in

«Арланбайды»: Ақбота Керімбекова Республика сарайында ән айтқан Мұрат Әбділданы сынға алды

Танымал әнші Ақбота Керімбекова Республика сарайының сахнасында ән салған әуесқой әнші, блогер Мұрат Әбділданы сынға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өнер иесі Республика күніне орай өткен концертте Мұрат Әбділданың ән айтуы сорақылыққа жатады деп есептейді. 

“Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбділда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады. Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында! Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан қарағанда, оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Менің айтарым басқа”, – деп бастады әңгімесін әнші.

Әншінің сөзінше, желі арқылы танылған блогер-әншінің мәдени орында төбе көрсетуі әбестік көрінген.

“Республика сарайының сахнасы Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған. Ол сахнаға шығу үшін бізден мың есе лайық әрі таланттырақ адамдар тағдырын арнады ғой, біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, Өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, зорға шығамыз. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?! Әріптестеріміз де үнсіз отыр. Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей. Арланбайды. Мәдениет саласының ары да, намысы да – сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады”, – деп ренжіді өнер иесі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.