Кеш барысында көрермен назарына қазақ және әлемдік сахнада танылған музыкалық қойылымдардан үзінділер ұсынылып, театр әртістері жанды дауыста ән шырқап, хореографиялық қойылымдар мен актерлік шеберліктің үйлесімін көрсетті.
Бағдарламаға театрдың төл туындылары саналатын «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» мюзиклдерімен қатар, әлемге әйгілі Moana, Mamma Mia, Moulin Rouge, Romeo and Juliet, Beauty and the Beast, Notre Dame de Paris, Aladdin, Memphis, Waitress және Hamilton қойылымдарынан үзінділер енді. Сондай-ақ көрермендер Seasons of Love музыкалық нөмірін тыңдады. Әр шығармадағы музыкалық ырғақ, сахналық қозғалыс пен кейіпкерлердің мінезі арқылы мюзикл жанрының сан қырлы ерекшелігі ашылды. Бағдарлама режиссері – Айдар Ақыпбаев, театрдың көркемдік жетекшісі – Есләм Нұртазин.
Бүгінде Astana Musical репертуары жанрлық және тақырыптық жағынан алуан түрлі. Театр сахнасында «Астана – менің махаббатым», балаларға арналған «Ер Төстік», «Жырлайды жүрек», «Мен сағындым…» поэтикалық спектаклі, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклі, Рэй Кунидің «№13» комедиясы, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық перформансы, «Сиқырлы сазды хор-концерт», «Сынақ» драмасы және «COVID-19» перформанс-қойылымы көрерменге ұсынылып келеді. Ал жуырда театр жасанды интеллект тақырыбын арқау еткен «Зейін» мюзиклін сахналады.
Театр шығармашылығындағы маңызды бағыттың бірі – әлемдік музыкалық туындыларды қазақ тілінде сөйлету. Атап айтқанда, Romeo and Juliet және Notre Dame de Paris мюзиклдері алғаш рет қазақ тілінде сахналанып, отандық көрерменге жол тартты. Бұл бастама әлемдік театр мұрасын ұлттық тілде танытуға мүмкіндік берді.
Astana Musical ұжымы отандық сахнамен шектелмей, халықаралық мәдени кеңістікте де өнер көрсетіп жүр. Театр әртүрлі елдің мәдени астаналарында өнер көрсетіп, халықаралық фестивальдарға қатысты. Соның бір дәлелі – «Роза Бағланова» мюзиклінің Оңтүстік Кореяда «Үздік халықаралық мюзикл» атануы.
«Мюзикл әлеміне саяхат» концерті театрдың он жылға жуық шығармашылық жолын, репертуарындағы туындылардың ауқымын және музыкалық театр өнерінің мүмкіндігін бір сахнада тоғыстырды. Әлемдік және отандық шығармалардан құралған бағдарлама көрерменге таныс туындыларды жаңа қырынан тамашалап, мюзикл жанрының көркемдік ерекшелігін сезінуге мүмкіндік берді.
С. БЕГІМБАЙ