in

Қазақстандық студенттер Мәскеудегі халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетті

Мәскеуде 16-24 қараша аралығында ТМД елдері студенттерінің «ГИТИС – Шеберлік сағаты» халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр,  – деп хабарлайды Aikyn.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Фестивальге Қазақстан атынан Жүсіпбек Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері қатысуда.
 
Бағдарлама аясында «Актер өнері» мамандығының үшінші курс студенттері қазақстандық драматург Сая Қасымбектің пьесасы бойынша «Палата» спектаклін сахналады. Қойылым колледж оқытушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Майса Утебаеваның жетекшілігімен дайындалған.
 
Спектакльден кейін ГИТИС студенттері, көрермендер мен жас актерлер қойылымды талқылап, оның көркемдік шешімдері және театр өнеріндегі заманауи тәсілдер жөнінде пікір алмасты.
 
Фестиваль аясында ГИТИС оқытушылары сахна тілі, сахна қозғалысы және актерлік шеберлік бойынша дәріс оқып, шеберлік сабақтарын өткізеді.
 
Қазақстандық студенттердің халықаралық фестивальге қатысуы кәсіби тәжірибе алмасуға, ТМД елдерінің театр мамандарын даярлайтын оқу орындары арасындағы шығармашылық байланысты дамытуға және отандық театр өнерін кеңінен танытуға ықпал етеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.