in

Лисаков қаласында Құрманғазы оркестрінің «Халық әуені» концерті өтті

Кеше Қостанай облысындағы гастрольдік сапары аясында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі Лисаков қаласындағы мәдениет сарайында өнер көрсетті , – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Концерт Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен ұйымдастырылды.

«Халық әуені» концерттік-гастрольдік жобасы аясындағы рухани кеште көрермендер қазақтың дәстүрлі күй өнерінің үздік туындыларын тыңдап, ұлттық музыка мәдениетінің терең мазмұнымен қауышты.

Концерт бағдарламасында Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Ықылас Дүкенұлы, Дина Нұрпейісова сынды ұлы күйшілердің жауһар шығармалары, халық әндері, Шәмші Қалдаяқов туындылары және әлемдік классикалық шығармалар орындалды.

Оркестрдің кәсіби орындау шеберлігі, сахналық мәдениеті мен ұлттық нақышқа бай репертуары көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.

Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Жеңіс Ысқақова арнайы өнер көрсетті.

«Халық әуені» жобасы Лисаков қаласының тұрғындарына ұлттық өнердің тағылымы мен рухани құндылықтарын насихаттайтын мазмұнды мәдени кеш сыйлады.