Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тыңдап болып, осындай ойға келдік. «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталған бұл құжаттағы бізді аталмыш ойға жетелеген мына жолдар болды: «Жалпы, кез келген реформаны іске асыру үшін заңдарды жетілдіру, саяси институттарды нығайту жеткіліксіз. Ең алдымен, сана жаңғыруға тиіс».
Өткір айтылса да, талассыз ақиқат! Кез келген күрмеуі көп мәселені еңсеру үшін оның шешімі де кешенді болуы керек. Сонда ол шешімдер тіпті күтпеген жерден жеміс беруі бек мүмкін. Бұл сөздеріміз «Жолдауға – қолдау» сипатындағы қызыл сөздің қыздырмасы емес, нақты өз тәжірибемізге, керек десеңіз, көпжылдық тәжірибемізге сүйеніп жасалып отырған тұжырым…
Тәуелсіз Қазақстан тарихында қатарына осынша адамды қабылдап, оларға тәлім-тәрбие беріп және сол үдерісті 25 жыл бойы жаңылмай жалғастырып келе жатқан ұйым кемде-кем. Тіпті болған да жоқ десек, ақиқаттың ауылынан алыс кетпейміз. Әлбетте, біз қоғамдық институттар тарапын айтып отырмыз. Ендеше оны тек «Жайдарман» ойындары деп, яғни жастардың көңіл көтеру, әзіл-оспақ сайысы ғана емес, Қазақстан жастарының басын біріктіріп отырған бірден-бір қозғалыс десек, тағы да артық айтты демессіздер…
Қатысушыларының негізін 12 мен 35 жас аралығындағы қазақстандықтар құрайтын қозғалыстың жалпы базасында үш жарым мыңға жуық команда тіркелген болса, орталық маусымның өзіне жыл сайын 200-250 команда, яғни екі мыңнан астам белсенді жас қатысады.
Қазір республикалық деңгейдегі бес негізгі лигамыз жұмыс істейді: Jaidarman Junior, Qazaqstan CUP, Ұлттық лига, Super Liga Almaty және Jaidarman TOP. Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларын толық қамтитын 150-ге жуық жергілікті лига мен өкілдік бар. Жалпы алғанда, қазір елімізде «Жайдарман» қозғалысына тікелей не жанама қатысы бар үш жарым мыңға жуық команданың 35 мыңдай мүшесі бар.
Ал олардың әрқайсысы дерлік өз кезегінде көпшілік алдында сөйлеуге машықтанады, сахна мәдениетін меңгереді, сценарий жазу негіздеріне дағдыланады, топпен, яки ұжыммен жұмыс істеуді үйренеді, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытады, одан қалса, талғаммен киініп, талғаусыз тұтынудан арылады. Ал бұл – біздің ұтарымыз, бүгінгі еңбек нарығы сұрап отырған кадрлар бойынан талап етілетін негізгі қарым-қабілет.
Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы Тамыз конференциясында: «Заман талабына сай бәсекеге қабілетті болу үшін терең біліммен қатар икемді дағдылар да өте маңызды», – деп, заманауи ұрпақты тәрбиелеудің негізгі бағдарлары ретінде айқындап берген еді.
Ілгеріде, әңгіме басында, кез келген тыңғылықты да табанды істің күтпеген «жемістерін» де беріп жататынын тілге тиек еткен едік. Көзі қарақты оқырман куә, бүгінгі әлемде ең қымбат ресурс – мұнай не алтын емес, адами капитал мен креативті ойлау қабілеті. Әлемді «әбігерге» салып жатқан жасанды интеллект – сол креативті ойлаудың жемісі. Ал креатив дегеніміз шығармашылық сөзінің заманауи нұсқасы ғой. Ендеше түртіп алыңыз: «жайдарманшылар» (бұрынғы, қазіргі, мүмкін болашақ) – отандық креативті индустрияның локомотиві.
Естеріңізде ме, «қазақ кинематографиясы қашан дамиды, қашанғы жұрттың қаңсығын таңсық қылып отырамыз?!», «интернетті ашсаң, қазақшадан басқасының бәрі бар?!» деген сияқты сұрақтар осыдан он жыл бұрын өте өзекті еді. Ал қазір ше?! Қазақ кинотуындылары шетелдік бәсекелестерін елден түгел ысырып тастады десек болады. Алғашқы миллиардтық касса жинаған фильмдер, алғашқы миллиондық көрермен жинаған картиналар және тағы басқа қазақ киноиндустриясының рекордын жаңартқан жаңалықтар – «жайдарманшылар» еңбегі.
Сеніңіз, сенбеңіз, еліміздің киноиндустриясы, отандық телеарналар, YouTube және digital-платформалардағы ең көп қаралым жинайтын, экономикалық тұрғыда табысты жобалардың басым бөлігі – осы «Жайдарман» (КВН) қозғалысы шекпенінен шыққандардың еңбегі.
Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов, Нұртас Адамбай, Дәурен Айдарқұлов, Марат Оралғазин, Еркебұлан Мырзабек, Қанат Әлжапбаров, Ақболат Өтебай, Нұрсұлтан Үсенов… бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Кезінде сахнада «әкәку» деп жүрген осы жігіттер бүгінде үлкен продюсерлік орталықтар ашып, отандық кино нарығын қалыптастырып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл креативті индустрияға қосылған елеулі үлес, ел экономикасына келтірілген нақты пайда емес пе?!
Мақтанғанымыз емес, жиырма бес жыл өмірімізді арнаған істің ауқымы бүгінде республика шеңберінен әлдеқашан асып кетті. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркиядан арнайы келіп қатысып жүрген командалар «Жайдарманды» қазақ тілі мен мәдениетін тарататын «жұмсақ күшке» айналдырды.
Алайда сыртқа ықпал ететіндей мұндай «жұмсақ күштің» негізгі тірегі де, қайнар көзі де өзіміздің ішкі әлеуетіміз. Ұлттық брендті халықаралық деңгейге көтеріп жүргендер – бөтен емес, өзіміздің қаракөздер. Шалғай ауылдар мен шағын қалалардан шыққан қарапайым қазақ баласы осы алаң арқылы өзіне деген сенімін оятады, шетелге кетпей-ақ өз елінде маман ретінде қалыптасуға болатынын түсінеді. Бұл да болса біздің қозғалыстың діттеген мақсатының бірінің орындалғанының айқын дәлелі.
Қорыта айтар болсақ, бұл Жолдаудағы «Ұлттық қор есебінен ел экономикасын ынталандыру», «шағын және микробизнесті тексеруге мораторий жариялау», «инфрақұрылымды қаржыландыру», «Жаңа Азаматтық кодексті жасақтау», «әлеуметтік төлемдерді реформалау» секілді көтерілген бастамалар мен берілген тапсырмалар – еліміздің әр азаматының, яғни миллиондардың өміріне өзгеріс әкелетін тектоникалық өзгерістер деп бағамдаймыз өз басымыз. Ал олардың жүзеге асуы үшін Президент атап өткендей, тек заң талабының өзгеруі немесе жоғарыдан бұйрық түсуі жеткіліксіз, бұл өзгерістердің орын алуы үшін оның басқасында өзіміз жүруіміз керек.
«Әрекет түбі – берекет» деген халқымыз. Сондықтан мейлінше ширақ болып, отаншыл азамат екенімізді жасампаз істермен көрсету аса маңызды» деді өз сөзінде Мемлекет басшысы. Біз – «жайдарманшылар» – бірер жыл емес, ондаған жыл қатарынан «отаншыл азамат» деген осы бір биік мәртебенің үдесінен шығуға талпынып келе жатқан, талпына да бермек қозғалыспыз! Өйткені Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқан «сананы жаңғыртуға» жылдар бойғы табанды еңбек керек екенін тұла бойымызбен һәм түпсанамызбен тұтастай түсінеміз.
Есен ЕЛЕУКЕН,
«Жайдарман» қозғалысының жетекшісі