in

Абай мұрасы арқау болған кітап

Мемлекет басшысы өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай Құнанбайұлы мұрасының ұлттық даму үдерісіндегі ерекше рөлін атап өткен болатын. Осы тұрғыда Абай шығармаларындағы рухани-адамгершілік қағидалар қазіргі қоғам үшін өзектілігін жоғалтпайды және тұлғаның жан-жақты дамуына негіз болады. Абайдың қара сөздерінде көрініс тапқан еңбекқорлық, білімге ұмтылу, жауапкершілік және өзін-өзі жетілдіру идеялары жас ұрпақтың қаржылық мінез-құлқын қалыптастыруда маңызды әдіснамалық негіз болып табылады. Абай мұрасындағы тағылымды ойларды бүгінгі заман талаптарымен шебер ұштастырған Бауыржан Ысқақовтың бұл еңбегі қаржы­­лық сауаттылықты тек экономикалық ұғым ретінде емес, тәрбиелік және философиялық мазмұны терең кешенді туынды ретінде дараланады.

Кітап мазмұнында жеке қаржыны жоспарлау, жинақ жасау дағдыларын дамыту, инвестиция негіздерін таныстыру және қаражатты тиімді басқару қағидалары секілді маңызды бағыттар жан-жақты қамтылған.

Сонымен қатар еңбекте практикалық кейстер мен тапсырмалар арқылы қаржылық ойлау қабілетін дамытуға ерекше мән берілген. Кітаптың тағы бір маңызды қыры – ата-аналарға арналған бөлімдердің болуы. Онда отбасылық бюджет құру, балалармен бірлесіп қаржылық мақсаттарды айқындау және ойын элементтері арқылы қаржылық тәрбие беру әдістері ұсынылған. «Балаңның бойындағы қаржылық алыпты оят: Абай ілімі арқылы» кітабының басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің қаржылық сауаттылығын қалыптастыру ісіне Абай ілімінің тағылымдық қуатын енгізу. Еңбекте қаржы әлеміне қатысты негізгі ұғымдар қарапайым да түсінікті тілмен баяндалып, ұлы ойшылдың терең философиялық пайымдарымен үндестіріледі.

Тұсаукесер рәсіміне Шәкәрім университетінің басқарма төрағасы – ректор Думан Орынбеков, Alikhan Bokeikhanov University ректоры Александр Койчубаев, автордың ұстазы Қайнарбек Матеев және Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан қатысып, ізгі лебіздерін білдірді. Автордың ғылыми-оқытушылық қызметінің нәтижесінде алдағы уақытта да қоғам үшін маңызы зор, мазмұнды еңбектер жарық көретініне сенімдіміз.

Ә.МҰХАНБЕТ