Жыл басынан бері Астанада осы сипаттағы құқықбұзушылықтарға байланысты алты қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар қала аумағында есірткі жарнамасы бар 200-ден астам жазу анықталған.
Бүгінде есірткі қылмысының алдын алу және заңсыз жарнамалардың таралуына тосқауыл қою құқық қорғау органдары жұмысының маңызды бағыттарының біріне айналды. Әсіресе тұрғын үйлердің қабырғаларына, ғимараттардың қасбеттеріне және қоғамдық орындарға салынатын күмәнді жазулар полицияның жіті назарында. Себебі мұндай жазулар қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіріп қана қоймай, есірткі заттарын заңсыз таратуға арналған ақпараттың көпшілікке қолжетімді болуына жол ашады.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері елорда аумағында есірткі құралдарын жарнамалайтын граффитилерді салудың 200-ден астам дерегі анықталған. Заңсыз жазулар көбіне көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы қабырғаларында, аулаларда және қалалық инфрақұрылым нысандарында кездеседі. Осыған байланысты тәртіп сақшылары мұндай жарнамаларды дер кезінде анықтау, олардың таралуына жол бермеу және заңсыз әрекетке қатысы бар азаматтарды жауапкершілікке тарту бағытындағы жұмыстарды жандандырып отыр.
Әрбір анықталған дерек назардан тыс қалмайды. Полицейлер заңсыз жазулардың қалай пайда болу мән-жайын анықтап, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті іс-шаралар қабылдайды. Сонымен қатар есірткі құралдарын насихаттауға және жарнамалауға қатысы бар адамдарды анықтау жұмыстары да атқарылып жатыр.
Жалпы, қала қабырғаларына рұқсатсыз жазу мәселесі де өзекті болып отыр. Ресми деректерге сүйенсек, жыл басынан бері Астанада ғимараттардың қасбеттері мен қалалық инфрақұрылым нысандарына граффити салудың 800 дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш қоғамдық кеңістіктерді қорғау, қала тазалығын сақтау және тұрғындардың ортақ мүлікке жауапкершілікпен қарау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін көрсетеді.
Мамандардың назарында әсіресе тұрғын алаптар, халық көп шоғырланатын қоғамдық орындар мен қаланың инфрақұрылымдық нысандары бар. Мұндай аумақтардағы бақылауды күшейту заңсыз жазуларды ерте анықтауға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Есірткі жарнамасының қаупі – оның сырттай қарағанда қарапайым жазу немесе сурет түрінде көрінуінде. Алайда мұндай белгілердің астарында заңсыз әрекеттерге бағыттайтын ақпарат болуы мүмкін. Сондықтан полиция қызметкерлері бұл мәселеге тек қала келбетін бұзатын әрекет ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатердің бірі ретінде назар аударып отыр.
Бұл ретте құқық қорғау органдары алдын алу шараларының маңызына да ерекше мән береді. Есірткі құралдарының заңсыз айналымына қарсы күрес тек қылмыс жасалғаннан кейін тиісті шара қолданумен шектелмеуге тиіс. Құқықбұзушылыққа ықпал ететін жағдайларды дер кезінде анықтау, заңсыз жарнаманың таралу арналарына тосқауыл қою және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру да маңызды.
Полиция департаменті есірткі құралдарын жарнамалау мен насихаттау, сондай-ақ бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Сондықтан қоғамдық орындарға заңсыз жазу немесе есірткі жарнамасын орналастыру жай ғана тәртіпбұзушылық емес, заң аясында қаралатын әрекет екенін ұмытпаған жөн.
Елордада жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылуда. Аталған қағидаттың негізгі мәні – қоғамда заңға құрмет қалыптастыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан алғанда, есірткі жарнамасына қарсы күрес қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың маңызды бөлігі саналады.
Дегенмен қаланың қауіпсіздігі мен тазалығын сақтау тек полиция қызметкерлерінің міндеті емес. Бұл іске тұрғындардың да белсенді қатысуы қажет. Әсіресе көпқабатты үйлердің қабырғаларында, балалар алаңдарында немесе қоғамдық орындарда күмәнді жазуларды байқаған азаматтардың тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы құқықбұзушылықтардың жолын кесуге септігін тигізеді.
Осыған байланысты Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындарды заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауға шақырады. Есірткі жарнамасы бар жазулар немесе өзге де құқықбұзушылықтар анықталған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға болады.
Қоғамдық қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Есірткі жарнамасының таралуына тосқауыл қою, қаланың тазалығы мен тәртібін сақтау және өскелең ұрпақты зиянды әрекеттерден қорғау – ортақ міндет. Сондықтан заңсыздыққа көз жұма қарамай, дер кезінде әрекет ету қауіпсіз әрі тәртіпті қоғам қалыптастырудың маңызды алғышарты болмақ.
Айна ХАСАН