in

Мюзикл әлеміне саяхат

Кеш барысында көрермен назарына қа­зақ және әлемдік сахнада танылған музыкалық қойылымдардан үзінділер ұсынылып, театр әр­тіс­тері жанды дауыста ән шырқап, хореография­лық қойылымдар мен актерлік шеберліктің үйлесімін көрсетті.

Бағ­дарламаға театрдың төл туындылары саналатын «Дос­тар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» мю­зикл­дерімен қатар, әлемге әйгілі Moana, Mamma Mia, Moulin Rouge, Romeo and Juliet, Beauty and the Beast, Notre Dame de Paris, Aladdin, Memphis, Waitress және Hamilton қойы­лым­дары­нан үзінділер енді. Сондай-ақ көрермендер Seasons of Love музыкалық нөмірін тыңдады. Әр шығармадағы музы­ка­лық ырғақ, сахналық қозғалыс пен кейіпкерлердің мінезі ар­қылы мюзикл жанрының сан қырлы ерекшелігі ашылды. Бағ­дарлама режиссері – Айдар Ақыпбаев, театрдың көркемдік же­текшісі – Есләм Нұртазин.

Бүгінде Astana Musical репертуары жанрлық және та­қы­рып­тық жағынан алуан түрлі. Театр сахнасында «Астана – ме­нің махаббатым», балаларға арналған «Ер Төстік», «Жырлайды жү­рек», «Мен сағындым…» поэтикалық спектаклі, «Қыз Жі­бек» этно-фольклорлық мюзиклі, Рэй Кунидің «№13» ко­ме­дия­сы, «Шаңырақ» эксперименталды музыкалық пер­фор­ман­сы, «Сиқырлы сазды хор-концерт», «Сынақ» драмасы және «COVID-19» перформанс-қойылымы көрерменге ұсынылып ке­леді. Ал жуырда театр жасанды интеллект тақырыбын арқау ет­кен «Зейін» мюзиклін сахналады.

Театр шығармашылығындағы маңызды бағыттың бірі – әлемдік музыкалық туындыларды қазақ тілінде сөй­ле­ту. Атап айтқанда, Romeo and Juliet және Notre Dame de Paris мю­зиклдері алғаш рет қазақ тілінде сахналанып, отандық кө­рер­менге жол тартты. Бұл бастама әлемдік театр мұрасын ұлт­тық тілде танытуға мүмкіндік берді.

Astana Musical ұжымы отандық сахнамен шектелмей, ха­лықаралық мәдени кеңістікте де өнер көрсетіп жүр. Театр әр­түрлі елдің мәдени астаналарында өнер көрсетіп, халық­аралық фестивальдарға қатысты. Соның бір дәлелі – «Роза Бағланова» мюзиклінің Оңтүстік Кореяда «Үздік халықаралық мю­зикл» атануы.

«Мюзикл әлеміне саяхат» концерті театрдың он жылға жуық шығармашылық жолын, репертуарындағы туынды­лар­дың ауқымын және музыкалық театр өнерінің мүмкіндігін бір сах­нада тоғыстырды. Әлемдік және отандық шығармалардан құрал­ған бағдарлама көрерменге таныс туындыларды жаңа қы­рынан тамашалап, мюзикл жанрының көркемдік ерек­ше­лігін сезінуге мүмкіндік берді.

С. БЕГІМБАЙ