Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қолдауымен өткен дөңгелек үстелге ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бауырлас елдердің дипломаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында жаңа басылымның ғылыми тұжырымдамасы, әзірлену тарихы мен мазмұндық ерекшеліктері таныстырылды.
Энциклопедияны дайындауға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші атсалысқан. 2021-2025 жылдарды қамтыған жұмыс барысында 4000-нан астам атау мен ұғым қайта зерделеніп, бұрын энциклопедиялық айналымға енбеген тұлғалар, оқиғалар мен жер-су атаулары туралы мақалалар әзірленген. Жалпы көлемі 880 бетті құрайтын екі томдықтың бас редакторы әрі жоба жетекшісі – тарих ғылымдарының докторы, академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты, мәдениет қайраткері Тұрдықұл Шаңбай.
Басылымда Түркістан мен тұтас түркі әлемінің бірнеше мыңжылдық тарихына қатысты мәліметтер жүйеленген. Ежелгі және ортағасырлық тарих, археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фольклор, тарихи тұлғалар мен рухани мұра туралы мақалалар әліпбилік тәртіппен берілген. Тарихи-географиялық карталар, тұлғалардың портреттері, миниатюралар, жаңғыртпа сызбалар мен ескерткіштердің фотосуреттері еңбектің мазмұнын толықтыра түскен. Бұған дейін Түркістанның екі мың жылдығына орай бір томдық «Түркістан» энциклопедиясы жарық көрген еді. Содан бері өңірде де, тұтас түркі әлемінде де елеулі өзгерістер болды. Сондықтан жоба авторлары жаңа басылымға Түркістанның түркі жұртының рухани орталығына айналу жолын, кейінгі жылдардағы ауқымды өзгерістер мен ғылыми жаңалықтарды енгізуге күш салған.
Тұсаукесерде сөз алған Дархан Қыдырәлі жобаның бастауында Мемлекет басшысының түркі өркениетін жаңғырту жөніндегі бастамасы тұрғанын айтты. Айтуынша, энциклопедияның негізгі ұстанымы – Түркістанды туыс халықтардың тарихи тұтастығын танытатын кеңістік ретінде қарастыру. Сондықтан басылымда оның географиялық ауқымымен қатар мәдени, рухани және саяси мәніне де назар аударылған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі кеңесінің 2021 жылғы 31 наурызда өткен саммитінде: «Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамын», – деп атап айтқан еді. Бұл сөз бізге бағдар болды. Түркістан «түркілер елі», «түркілер мекені» деген мағынаны білдіреді. Ол – туыс халықтардың тұтастығын айқындайтын географиялық, мәдени, рухани және саяси кеңістік, өркениеттік матрица. Махмұд Қашғари мың жыл бұрынғы картасында Баласағұн мен Түркістан аймағын әлемнің ортасы ретінде көрсеткен. Фазлуллах ибн Рузбихан «Мехман нама-и Бухара» еңбегінде ғұлама ғалымдардың дүниені бір денеге, Түркістанды оның басына балағанын жазады. Ал Әлішер Науаи Иасыдағы Әзірет Сұлтанды «Түркістан халқының құбыласы» деп сипаттайды. Осы жайтты терең түсінген Мағжанның Түркістанды «Екі дүние есігі», «ер түріктің бесігі» деп жырлаған өлеңін Түркістанның өлеңмен өрілген энциклопедиясы деп бағалауға болады, – деді ғалым.
Энциклопедияда Түркістан өңірімен бірге Орталық Азия, жалпы түркі әлемі, оның терең тарихы, өркениеті мен мәдениеті кеңінен қамтылған. Археологиялық, сәулет мұралары, әдеби, фольклорлық және этнографиялық тақырыптар жүйеленіп, терминдер мен ғылыми-танымдық ұғымдар бір ізге түсірілді.
Жиында сөз сөйлеген Әзербайжандағы «Түркістан» газетінің бас редакторы Агил Джамал да басылымның бауырлас халықтарға ортақ маңызына тоқталды. Оның айтуынша, ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтатын осындай еңбектер түркі жұртының бірін-бірі тереңірек тануына мүмкіндік береді.
– Бүгін Қазақстанның астанасында «Түркістан» энциклопедиясының таныстырылымына қатысу мен үшін ерекше маңызға ие. Бұл энциклопедия – түркі әлемінің ардақты зиялысы, академик Дархан Қыдырәлінің көп жылғы еңбегінің жемісі. Дархан ағаның Халықаралық түркі академиясының президенті қызметін атқарған кезеңдегі еңбегі бүгінде Әзербайжанда, Түркияда және бүкіл түркі әлемінде зор ықыласпен әрі құрметпен еске алынады. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастар президенттеріміздің берік саяси ерік-жігерінің арқасында нығайып келеді. Екі ел де түркі әлемінің ықпалдастығы мен бірлігіне елеулі үлес қосып отыр. Бүгін таныстырылған энциклопедия да осындай қолдау мен қамқорлықтың нәтижесі деп білемін. Құнды тарихи еңбекті әзірлеуге атсалысқан барша азаматқа алғысымды білдіремін. «Түркістан» энциклопедиясы жақын арада әзербайжан тіліне және өзге де түркі елдерінің тілдеріне аударылса деген тілегім бар, – деді Агил Джамал.
Тұсаукесерде Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан энциклопедияны әзірлеуге атсалысқан Тұрдықұл Шаңбай мен Жандос Бәделұлына «Барыс» арнайы белгісін және алғысхат табыстады. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Құрылтай депутаты Диқан Қамзабекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері жаңа еңбек туралы пікір білдірді.
Жиын барысында қос томдықтың лентасы салтанатты түрде қиылды. Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова Әділ Ахметов пен Дархан Қыдырәліні «Түркі мәдениеті мен мұрасының амбассадоры» атағымен марапаттады.
Сымбат БЕГІМБАЙ