардың көп болуы эко­жүйе­ге керісінше оң әсер еткен: олар шөпті тықырлап же­гендіктен, күн сәулесінің жерге то­лық түсіп, то­пырақтың құнарлы­­ғы артқан. Сонымен қатар шөп­тің сиреуі ор­ман өрттерінің алдын алуға ық­пал етіп, ағаштар мен құс­тар санының көбеюіне жағдай жа­саған. Сон­дықтан кез келген та­биғи құбы­лыс­қа ғылыми тұрғы­дан баға беріп, сал­мақты шешім қа­былдау маңыз­ды, – дейді Е.Жақыпов. 

«NGQ елшісі» моральдық міндет жүктейді

Бүгінде National Geographic Qazaqstan көптеген оқыр­ман үшін әлемді танып-білудің се­німді дереккөзіне айналды. Осы­лайша, басылым табиғатты қорғау, экологиялық сананы қалыптас­тыру және білімге ұмтылу сынды маңызды құндылықтарды жүйелі түрде насихаттап келеді.  Ғылымға Абай айтқан «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген құш­тар­­лықпен келген жас ғалым­дар­дың бірі, алғашқы марапат иесі – Әсел Тасмағамбетова. Ол – Каспий теңізіндегі жалғыз сүтқоректі Кас­пий итбалығын қорғау мен сақ­тауға бар күш-жігерін жұмсап жүр­­­ген эколог. «Жалпы, итбалық са­ны­­ның азаюы бүкіл теңіз эко­жүйе­­сінің табиғи тепе-теңдігін бұзуы мүмкін», – дейді ол. Небәрі соң­ғы 10 күн ішінде 191 итбалық­тың өлексесі табылғаны туралы ресми ақпарат тарады. Сондықтан бұл түрді сақтау табиғатты қор­ғау­дың және биологиялық әртүр­лі­лікті сақтаудың маңызды бағыт­тарының бірі ретінде ескерілуге тиіс. Негізі, Каспий итбалығы по­­­­­пуляциясының азаю себептерін Орталық Азия экологиялық зерт­теулер институты (CAIER) 2015 жылдан бері жүйелі түрде зерттеп келеді. Осы уақыт аралығында 10 ха­лықаралық экспедиция ұйым­дас­тырылып, оған Әзербайжан, Иран, Ресей, Норвегия, Сауд Ара­биясы, Түрікменстан, Франция және Қазақстан ғалымдары қа­тыс­ты. Соңғы зерттеу нәтижелері Кас­­­пий теңізі экожүйесінің эколо­гиялық дағдарыс жағдайында тұр­ғанын көрсетеді. Су құрамының қыш­қылдануы мен ластануға төзім­діліктің төмендеуі теңіздегі тір­шілікке, әсіресе итбалықтардың денсаулығына тікелей кері әсерін тигі­зіп отыр. CAIER ғалымдары осы бағытта биологиялық негіз­де­ме әзірлеп, нәтижесінде 2020 жы­лы мемлекет деңгейінде Каспий итбалығын қорғау шаралары қолға алынды. Ал 2019 жылы Ақтауда инс­титут базасында Каспий итба­лы­ғын зерттеу және оңалту орта­лы­ғы ашылды. Бұл – Солтүстік Кас­пий өңірінде ветеринариялық көмек көрсетіп, популяцияның жай-күйін бақылаумен айналы­сатын бірегей мекеме.

Халықаралық ветерина­рия­лық хаттамаларды негізге ала отырып, институт мамандары итбалықтарды емдеудің 63 арнайы әдістемесін әзірледі. Орталық жұ­мыс істеген уақыт ішінде 100-ден астам итбалық тексеріліп, оның 70-іне қажетті көмек көрсетілді. 

– Мен үшін National Geog­rap­hic Qazaqstan журналының биылғы жергілікті нұсқасына енуді үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік деп түсінемін. Осындай сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін шы­найы алғысымды білдіремін. Кас­пий итбалығын қорғау жобасы – біз­дің жұмысымыздағы ең ма­­­ңыз­­ды бағыттардың бірі. Бұл са­лада он жыл­дан астам уақыт бойы жүйелі түр­де еңбек етіп келеміз. Осы ара­лық­­та ғылыми экспедициялар ұйым­­­­­­дастырып, кешенді зерттеу­лер жүргізіп, ғылыми базамызды жаңарт­тық. Алайда Каспий теңізі эко­­жүйесінің қазіргі жағдайы күр­де­лі күйінде қалып отыр. Кас­пий ит­балығы популя­цияс­ы­ның аза-юы – алаңдатарлық мәселе. Өйт­кені итбалықтың денсаулығы – теңіздегі экологиялық ахуалдың басты көр­сеткіші. Жыл сайын жа­ғалаудан мыңдаған өлі итба­лықтың табылуы осыны айқын дәлелдейді. Сон­дықтан бұл мара­пат мен үшін екі сезім тудырып отыр: бір жағынан – қуаныш пен ризашылық, екінші жағынан бұл популияция әлі де толық қалпына келмеген. Біздің мақсатымыз ортақ деп санаймын. Бізді табиғат­қа деген жауапкершілік пен жана­шырлық біріктіреді, – деді Әсел Тасмағамбетова.

Сондай-ақ іс-шара барысында Нұр­зада Амангелді инклюзия ба­ғы­­тындағы бірегей жобасын та­ныс­тырды. Әлемде 120-ға жуық ым-ишара тілі бар және қарым-қа­тынас тек қол қимылымен шек­тел­мей, бет әлпеті мен ерін қозға­лы­сына да тікелей байланысты. Зерт­­теуші елімізде бірыңғай ым-ишара тілінің әлі толық қалып­тас­пағанын атап өтті. Қазақ тілі ортақ болғанымен, ым-ишара арқылы түсінісуде ішкі кедергілердің әсе­рінен түрлі нұсқа қалыптасқанын жеткізді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ