Саясатта «топтық психология» деген ұғым бар. Оны алғаш жүйелі зерттегендердің бірі – француз ойшылы Гюстав Лебон. Оның 1895 жылы жарық көрген «Топтың психологиясы» атты еңбегінде көпшілік ортасындағы адамның мінез-құлқы өзгеріп, жеке жауапкершілік сезімі әлсіреуі, еліктеуге және өзгенің ықпалына берілуі мүмкін екені айтылады. Лебон адам көпшілік арасында жүргенде әдетте өзі жеке-дара қалғанда жасай қоймайтын әрекетке баратынын осылай түсіндіруге тырысқан.
Алайда Лебонның тұжырымын бұлжымас ғылыми ақиқат деп қабылдауға болмайды. Оның топ туралы көзқарастары кейінгі әлеуметтік психологияда елеулі сынға ұшырады. Адам көпшілікке қосылғаны үшін ғана ақылынан айырылмайды. Керісінше, ортақ мақсат, ортақ мүдде, ортақ қауіп адамдарды бұрынғыдан да ұйымшыл әрекет етуге жұмылдыруы мүмкін. Сондықтан көшеге шыққан халықтың бәрін бұзақы санау қаншалықты қате болса, көпшілік жасаған әрбір әрекетті әділетті күрес деп ақтау да соншалықты жаңсақ.
Наразылықтың себебі мен наразылық кезінде жасалған әрекеттің заңдылығы – екі бөлек мәселе. Біріншісін түсіну екіншісін ақтауға негіз бола алмайды. Қазіргі конфликтологияның маңызды ұстанымдарының бірі – осы.
Енді мәселенің тереңіне үңілейік.
Норвегиялық ғалым, бейбітшілік пен қақтығыстарды зерттеудің көрнекті өкілі Йохан Галтунг 1969 жылы жариялаған ғылыми еңбегінде «құрылымдық зорлық» ұғымын кеңінен негіздеді. Оның пайымынша, адамға тікелей күш қолданылмаса да, қоғамдағы әлеуметтік, экономикалық және саяси құрылымдар адамның өмірлік мүмкіндіктерін шектеп, оның толыққанды өмір сүруіне кедергі келтіруі мүмкін. Ал мұның мәні терең.
Айталық, заң жүзінде барлық азамат тең. Бірақ іс жүзінде біреудің мәселесі бір телефон қоңырауымен шешіліп, екінші адамның заңды талабы айлар бойы қараусыз қалса, азаматтың мемлекетке деген сенімі әлсірейді. Біреу еңбегімен көтерілсе, екіншісі таныстықпен төрге озса, қоғамда әділеттілік өлшемі бұзылады. Құқық қағаз жүзінде бар болғанымен, оны қорғаудың нақты мүмкіндігі болмаса, заңның қадірі кетеді.
Галтунгтың теориясы осындай теңсіздіктердің тек жеке адамдардың мінезінен емес, қоғамдық қатынастардың қалыптасқан тәртібінен де туындауы мүмкін екенін түсіндіреді.
Дегенмен қоғамдағы әрбір теңсіздікті бірден құрылымдық зорлыққа жатқызу да ғылыми тұрғыдан дәл болмас еді. Мұнда адамның негізгі қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне келтірілген зиянды, оның себептерін және сол зиянды болдырмаудың нақты жолдарын ажырата білу маңызды.
Әлеуметтік наразылық ең кедей қоғамда немесе тұрмысы төмен адамдар арасында ғана туа бермейді. Америкалық саясаттанушы Тед Роберт Гурр 1970 жылы жарық көрген «Адамдар неге бүлік шығарады?» (Why Men Rebel) атты еңбегінде осы қайшылықты салыстырмалы депривация теориясы арқылы түсіндіруге тырысқан.
Мысалы, кейбір азаматтардың ішер асы, киер киімі бүтін болғанымен, әлеуметтік желілердегі жарқыраған өмірді немесе Голливуд пен корей дорамаларындағы байлардың тұрмысын көріп, өз тіршілігін сүреңсіз әрі әділетсіз деп бағалай бастауы мүмкін. Салдарынан «мен бұдан да артық өмірге лайықты едім ғой» деген ішкі қарсылық күшейеді. Әрине, мұндай салыстырудың бәрі қоғамдық қақтығысқа әкелмейді. Біреуге өзгенің табысы жігер берсе, енді біреуге көңіл толмаушылық туғызады. Айырмашылық – адамның сол игілікке адал еңбекпен, заңды жолмен қол жеткізу мүмкіндігіне қаншалықты сенетінінде.
Осыдан маңызды бір қорытынды шығады: адамдар байлықтың айырмашылығына ғана емес, мүмкіндіктердің әділетсіз бөлінуіне де наразылық білдіреді.
Тағы бір маңызды мәселе – болашаққа деген сенім. Адамның бүгінгі тұрмысы кешегіден жақсы болуы мүмкін. Бірақ ертең жағдайы нашарлайды деп қауіптенсе, қазіргі игілігінің өзі көңіліне медеу бола бермейді. Мұндай жағдайда нақты қиындықпен қатар күтілетін ауыртпашылық та адамның көңіл күйіне әсер етеді. Дегенмен қорқыныштың үдеуі міндетті түрде наразылықтың күшеюіне әкелмейді. Кейде үрей адамды әрекетке жұмылдырса, кейде керісінше дәрменсіздікке ұрындырады.
Мұнда адамның өзгеріс жасау мүмкіндігіне сенуі шешуші рөл атқарады. Сондықтан қоғамның жағдайын бағалағанда жалақының көлемі, инфляция немесе жұмыссыздық көрсеткіштерімен ғана шектелу жеткіліксіз. Азаматтың ертеңгі күнге сенімін, заң алдындағы теңдікті қалай бағалайтынын, мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алатынына қаншалықты иланатынын да зерттеу қажет.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 2024 жылы жарияланған зерттеуінде 30 елдегі азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі зерделенген. Нәтижесінде, сауалнамаға қатысқандардың 39 пайызы ұлттық үкіметке жоғары немесе біршама жоғары деңгейде сенетінін, ал 44 пайызының сенімі төмен немесе мүлдем жоқ екенін білдірген.
Ең назар аударарлығы, мемлекеттік шешімдерге өз пікірім әсер ете алады деп санайтын азаматтар мен мұндай мүмкіндігім жоқ деп есептейтіндердің үкіметке сену деңгейі арасында 47 пайыздық айырмашылық анықталған.
Бұл көрсеткіш азаматтың билікке ықпал ете алатынына сенуі мен мемлекеттік институттарға сенімі арасында тығыз байланыс барын аңғартады. Әрине, мұндай байланыс бір құбылыс екіншісін міндетті түрде туғызады деген сөз емес. Бірақ қоғам үнін естудің саяси маңызын анық көрсетеді. Осыдан келіп:« қоғамдық наразылық қай кезде жаппай қақтығысқа айналады?» деген тағы бір сауал туады.
Британдық зерттеушілер Джон Друри мен Клиффорд Стотттың әлеуметтік сәйкестікке негізделген ұжымдық мінез-құлық жөніндегі еңбектері осы сұраққа жауап іздейді. Олардың зерттеулері көпшіліктің мінез-құлқын жиналған адамдардың жеке психологиялық ерекшеліктерімен ғана түсіндіруге болмайтынын көрсетеді. Адамдардың өздерін кім деп қабылдайтыны, кіммен ортақ мүддесі барын сезінуі, қарсы тараптың әрекетін қалай бағалауы да маңызды. Мәселен, бастапқыда әртүрлі мақсатпен жиналған азаматтар бірдей күдікпен қаралып, бейбіт тұрған адамдар мен заң бұзушылардың арасы ажыратылмаса, көпшілік өзін әділетсіздікке ұшыраған біртұтас топ ретінде қабылдауы мүмкін. Әсіресе құқық қорғау органдарының әрекеті азаматтарға заңсыз немесе орынсыз көрінген жағдайда бұрын бір-бірін танымайтын адамдардың арасында ортақ қарсылық сезімі қалыптасуы ықтимал.
Осы тұста қақтығыстың табиғаты өзгереді. Бастапқыда нақты әлеуметтік талаппен жиналған адамдардың бір бөлігі үшін ендігі мәселе өз талаптарын жеткізу ғана емес, өздерін әділетсіз әрекеттен қорғау болып көрінуі мүмкін. Алайда мұндай өзгеріс барлық жағдайда бола бермейді. Полицияның кәсіби әрекеті, ұйымдастырушылардың жауапкершілігі, келіссөз жүргізу мүмкіндігі және көпшіліктің өз ішіндегі тәртібі шиеленістің бағытын өзгерте алады. Мұндағы ең маңызды қағида – азаматтың әрекетіне топқа қатыстылығына қарап емес, өзінің нақты ісіне қарай баға беру.
Құқық қорғау органдарының міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау екені даусыз. Бірақ тәртіпті қорғаудың өзі де заңдылыққа, қажеттілікке және күш қолданудың мөлшерлестігіне негізделуге тиіс. Сонда ғана қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау бір-біріне қарсы қойылмайды.
Бұл мәселені 2011 жылы Ұлыбританияда болған жаппай тәртіпсіздіктерден де көруге болады. Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебі мен The Guardian басылымы бірлесіп жүргізген Reading the Riots зерттеуінің алғашқы кезеңінде тәртіпсіздікке қатысқан 270 адамнан сұхбат алынған. Кейін полиция қызметкерлері, заңгерлер және оқиғадан зардап шеккен қауым өкілдерімен қосымша жүздеген сұхбат жүргізілді. Зерттеу полицияға деген бұрыннан қалыптасқан наразылықтың, әсіресе азаматтарды тоқтатып, тінту тәжірибесіне қатысты реніштің, тәртіпсіздіктерге қатысу себептерінің бірі болғанын көрсетті. Сонымен бірге оқиғаларға қатысушылардың бәрін бір ғана себеп біріктірмеген. Біреулердің әрекетіне полицияға наразылық әсер етсе, енді біреулердің заңсыз әрекетке баруына пайдакүнемдік пен жазасыз қалу мүмкіндігі ықпал еткен.
Қақтығыстың қалай өршитінін түсіндіретін тағы бір маңызды ғылыми тұжырым бар. Аустриялық конфликтолог Фридрих Глазл қақтығыстың ушығуын тоғыз кезеңге бөліп қарастырған. Оның үлгісінде бастапқы келіспеушілік бірте-бірте өзара сенімсіздікке, қарсы тараптың беделін түсіруге, қоқан-лоқыға, ақырында екі жақтың да ұтылуына әкелетін әрекеттерге әкелуі мүмкін.
Бұл үлгінің ерекшелігі – қақтығыс тереңдеген сайын тараптардың бастапқы мәселені шешуден алыстап, бір-біріне зиян келтіруге көбірек көңіл бөле бастайтынын көрсетуінде. Әуелде дау нақты мәселе төңірегінде жүреді. Кейін мәселенің өзінен гөрі қарсыластың кім екені маңызды бола бастайды. Ақырында қарсы тараптың ұсынысы дұрыс болса да, оны қабылдау жеңіліспен тең көрінуі мүмкін. Меніңше, осы теориядан шығатын ең маңызды сабақ мынау: қақтығысты тоқтатудың ең қолайлы сәті – тараптар бір-бірін әлі жау санап үлгермеген кезең.
Өкінішке қарай, қоғамдық қайшылықтарға дер кезінде назар аударылмаса, кейін оларды шешу әлдеқайда күрделене түседі. Өйткені мәселенің бастапқы себебіне уақыт өте келе қорланған намыс, жоғалған сенім, жиналған өкпе және өзара кінәлау қосылады. Ал мұндай жағдайда тараптар бір-бірінің сөзін тыңдаудан бұрын қарсыласының сөзінен қауіп іздей бастайды.
Осы жерде биліктің де, қоғамның да, ақпарат таратушылардың да жауапкершілігі басталады. Қоғамдық қақтығыстың алдын алу дегеніміз азаматтардың наразылығын тұншықтыру емес. Керісінше, оның себебін анықтап, заңды талаптардың шешілуіне жағдай жасау. Өйткені айтылған наразылық пен еленбеген наразылықтың қоғамдық салдары бірдей емес.
Бірақ мәселенің екінші жағы да бар. Қоғамдағы ашу әрдайым әділет үшін күреске қызмет етпейді! Мұны қатаң ескеруіміз керек.
Кейде әлеуметтік наразылық саяси пайда табудың құралына айналып кетеді. Белгілі бір күштер халықтың шынайы ренішін өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Күрделі қоғамдық мәселелерді қарапайым ұрандарға сыйғызып, бар кінәні бір адамға, бір әлеуметтік топқа немесе бір саяси қарсыласқа артуға ұмтылады. Мұндайда мәселенің шын себебін анықтау кейінге ысырылып, қоғамға жалған жау бейнесі ұсынылады. «Бізбен бірге болмасаң, бізге қарсысың» деген түсінік орнығады.
Бұл – қауіпті құбылыс. Өйткені қоғамдық пікірдің алуандығын жоққа шығарған ортада адамның дербес ұстанымына орын қалмайды. Көпшіліктің талабына қосылмаған азамат күдікке ілінеді. Басқаша ойлаған адам қарсылас саналады. Ақырында адамның өз пікірін еркін білдіру құқығы топтың қысымына тап болады.
Дәл осындай жағдайды біз 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде де байқадық. Көшеде өз бетімен кетіп бара жатқан адамдарды күштеп өз тобына қосқан, жолдарды жауып, көліктерді тоқтатып, азаматтарды өз еркінен тыс шерушілер қатарына тартқан топтар болды. Мұндай әрекетті қоғамдық белсенділікпен де, азаматтық еркіндікпен де ақтауға болмайды.
Адамның өз еркімен наразылық білдіруге құқығы қандай болса, оған қатыспауға да дәл сондай құқығы бар. Әділетті талап етеміз деп жүріп өзгенің таңдау еркіндігін аяққа басу – сол әділеттің өзіне қиянат жасау. Бұл жерде біз қоғамдық наразылықтың заңдылығы мен топтық әрекеттің қауіптілігін ажырата білуіміз керек.
Топтық сана дегеніміз адамдардың көптігі емес. Ол – жеке жауапкершіліктің көмескіленіп, топтық қысымның күшеюі, өзгенің құқығын елемеу, күш көрсетуді ақтауға бейімділік. Дегенмен мұндай мінез-құлықты көпшілікке жиналған адамдардың бәріне телу қате. Топ ішінде де адамгершілік өлшемін сақтайтын, зорлық-зомбылыққа қарсы тұратын, өзгелерді сабырға шақыратын азаматтар болады. Сондықтан адамды топтың бір бөлігі деп танудың өлшемі оның қай жерде тұрғаны емес, қандай әрекетке барғаны болуы керек.
Қазіргі әлеуметтік желілер бұл мәселені бұрынғыдан да күрделендірді.
Бүгінде ақпараттың шынайылығы анықталмай жатып қоғамдық айыптау басталады. Бір оқиғаның қысқаша бейнеүзіндісі тұтас жағдайдың дәлелі ретінде ұсынылады. Адамның іс-әрекетінен бұрын оның шыққан тегі, тілі, әлеуметтік мәртебесі немесе саяси көзқарасы талқыға түседі. Алгоритмдер мен ақпараттық ортаның ерекшеліктері адамның бұрыннан қалыптасқан пікірін қуаттайтын мазмұнды жиі көруіне ықпал етуі мүмкін. Мұндай жағдайда қарсы тараптың дәлелін тыңдаудан гөрі өз ұстанымын бекіте түсу оңайырақ. Дегенмен әлеуметтік желілерді қоғамдық қақтығыстың жалғыз себебі деуге болмайды. Олар азаматтардың ұйымдасуына, заңсыздықтарды жария етуіне, шынайы ақпараттың таралуына да мүмкіндік береді. Мәселе технологияның өзінде емес, оны пайдалану тәсілінде, ақпараттың сапасында және қоғамның сыни ойлау қабілетінде.
Ақпараттық кеңістікте бір қауіпті үрдіс бар: адам өз пікірінің дұрыстығын дәлелдің салмағымен емес, оны қолдаушылардың санымен өлшей бастайды. Көпшілік қолдаған пікірдің бәрі ақиқат емес. Сол сияқты көпшілікке ұнамаған пікірдің бәрі жалған емес.
Ақиқат дауыс санымен анықталмайды. Егер қоғам осы қарапайым өлшемнен айырылса, қоғамдық пікірталас ақиқатты іздеудің емес, қарсыласты жеңудің құралына айналады. Мұның салдары ауыр. Ең алдымен, адамдардың бір-біріне деген сенімі әлсірейді. Одан кейін мемлекеттік институттардың әділдігіне күмән көбейеді. Азаматтар заңды жолмен мәселе шешуге болатынына сенуден қалады. Қоғам ортақ мүддені іздейтін азаматтардан гөрі бір-біріне күдікпен қарайтын топтарға жіктеле бастайды.
Осындай ортада арандату оңайлайды. Өйткені сенім азайған жерде күдік тез тарайды, ал күдік үстемдік құрған қоғамда жалған ақпараттың өзі шындықтай қабылдануы мүмкін. Бірақ бұл тұста тағы бір маңызды мәселені ұмытпауымыз керек. Қоғамдағы сенімсіздіктің бәрін азаматтардың теріс пиғылынан, сыртқы ықпалдан немесе ақпараттық арандатудан іздеу дұрыс емес. Кейде сенімсіздік мемлекеттік институттардың өз міндетін тиісінше атқармауынан да туындайды.
Егер азамат соттан әділдік таппаса, мемлекеттік органнан уәжді жауап алмаса, заңның біреуге қатаң, біреуге жұмсақ қолданылатынын көрсе, оның көңілінде күмән пайда болуы заңды. Мұндай күмәнді жалаң үгітпен сейілту қиын. Сенім сөзбен ғана қалыптаспайды. Ол күнделікті тәжірибемен орнығады. Азамат заңның өзіне де, лауазымды адамға да бірдей қолданылатынын көргенде, арызы әділ қаралғанда, пікірі ескерілгенде ғана мемлекеттік институттарға деген сенімі беки түседі. Сондықтан қоғамдық тұрақтылықты тек қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету мүмкін емес. Тәртіп қажет. Заңның үстемдігі қажет. Құқық қорғау органдарының кәсібилігі қажет. Бірақ мұның бәрі әділ сотпен, ашық басқарумен, азаматтардың заңды құқықтарын қорғаумен ұштасқанда ғана ұзақмерзімді нәтижеге жеткізеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт», «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» сияқты қағидаттардың қоғамдық мәнін де осы тұрғыдан бағалауымыз керек.
Олардың әрқайсысы қоғамдық қатынастардың белгілі бір қырына қатысты. «Заң мен тәртіп» – құқықтың үстемдігіне, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – азамат пен билік арасындағы кері байланысты күшейтуге, «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» пікір алуандығы жағдайында қоғамдық бірлікті сақтауға бағытталған.
Ал «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидаты мемлекеттік институттардың өзара жауапкершілігі мен тиімділігін арттыруды көздейді. «Адал азамат» пен «Таза Қазақстан» бастамалары азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық мәдениетті нығайтуға үндейді.
Әрине, кез келген маңызды тұжырымдама болса да, оның шынайы құндылығы жарияланған мақсатымен ғана өлшенбейді. Ол күнделікті өмірде қалай жүзеге асып жатқанына, азаматтардың құқығы мен мүмкіндіктеріне қандай нақты өзгеріс әкелгеніне қарай бағаланады. Өйткені мемлекетке деген сенім әділ шешімнің нәтижесінде қалыптасады.
Дәл осы жерде қоғамның өз жауапкершілігі де басталады. Әділетті талап ету – азаматтың конституциялық құқығы. Бейбіт жиналу, пікір білдіру – құқықтық қоғамның табиғи көріністері. Бірақ әділеттің атын жамылып, жазықсыз адамға қиянат жасауды, өзгенің еркіндігін шектеуді, мүлкіне қол сұғуды немесе күш қолдануды ештеңемен ақтауға болмайды. Бір адамның құқығын қорғау екінші адамның құқығын таптауға негіз болмауы керек. Меніңше, біздің қоғам үшін ең маңызды сабақтың бірі – осы.
Біз қоғамдық келісімді барлық адамның бірдей ойлауымен шатастырмауымыз қажет. Қоғамда көзқарас та, мүдде де, талап та әртүрлі болады. Бұл – қалыпты жағдай. Қауіптісі – айырмашылықтың өзі емес, сол айырмашылықты жаулыққа айналдыру.
Келіспеушілік әрдайым қақтығыс емес. Сын айту мемлекетке қарсы шығу емес. Ал қоғамдық тәртіпті сақтау азаматтың үнін өшіру деген сөз емес.
Кемел қоғамның сипаты – қайшылықтарды өркениетті жолмен шеше алуында. Осы тұрғыдан қарағанда, халық пен топтық әрекеттің арасындағы айырмашылықты да дұрыс түсінген жөн.
Ерқанат КӨПЖАСАРҰЛЫ,
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі,
журналист