Қызылорда облысының Қармақшы ауданында 9-сынып оқушысы өгей әкесінің 58 жастағы ағасы тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
«Информбюро» бағдарламасының мәліметінше, жасөспірім ер адамның өзіне белгісіз дәрі беріп, ұйықтап қалған сәтін пайдаланғанын айтқан. Қыздың сөзінше, алғашқы оқиға көлікте болған, кейін ер адамның үйінде тағы екі рет қайталанған.
«Қышқыл бір дәрілер болады. Түбінде тұрды, дұрыс араластырмаған. Басым қысып ауырды. Содан төсегіме жаттым да, ұйықтап қалдым. Қасымда жатыр екен. Үстінде майка мен іш киім ғана болды. Азанда тұрғанда астымнан қан ағып, жыныс мүшем қатты ауырды. Ол туралы да ешкімге айтпадым», – дейді жасөспірім.
Оқиғадан хабардар болған қыздың жақындары полицияға арызданған. Бірақ жасөспірімнің айтуынша, анасы істің әрі қарай тергелуіне қарсы болған.
Қазір оқушы екі айдан бері жасөспірімдерді бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Ал нағашы атасы істің жан-жақты әрі әділ тергеліп, кінәлі адамның заң алдында жауап беруін талап етеді.
Полиция аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы негізінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.