Жалпы, 2019-2025 жылдары сыртқы сауда айналымы 47,8 млрд долларға немесе 49,7 пайызға ұлғайған. Осы аралықта отандық тауар экспорты 21,3 млрд долларға көбейіп, 36,9 пайыз өсім көрсетті. Импорт та 26,5 млрд долларға немесе 69 пайызға артқан.
Ең бастысы, экономикамыз сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, өз жолынан жаңылған жоқ. Мысалы, жаһандық пандемия кесірінен сауда көлемі 96,1 млрд доллардан 85,0 млрд долларға дейін төмендеп кеткен еді. Алайда 2021 жылы экономика қайта жанданып, сауда көлемі 102 млрд долларға жуықтады. 2022 жылы логистикалық бағыттарды қайта құрудың арқасында 134,4 млрд долларға дейін көтерілді. Қарқынды өсім кейін де жалғасып, 2023 жылы 139,8 млрд, 2024 жылы 141,4 млрд доллар болды. Былтыр сыртқы сауда айналымы 143,9 млрд-тық тарихи межені бағындырды.
Әрине, мұндай нәтижеге мемлекеттік саясатпен бірге әлемдік нарықтағы бағаның құбылуы, өндіріс көлемі, халықаралық логистиканың өзгеруі де әсер етті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен бойда сыртқы сауданы дамытып, экспортты әртараптандырып, отандық өнімді шетел нарықтарына шығаруды негізгі басымдықтар ретінде айқындады. Үкіметке шикізаттық модельден бас тарту, өңделген өнім экспортын молайту және экспорттаушыларға бір терезе қағидатымен қолдау көрсету міндеті жүктелді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне үңілсек, сыртқы сауданың 47,8 млрд долларға өсуіне бірнеше фактор септескен. 2019 жылы Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 64,2 доллар болса, 2022-2024 жылдары геосаяси жағдайға байланысты 80-100 доллар төңірегінде ауытқып тұрды. 2025 жылы орта есеппен 75-82 доллар шамасында сақталды. Сондай-ақ мыс, уран, астық сияқты тауарлардың әлемдік нарықтағы бағасы да сыртқы сауда түсімін жақсартты. Бұған өндірістегі өрлеу қосылып, жалпы сауда айналымының өсуіне жағдай жасалды.
Экспорт құрылымында мұнай мен мұнай өнімдері көш бастағанымен, олардың жалпы экспорттағы үлесі 2019 жылғы 62-64 пайыздан 2025 жылы 50,5 пайызға дейін азайды. Яғни экспорттық қоржында басқа да тауарлар көбейіп келеді. QazTrade пен Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өңделген өнім экспорты 2019 жылғы 15,5 млрд доллардан 2025 жылы 41,0 млрд долларға дейін ұлғайған. Осы орайда металлургия, химия өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп салаларының үлесі жоғары. Тазартылған мыс, ферроқорытпалар, ауыл шаруашылығы өнімдері, өсімдік майы, ұн тәрізді тауарлар экспорт әлеуетін күшейте түсті.
Импорт көлемі де 2019 жылғы 38,4 млрд доллардан 2025 жылы 64,9 млрд долларға жетіп, 69 пайызға артты. Оның басым бөлігін машина жасау өнімдері, көлік құралдары, өндірістік жабдықтар, дәрі-дәрмек өнімдері һәм тұтыну тауарлары құрайды.
Қазақстанның сыртқы сауда жағрапиясында Азия мен Еуропа нарықтары айрықша рөл атқарады. Әсіресе Қытайдың жалпы сыртқы сауда айналымындағы үлесі 2019 жылғы 15 пайыздан 2025 жылы 23,7 пайызға дейін өсті. Еуроодақ елдері де қазақстандық экспорттың ауқымды бір бағыты саналады. Ондағы Италия, Нидерланд, Франциямен энергетикалық сауда байланыстары ерекше маңызды.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі – Ресей. Былтыр екі мемлекет арасындағы өзара сауда көлемі 27,4 млрд долларды маңайлады. Бірақ жалпы сыртқы сауда айналымындағы Ресейдің үлесі 2025 жылы 19 пайызға дейін төмендеген. 2019 жылғы 21 пайыз еді.
Қазақстанның Орталық Азиядағы орны да бөлек. Үкімет ұсынған деректерге сүйенсек, аймақтағы жиынтық сыртқы сауда айналымының 51 пайызы бізге тиесілі. Өйткені Орталық Азия елдерінің жалпы сыртқы сауда көлемі 270-280 млрд доллар деңгейінде бағаланады.
Өңірдегі өзге мемлекеттердің көрсеткішіне тоқталсақ, Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы – 62-65 млрд доллар, Түрікменстандікі – 20-22 млрд доллар, Қырғызстандікі – 15-17 млрд доллар, Тәжікстандікі 8-9 млрд доллар делінеді. Өз кезегінде Қазақстан осылардың бәрін басып озып, Орталық Азиядағы ең ірі сауда хабына айналып отыр.
Е.НҰРЕКЕШ