Егемендіктің іргелі қағидаттарын айқындаған заңды құжат бүгін де мәні мен маңызын жойған жоқ. Республика күні қарсаңында біз Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракцияының мүшесі Үнзила Шапақпен Декларацияның тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастырудағы рөлі және оның конституциялық реформалармен сабақтастығы туралы әңгімелескен едік.
– Егемендік декларациясының еліміздің тәуелсіздік жолындағы тарихи және құқықтық негізін қалыптастырудағы маңызы қандай?
– ҚазССР-дің Мемлекеттiк егемендiк туралы декларациясы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу тарихындағы конституциялық құқықтық маңызды құжаттардың бірі болып саналады. Оның басты тарихи мәні – Қазақстанның мемлекеттік егемендігін жариялап, болашақ тәуелсіз ел ретіндегі саяси және құқықтық негізін қалауында.
Декларация қабылданған кезеңде Қазақстан Кеңес Одағының құрамындағы одақтас республика болатын. Республика өмірінің көптеген маңызды саласы одақтық орталықпен байланысты болды. Осындай жағдайда егемендік туралы декларация қабылдау Қазақстанның өз республикалық мәртебесін айқындауға, ұлттық мүдделерін қорғауға және мемлекеттің дербес даму жолына түсуіне мүмкіндік берді.
Құжатта бірнеше маңызды қағида бекітілді. Біріншіден, Қазақ ССР-і өзін егемен мемлекет деп жариялады. Екіншіден, республиканың аумағы бөлінбейді және қол сұғылмайды деп танылды. Үшіншіден, Қазақстан халқы – егемендіктің бірден-бір иесі әрі мемлекеттік биліктің қайнар көзі ретінде белгіленді.
Сонымен қатар Декларация Қазақстанның өз аумағындағы мемлекеттік билікті дербес жүзеге асыруын, экономикалық және қаржылық жүйесін қалыптастыруын, сыртқы саясатты өз бетінше жүргізуін көздеді. Құжатта республиканың жаңа Конституциясын және егемен мемлекет ретіндегі мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерді әзірлеуге негіз болатыны да көрсетілді.
Декларацияның тағы бір тарихи маңызы – Қазақстанның кеңестік саяси жүйеден тәуелсіз мемлекеттілікке өту үдерісін құқықтық тұрғыдан негіздеуінде. Ол 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға жол ашты.
Осылайша, Егемендік декларациясы Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы алғашқы шешуші құқықтық қадамдардың біріне айналды. Ол республиканың мемлекеттік дербестікке ұмтылысын ресми түрде жариялап, кейінгі конституциялық дамудың негізін қалады.
– Декларация қабылданған кезде Кеңес Одағындағы саяси ахуал қандай еді? Қазақ ССР Жоғарғы Советi елең-алаң тұста республикамыздың дербестігін кеңейту және орталық биліктің өкілеттілігін сақтау мәселесін қалай реттей алды?
– Егемендік декларациясы – Қазақстанның тәуелсіздікке жету жолындағы маңызды саяси-құқықтық құжат. Алайда ол Кеңес Одағынан толық тәуелсіздік жариялаған жоқ. Ол кезеңде Кеңес Одағында одақтас республикалардың дербестігін кеңейту және орталық биліктің өкілеттіктерін сақтау мәселесі өзекті болды. Қазақстан үшін де республиканың мемлекеттік егемендігін нығайту мен Кеңес Одағы құрамындағы бұрынғы саяси-құқықтық байланыстарды сақтау арасындағы тепе-теңдікті анықтау қажет еді. Бір жағынан, Қазақстан өз аумағындағы биліктің дербестігін қамтамасыз етуге, экономикалық және қаржылық жүйесін қалыптастыруға, ұлттық мүдделерін қорғауға ұмтылды. Екінші жағынан, Кеңес Одағы әлі де өмір сүріп тұрғандықтан, республиканың егемендік құқықтарын одақтық құрылыммен үйлестіру мәселесі туындады.
Осы жағдайдағы негізгі мәселе Қазақстанның әлем мемлекеттері арасындағы құқықтық субъектілігіне қатысты болды: республика өз мәселелерін қаншалықты дербес шешеді және одақтық орталықпен қарым-қатынасын қалай реттейді? Декларацияның мазмұны осы мәселелерге құқықтық жауап беруге бағытталды. Құжат Қазақстанның егемендігін жариялап қана қоймай, оның Кеңес Одағы құрамынан еркін шығу құқығын да бекітті. Бұл республиканың егемендікке қарай құқықтық жолмен ілгерілеуіне мүмкіндік берді. Яғни Қазақстан өзінің мемлекеттік дербестігін жариялай отырып, қалыптасқан саяси жағдайды да ескерді.
Демек, Декларацияны қабылдаудың тарихи күрделілігі Қазақстанның егемендігін нығайту қажеттілігі мен Кеңес Одағының сол кездегі саяси-құқықтық құрылымы арасындағы қатынастарды реттеу мәселесімен-ақ айқындалды. Құжат республиканың болашақ тәуелсіздігіне негіз болатын тағдыршешті шешім ретінде қабылданды.
Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында бола тұра егемен мемлекет деп жариялануы сол кезеңдегі егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздік ұғымдарының құқықтық жүктемесімен түсіндіріледі.
Егемендік – мемлекеттің өз аумағында мемлекеттік биліктің үстемдігін қамтамасыз етіп, оны дербес жүзеге асыруын, аумақтық тұтастығын сақтауды және ішкі-сыртқы саясатының негізгі бағыттарын өз бетінше айқындауды білдіретін мемлекеттік-құқықтық мәртебе. Ал мемлекеттік тәуелсіздік – мемлекеттің дербес саяси-құқықтық субъект ретінде өмір сүруін ресми түрде жариялап, өз билігін тәуелсіз жүзеге асыруын білдіреді.
Қазақстан 1990 жылы мемлекеттік егемендігін жариялауы Кеңес Одағынан бірден шығуды білдірген жоқ. Алайда республиканың Кеңес Одағымен қарым-қатынасын бұрынғыдай орталыққа толық тәуелділік негізінде емес, егемендік пен шарттық қатынастар қағидалары негізінде қаралатынын көрсетті. Декларацияда Қазақстан аумағының тұтастығы мен қол сұғылмаушылығы, халықтың мемлекеттік биліктің қайнар көзі екені, республиканың өз азаматтығына ие болуы, экономикалық қызметті дербес жүргізуі сияқты маңызды қағидалар бекітілді. Осы ережелер Қазақстанның мемлекеттік дербестігін құқықтық тұрғыдан нығайтуға бағытталды.
– Мемлекеттiк егемендiк туралы декларация мен 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның арасында қандай құқықтық сабақтастық бар?
– 1990 жылғы Егемендік декларациясы мен 1991 жылғы Тәуелсіздік туралы заң – Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін қалыптастырған өзара сабақтас екі маңызды құжат. Екеуінің де тарихи мәні зор, бірақ қабылдану мақсаты, құқықтық мазмұны және мемлекеттің мәртебесін айқындаудағы қызметі әртүрлі болды.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларациясының негізгі мақсаты Қазақстанның егемендігін жариялап, республиканың дербес дамуының құқықтық негіздерін қалыптастыру болды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке қарай бет алғанын көрсетті. Алайда ол Кеңес Одағынан бірден шығуды білдірген жоқ.
1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның негізгі мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін ресми түрде жариялау және тәуелсіз мемлекеттің құқықтық мәртебесін бекіту болды. Бұл заң Қазақстанның дербес мемлекет ретінде қалыптасуын жаңа кезеңге шығарды. Республика енді өзінің мемлекеттік билігін, ішкі және сыртқы саясатын тәуелсіз жүзеге асыратын мемлекет ретінде жарияланды. Қазақстанның мемлекеттік дербестігі халықаралық аренада жеке субъект ретінде әрекет етуіне негіз болды.
– Декларацияда жарияланған қағидаттар мен саяси ұстанымдар кейінгі Конституцияларда қалай бекітіліп, дамытылды?
– Егемендік декларациясы Қазақстанның мемлекеттік құрылымы мен конституциялық дамуының негізгі бағыттарын айқындады. Оның бірқатар қағидасы кейінгі конституциялық актілерде дамытылып, бүгінгі Конституцияның мазмұнында көрініс тапты.
Бұл сабақтастықты бірнеше негізгі бағыт бойынша қарастыруға болады. Біріншіден, халық егемендігі қағидасы. Декларацияда Қазақстан халқы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік өкімет билігінің негізі деп танылды.
Қазіргі Конституцияның 4-бабына сәйкес Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі. Халық өз билігін республикалық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүзеге асырады. Осы тұрғыдан алғанда, Декларацияда бекітілген халық егемендігі қағидасы Қазақстанның демократиялық және конституциялық дамуының негіздерінің бірі болып саналады.
Екіншіден, мемлекеттік егемендік пен биліктің дербестігі. Декларация Қазақстанның өз аумағындағы мемлекеттік билікті дербес жүзеге асыруын көздеді. Бұл республиканың өз мемлекеттік мүдделеріне сәйкес шешімдер қабылдауына құқықтық негіз қалады.
Қазіргі Конституцияда Қазақстанның егемендігі, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы және оны жүзеге асыру тәртібі бекітілген. Конституцияның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады. Осылайша, Декларацияда жарияланған мемлекеттік дербестік қағидасы бүгінгі конституциялық құрылымның маңызды негізіне айналды.
Үшіншіден, аумақтық тұтастық пен қол сұғылмаушылық. Декларацияда Қазақ ССР-інің территориясы бөлінбейтіні және оған қол сұғылмайтыны, оның келісімінсіз пайдалануға болмайтыны бекітілді. Бұл мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтауға және оның егемендігін қорғауға бағытталған маңызды қағида болды.
Қазіргі Конституцияның 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді. Бұл қағиданың маңызы – елдің аумақтық бірлігін, қауіпсіздігін және мемлекеттік тұрақтылығын қамтамасыз етуінде.
Төртіншіден, экономикалық дербестік. Декларацияда Қазақстанның өз экономикалық және қаржылық жүйесін қалыптастыруға ұмтылысы көрініс тапты. Бұл республиканың экономикалық мәселелерді өз мүддесіне сай шешуіне жол ашты.
Қазіргі Конституцияда меншік қатынастарының құқықтық негіздері, экономикалық қызметтің қағидалары және мемлекеттің экономикалық жүйесіне қатысты ережелер қамтылған. Сонымен қатар Конституцияның 2-бабында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге екендігі бекітілді.
Бесіншіден, сыртқы саясатты дербес жүргізу қағидаты. Декларацияда Қазақ ССР-інің халықаралық қатынастардың дербес субъектiсi болуға, сыртқы саясатты өз мүдделерiне сай белгiлеуге, дипломатиялық және консулдық өкiлдiктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың, оның iшiнде Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға құқығы бар екендігі көрсетілді.
Ал қазіргі Конституцияның 10-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.
Алтыншыдан, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесі. Декларацияда республика аумағында тұратын азаматтарға КСРО Конституциясында және Қазақ КСР Конституциясында көзделген барлық құқық пен бостандыққа кепілдік беріледі.
Ал қазіргі Конституцияның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі көрсетілген. Сонымен қатар Конституцияның II бөлімі тұтастай адамның негізгі құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне арналған.
– Тәуелсіз тарихымыздағы Республика күні болып белгіленген мерекенің ұрпаққа берер сабағы мен идеялық мазмұны туралы айтып беріңізші…
– Одақтас мемлекеттің құрамында болу – халқымыздың тағдырындағы күрделі тарихи кезең. Сол кезеңде ұлттық болмысымызды, тілімізді, елдік санамызды әлсіреткен, өз жерімізде өз тағдырымызды дербес шешу мүмкіндігін шектеген ауыр үдерістерді бастан өткердік. Ұлттық мемлекеттіліктің мазмұны жұтаңдап, елдігімізден айырылып қалу қаупіне де тап болдық.
Сондықтан Республика күнінің ұрпаққа берер сабағын осы тарихи тәжірибемен сабақтастыра түсіндіре аламыз. Азаттыққа ұмтылған халықтың мұратын саяси шешімге, құқықтық құжатқа айналдыра білудің маңызы зор. Егемендік туралы декларация осы жолдағы шешуші қадамдардың бірі болды.
Тәуелсіздікке жету жолында халқымыздың көрген қасіреті де, құрбандығы да бар. Ал одақтық құрсаудан шығуды кеңауқымды қантөгіске ұластырмай, саяси және құқықтық жолмен жүзеге асырудың өзі – кейінгі ұрпақ зерделейтін тарихи сабақ. Бұл ел тағдыры шешілер тұста ұлттық мүддеге беріктікпен қатар парасат, ұстамдылық және құқықтық тетіктерді орнымен қолдану қажет екенін көрсетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ