in

«Әділет» фракциясының депутаты Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті

Құрылтай депутаттары Асхат Рахымжанов пен Шолпан Каринова Ақмола облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі еңбек және педагогикалық ұжымдардың өкілдерімен, сондай-ақ Көкшетаудың, Зеренді ауданының және Қосшы қаласының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кездесулер барысында олар Мемлекет Басшысының Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіріп, өңірді дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

Көкшетауда Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов Ш.Уәлиханов атындағы университеттің оқытушыларымен және студенттерімен, сондай-ақ «Тыныс», «Новопэк» кәсіпорындарының қызметкерлерімен кездесті. Зерендіде аудандық өнер мектебінің ұжымымен және Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының педагогтарымен кездесулер өтті.

Кездесу барысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіруге ерекше назар аударылды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтары, білім беру мен денсаулық сақтауды жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, еңбек нарығын дамыту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету талқыланды.

Депутат 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялаудың және өңірлердің сұранысын ескеріп, инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың маңыздылығына жеке тоқталды.

– 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау – әр өңірге әсер ететін және азаматтардың өмір сүру сапасымен тікелей байланысты іргелі бастама. Ақмола облысы үшін бұл ерекше практикалық маңызға ие. Әр ауданның өзіндік инфрақұрылымдық қажеттіліктері бар, құрылыс жоспарларын құру кезінде халықтың нақты сұраныстарын ескеру қажет. Бұл ретте, жаңа нысандарды салуға ғана емес, құрылыс сапасына, іске асыру мерзімдеріне және инфрақұрылымды одан әрі күтіп ұстауға да назар аудару қажет, – деп атап өтті Асхат Рахымжанов.

Құрылтай депутаты Шолпан Каринова Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияда, емханада және қоғамдық мәдени-спорт кешенінде болды. Педагогтермен, медицина қызметкерлерімен және тұрғындармен кездесулер кезінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және экономикалық даму мәселелері қозғалды.

Шолпан Каринова мұндай жиындардың маңызды тұсы Жолдаудың негізгі ережелерін түсіндірумен қатар, халықтан кері байланыс алу екенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесу Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірумен қатар, азаматтардың пікірін тыңдауға, қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған. Өйткені, кез келген бастаманы табысты іске асыру – ортақ жауапкершілік пен бірліктің нәтижесі, – деп атап өтті депутат.

Жұмыс кездесулері депутаттарға жұртшылықты толғандырған өзекті мәселелерімен тікелей танысуға, түрлі сала өкілдерінің ұсыныстарын тыңдауға және мемлекеттік бастамаларды іске асыру жолдарын талқылауға жол ашты.