in

Баллонның бәрі бақылауда болады

Бұл ретте елде негізінен тозы­ғы жеткен 900 мыңдай баллон айналымда жүр. Қайғылы оқи­ғалар қайталана бермеуі үшін ТЖМ өз шараларын қабылда­ған, өзгеріс шамалы. Енді Энергетика министрлігі төл реформа­сын бастады. Оның бастамасы несімен ерекшеленеді және қандай өзгерістерді қарастырады?

Жарылысқа жеткізген жүйесіздік

Тұрмыстық газ баллон­дары­ның қауіп­сіздігі – жылдар бойы қор­даланған, әрбір қайғылы оқиғадан кейін қайта-қайта күн тәртібіне шығатын мә­селе. Жергілікті ат­қарушы органдардың мә­ліметінше, қа­зіргі кезде ел аумағында кө­лемі 27 және 50 литр болатын 875-900 мың­нан астам тұр­мыстық газ баллоны ай­налымда жүр. Олардың едәуір бөлігі кө­нерген: осыдан 40-50 жыл бұрын өн­ді­ріл­ген. Демек, қа­зіргі тұрмыста пайда­ла­ны­­латын газ құ­ты­ларының біразы нор­ма­тив­тік қызмет мер­зімін әлдеқашан түгес­кен. 

Бірақ мамандардың түсіндіруінше, қа­рапайым бұқараға төнген қауіптің үл­ке­ні тек жабдықтың ескіргенінде емес, оның әрқайсысының нақты жай-күйін жайып салатын сенімді деректің жоғында. Яғни өзекті, ағымдағы статистиканы тіпті құзырлы органдар да жете біле бермейді. Мұ­ның соңы ел қабырғасын қайыстырған қай­ғылы оқиғаларға соқтырады. Ресми мә­лімет бойынша 2023 жылы тұрмыстық газ баллондарына байланысты 128 жа­ры­лыс тіркеліп, 167 адам зардап шекті, 21 адам қаза тапты.

2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың бірінші жартысында да Тө­тенше жағдайлар министрлігінің тұрғын үй­лер мен қоғамдық тамақтану орын­да­рын­дағы оқыс оқиғалар туралы хабарлары то­ластамады. Соның ішіндегі ең ауыры 2026 жылғы 26 ақпанда елді дүрліктірді: Щу­чинск қаласында болған зұлмат ж­а­ры­лыс­тан 11 адам мерт болды.  

Мәселенің түп-тамырына үңілсек, Қа­­зақстанда газдандыру деңгейі 2025 жыл­­дың қорытындысы бойынша 60 пайыз­­дан асқанымен, ауылдық елді ме­кен­дерде, қалалардың бірқатар ауда­ны­н­да, қаптаған саяжайларда, шағын кәсіп­кер­лік нысандарында баллондық газбен қам­ту әлі де маңызды рөл атқарады. Энер­­гетика министрлігі мамандарының пайым­дауынша, қолданыстағы бал­лон­дар­дың нақты саны мен техникалық жағ­дайы жөнінде толық мәліметтің болмауы қауіп­сіздік шараларын жоспарлауды қиын­датады. 

Есеп жоқта есендік жоқ

Саланы ретке келтіріп, тәртіп орнату мақ­сатында Энергетика министрлігі тұр­мыстық баллондарға толтырып сатылатын сұйытылған мұнай газын таңбалауды және қадағалауды енгізбек. ЭМ Сұйытыл­ған мұнай газы басқармасының бас сарап­шы­сы Әсел Жақыпованың айтуынша, мін­детті таңбалау жүйесі еліміздегі тұр­мы­с­тық баллондардың қауіпсіздігін қатаң қам­тамасыз ету үшін қажет. Бұл бастама ал­дымен республиканың барлық өңі­рін­дегі әрбір газ баллонының нақты санын, оның қозғалысын және ішіндегі газ көле­мін түгелдей бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық есеп жүйесін қалып­тас­тыруды көздейді. 

Сонымен қатар жарамсыз, норматив­тік мерзімін өткерген немесе техникалық сынақтан өтпеген қауіпті баллондарды ай­налымнан түпкілікті шығару арқылы аза­маттардың өмірі мен денсаулығына тө­нетін қатерді сейілту басты назарда тұр. Бұ­дан бөлек, жаңа реформа сұйытылған мұ­най газының заңсыз айналымын азай­тып, арнайы жабдықталмаған орындарда, соның ішінде автокөліктерге газ құю стан­саларында баллондарды заңсыз тол­тыру әрекеттеріне түбегейлі тосқауыл қой­мақ. Нарықтың ашықтығын артты­рып, көлеңкелі нарықпен күресті күшей­тіп, адал кәсіпкерлер үшін тең бәсекелестік ортасын қалыптастыру және бизнес үшін тауар айналымы туралы есеп беру проце­сін айтарлықтай жеңілдету де осы жоба­ның басты міндетінің бірі. 

Мұның сыртында саланы тиімді ба­қылау мен нақты жоспарлау үшін тұтыны­ла­тын газ көлемі туралы жедел ақпарат алып, толтырылған газ баллондарының қай­да бағытталғанын қадағалап, оның ор­натылатын мекенжайын қатаң тіркеу мін­дет. Сонда әрбір әкімдік пен жергілікті тө­тенше жағдай мекемелері нақты қай үй­дің және ғимараттың газды осындай күй­де қолданатынын нақты білетін бо­ла­ды. Әйтпесе, мамандардың мәліметі бойын­ша «тілсіз жаумен» күреске аттанған өрт сөндірушілер нысанда газ баллон­да­ры­ның бар-жоғын алдын ала біле алмай, ба­сын қатерге тігуге мәжбүр. Мемлекет те елдегі сұйытылған газды тұтыну көлемін же­дел бақылап, саланы жоспарлау мен рет­теуде нақты деректерге сүйене алады. Яғ­ни таңбалау – жай ғана баллонға белгі жап­сыру емес, былыққан, бейберекет на­рықты бақыланатын жүйеге айналдыру­ға талпыныс.

Тұрмыстық баллондағы сұйытылған мұ­най газына міндетті таңбалауды 2026 жыл­дың соңы мен 2027 жылдың басы ара­лығында енгізу жоспарланған. Осы орай­да таңбалау процестерінің бірыңғай ал­горитмі ұсынылып отыр. Ол бірнеше не­гізгі кезеңді қамтиды. Біріншіден, бал­лон айналымына қатысушылар – газ тол­­тыру пункттері мен стансалары Тауар­ларды таңбалау және қадағалау ақпарат­тық жүйесінде тіркелуге тиіс. 

Екіншіден, олар баллондарға арналған трос­тық пломбалар, сондай-ақ сұйық газ­дың таңбалау кодын басуға қажетті плас­тик пломбалар сияқты шығыс ма­те­риал­дарын сатып алуға тиіс. Үшіншіден, елдегі бар­лық баллон Таңбалау мен қадағалау ақпараттық жүйесінің каталогына ен­гі­зіледі. Әрбір баллонға жеке сәй­кестендіру нө­мірі (ЖСН) тағайындалады. Төртінші қа­дам ретінде қатысушылар сұйытылған газ­дың таңбалау кодтарына тапсырыс бе­руге міндетті. Олардың тапсырысы негі­зін­де оператор кодты генерациялайды жә­­­­не кодтарды арнайы биркаға түсіреді. 

Бесіншіден, газ толтыру барысында бал­лонның сәйкестендіру коды мен газ­дың таңбалау коды өзара байла­ныс­ты­ры­лады, екеуі бір арнада тоғысады. Басқаша айт­қанда, мемлекет қандай баллонға қай жердің газы қанша рет құйылғанын нақты біле алады. Соңында толтырылған баллон тұ­тынушыға табысталып, жүйеде енді тұ­тынушының деректері тіркеледі. Тиі­сін­ше, қандай отбасының немесе бизнес ны­санының баллондағы көгілдір отынды тұ­тынатыны анықталады. Бұрын баллон­ның тарихын анықтау үшін тозған, өше бас­таған зауыттық нөмірге үңілуге немесе қа­ғаз құжатқа жүгінуге тура келсе, жаңа тә­сіл әрбір құтының цифрлық ізін қа­лып­тастыруға бағытталған.

Мұндай алгоритм баллонның өмірлік цик­­лін – зауытта жасаудан және тіркеуге алу­­дан бастап газбен толтыруға, пай­да­лану­ға, айналымнан шығаруға дейінгі ке­зең­дерді бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Дегенмен цифрлық есеп ескі баллон ор­ны­на жаңасын жасамайды, ақаулы жаб­дықты жөндемейді. Оның құндылығы – қауіпті анықтауға, қолданыс мерзімі аяқталған жабдықтың қолданылуын әш­ке­релеуге және жауапкершілікті нақ­ты­лау­ға жағдай жа­сауында. Жүйе тиімділік әкелуі үшін цифрлық таңба есептің тағы бір түрі болып қалмай, күнделікті өндіріс­тік тәртіптің ажы­рамас бөлігіне айналуы қажет.

Сынақ тұрақты талапқа айналмақ

Айта кетер жайт, міндетті таңбалауға бір­ден көшпес бұрын Үкімет былтыр тұр­мыстық баллондарда сатылатын сұйы­тыл­ған мұнай газының таңбалануы мен қа­дағалануы бойынша пилоттық жобаны жү­зеге асырды. Тиісті жоба Энергетика ми­нистрі Ерлан Ақкенженов қол қойған бұй­рық негізінде іске қосылған болатын. Сы­нақ аясында таңбалау кодтарын енгізу тәсілдері, мемлекеттік жүйені қол­да­ныс­тағы бизнес-процестермен интеграциялау жә­не айналымға қатысушылардың опе­ра­циялық қызметіндегі ықтимал өзге­ріс­тер пысықталды. Пилоттық жобаны Энер­гетика, Төтенше жағдайлар ми­нистр­­лік­тері Тауарларды таңбалау мен қа­дағалаудың бірыңғай операторы – Tañba компания­сымен бірлесе жүргізді.

«2025 жылғы 1 шілдеден бастап 31 жел­тоқсанға дейінгі аралықты қамтыған пи­лоттық жобаның нәтижелері аталған те­тікті енгізуге айтарлықтай кедергілердің жоқ екенін көрсетті. Эксперименттер сұйы­тылған мұнай газын тұрмыстық бал­лондарда сататын газ толтыру стансалары (ГТС) мен газ толтыру пункттерінің (ГТП) кәсіпорындарында қатар жүргізілді», – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Осы қорытынды міндетті таңбалауды жап­пай енгізу жөніндегі келесі қадамға не­гіз болмақ. Әйткенмен, пилоттық жо­ба­да «елеулі кедергінің» анықталмауы жүйе­нің барлық өңірде, әртүрлі кәсіпорын жағ­дайында және ұзақ мерзімде тек мінсіз жұмыс істейтінін білдірмейді. Сынақ жаңа тетікті іске асыруға болатынын ғана көр­сет­ті. Ал оның шынайы тиімділігін уа­­қыт пен тәжірибе айқындайды.

Бұған қоса, бизнес қауымдастық бұл са­лада таңбалаудың енгізілуі онсыз да жыл сайын бағасы көтерілетін сұйытылған газ­ды одан сайын қымбаттатып жібере­ті­нін айтып, дабыл қақты. Өйткені бал­лондағы газ­ды негізінен, ауылдағы кедей ха­лық, сондай-ақ дәмхана, наубайхана сияқ­ты шағын бизнес тұтынады. 

Өз кезегінде Энергетика министрлігі таң­балау газды тұрмыстық баллонмен сау­далайтын кәсіпкерлерге қаржылық жүк­теме түсіретінін жасырмады. Атап айт­қанда, кәсіпкерлер баллондарын сәй­кес­тендіруге арналған металл тростық бир­калардың әрқайсысын шамамен 200 тең­геге сатып алуға міндетті. Ары қарай әрбір таңбалау коды түсірілетін пластик бир­каларды 30 теңгеден алады. Жоғалтып ал­са, қайта шығындалады. Бұдан бөлек, бал­лонға газ толтырған сайын сомасы 15 тең­гені (ҚҚС-сыз) құрайтын бақылау-сәй­кестендіру белгісі үшін төлем енгізуге тиіс. Мұның бәрі көгілдір отын құнына қо­сыл­мақ.

Сонымен қатар таңбалау кодтарын ті­ке­лей баллонға басып шығару үшін газ тол­тыру стансалары мен пункттеріне ба­ға­сы ондаған мың теңгеден басталатын, эти­кетка басып шығаратын арнайы прин­тер және басқа қажетті жабдықтар жиын­тығын сатып алуға жеке мамандарын жал­дауға тура келеді. Бұл талаптар бал­лондардың түпкілікті құнының қым­бат­тауына әкеліп соқтырады. Салдарынан мем­лекеттің қолдауынсыз, нарықтағы қауіп­сіздік пен ашықтықты қамтамасыз ету қаржылық шығынға ұрынғалы тұр.

Осыдан кейін де көлеңкелі нарықта заң­сыз толтыру тәжірибесі сақталса, бал­лондардың нақты есебі жүргізілмесе, кө­нелері уақытылы жаңартылмаса және жа­затайым оқиғалардың қаупі төмен­де­месе, «реформаның мақсаты орындалды» деу­ге келмес. Онда таңбалау тек газ баға­сын қым­баттатқан кезекті кесірге айна­ла­ды. 

Бірақ қол қусырып қарап отыру да қауіпті: ескірген баллондар әрі қарай ай­на­лымда қала берсе, олардың қозғалысы мен техникалық жай-күйі тіпті құзырлы ор­гандарға белгісіз болса, алдын алуға бо­латын трагедиялар көбеюі ықтимал. Сон­дықтан қауіпсіздікке бастайтын тың қа­дамдар керек. Мемлекет нарықты қа­зіргі «жабайы» күйінде қалдыра алмайды. Жаңа реформаның шынайы бағасы ен­гізілген кодтар санымен емес, аман қалған адам­дардың өмірімен өлшенбек.

Айхан ШӘРІП