in

Медиабілім ұрпақты ізгілікке баулиды – Перизат Сейітқазы

Кезекті кейіпкеріміз – сол іргелі ғылымға ғұмырын арнап, тың тақырыпты тереңдете зерттеп, оны жаңа бағыт ретінде қалыптастыруға салмақты үлес қосып келе жатқан ғалым. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат СЕЙІТҚАЗЫМЕН сәті түскен сұхбатымыз рухани-танымдық әңгімеден басталды.

– Перизат Байтешқызы, әуел бастағы мамандығыңыз бойынша географ-биолог екен­сіз. Педагогика саласына қалай бет бұрдыңыз? 

– Оқушы кезімде екі ма­ман­дыққа қатты қызықтым. Бірінші, мұғалім болғым келді. Екін­ші, журналистикаға ықы­ла­сым ерекше ауды. Алайда екінші таңдауымды, яғни жур­на­лист мамандығын  ата-анам қыз балаға қол емес деп, қол­дай қоймады. Ол кезде кітаптан бас алмайтынбыз ғой, бірде қолы­ма жазушы Зейін Шаш­киннің «Доктор Дарханов» атты романы түсті, ол кітапта ас­пиранттардың өмірін баян­дайтын тұсы бар еді. Аталған  шығарманы оқығаннан кейін, «Аспиранттардың өмірі қалай болады екен?» деген cауал туын­дады. Сол қызығушылық ғылым жолына бастау болаты­нын, әрине, ол кезде білген жоқ­пын. Сөйтіп, Қазақ мем­ле­кеттік қыздар педагогикалық институтының «география-биология пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түстім. Болашақ мұғалімдерге педа­гогика пәні терең оқытыла­тыны белгілі. 2-курста сабақ бер­ген оқытушым Айгүл апай қабілетімді байқаған болуы керек, педагогикаға бейімдеп, студенттер арасында өткізі­летін әртүрлі ғылыми іс-шара­ға қа­тыстырды. Өзім де  инсти­тут­тың қоғамдық өміріне бел­сенді араласа бастадым. 2-курстан бастап факультеттің жастар ұйымын басқардым. Оқу орнын тәмамдаған жылы институт басшылығы тарапы­нан жоғары оқу орны жастар ұйымының жетекшілігімен қатар педаго­гика кафедра­сында сабақ беру ұсынылды. Сөйтіп,  сабақ бер­ген оқыту­шыларыммен әріптес болып шыға келдім. Еңбекке араласа жүріп ізденуші ретінде ғылым­мен айналысуға мүмкін­дік туды. Ғылыми жетекшім, қазақ әйелдерінен шыққан тұңғыш педагогика ғылымда­рының докторы, академик Күләш Құнантайқызы маған «Баспа­сөз­де, «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде білім, тәрбие мә­се­лелерін қалай насихаттайды екен, соны зертте» деді. Бұл мені ерекше қуантты. Бір ұстаз­ым педагогикаға, екінші ұстазым ғылым арқылы журна­л­истикаға жақындатты. Жас кезде барлығын өзіміз жасай­тындай, қалағанымыздың бәрі­не өзіміз жететіндей көре­міз ғой. Ал шын мәнінде алда­ғы өміріңнің  қай бағытта өр­битіні тағдырыңда тоғысатын тұлға­ларға да байланысты бола­ды екен. Осылайша, жана­шыр жандардың арқасында бала күнімде санамның бір түкпіріне жазылған арман­дарыма қол жеткіздім. 

– Ұстазыңыздың көреген­ділігіне қайран қалып отырмын. Медиадағы білім мен тәрбиенің жыл өткен сайын маңызы арта беретінін алдын ала білгендей ме, қалай? 

– Иә, дұрыс айтасың. Әуелі ғылыми жетекшім ұсынған та­қырыппен кандидаттық дис­сер­тациямды қорғадым. Жаңа­дан отбасын құрып, сәбилі болған кезіміз, ғылыми еңбек жазу оңай­ға соқпады. Күйеуім де өз мамандығына сай канди­даттық тақырып алған еді, менің қинал­ғанымды көріп, зерт­теуін жылы жауып қоя салды. Ғылым жолы­ның жауапкершілігін сезінген соң, канди­даттық диссер­тация қорғасам жетеді деп шештім. Алайда Күләш Құнантайқызы докторлық дәреже қорғап алуым­ды қайта-қайта есіме сала берді. Қысқасы, қызметтік ұсын­ыс­тар­дан бас тартып, түбегейлі ғылымға ден қойдым. Өйткені ғылыми же­текшім: «3-4 жыл ішінде жазыл­ған докторлық жұмысты мойында­маймын» деді. Өзі бір тақырыпты он жылдан аса уақыт зерттеген. Сөйтіп, бұл жолы тек баспасөзбен шектелмей, зерттеу нысанына телеарна, радио, сайт өнімдерін де қостым. Ол уақытта отағасы қызмет бабымен Астанаға ауысып, мен Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде кафедра меңгеру­шісі қызметінде жүрдім. Ғы­лыми кеңесшім Алматыда тұра­тын, бұған қоса кітапхананың құнды әрі мол қоры да сол жақта еді. Сондықтан аталған шаһарға жиі қатынауға, кітапханада тап­жылмай отыруға тура келді. Ақы­ры көп жылғы зерттеуден кейін бұқаралық ақпарат құрал­дарын­дағы білім мен тәрбие мәселесі бойынша док­торлық диссер­тациямды қорғадым.  

– Сол докторлық диссерта­ция­ң­ыз ірі де іргелі педагогика ғылы­мы­ның бөлек бір бағытына айнал­ды. Бүгінде еліміздегі педагогика бойынша медиабілім саласындағы санаулы ғалымның бірісіз. Осы саладағы  өзгерістер жөнінде айта кетсеңіз?

– Қазір медиапедагогика бола­шақ мұғалімдерді медиабілім, медиасауаттылық, медиатех­но­логия, ақпараттық мәдениет, цифр­лық құзыреттілік, медиа құзыреттілік, ақпаратты талдау, білім саласында БАҚ өнімдерін қол­дану тұрғысынан сауатты болуға баулитын педагогика ғы­лымының басты бағдарына ай­нал­ды. Ең бастысы, медиа­педа­гогика мұғалімге оқушылар әл­емі­нен хабардар болуға, олар­дың өмір сапасы мен келешегін зерделеуге мүмкіндік береді.  Медиа­­білім тақырыбының шең­берінде жоғары оқу орнында бірнеше курс, бірқатар пән енгі­зіп, оқу құрал­дарын жаздық. Бұқаралық ақпарат құралдары мен педагогиканы ұштастырған док­торлық диссер­тацияның өмір­шеңдігін осыдан көруге болады. Студенттер «Ме­диа­педагогика», «Медиа­білім», «Киберпеда­го­гика» курстарын оқыса, магистра­турада заман талап­тарына сай курстар «Цифр­лық педагогика» деп күр­де­лене береді. Бұлардың бәрі – негізінен міндетті пәндер емес, таңдау пән­дері. Соған қарамастан, студенттер өз еркімен осы курс­тар­ды мең­геруге ықылас­ты. Заман талабынан сай пәндерді оқып, сұранысқа ие маман болғы­сы келеді. Тіпті жаңа бағытты, медиабілімді зерттеуге ден қой­ған­дар саны да артып келе­ді. Мысалы, осы күнге дейін ғылыми жетекші­лігіммен  медиа­білім та­қырыбына байлан­ыс­ты  4 ғылым кандидаты, 14 фи­ло­со­фия док­торы (PhD), көп­те­ген магистр даярланды.

– Кибербуллинг қазір  қоғам­дағы өте өзекті мәселеге айналды. Мұның соңы тіпті қайғылы жағ­дайға да ұласып жатыр. Осы ретте оқушы бойындағы өзгерістерді ерте анықтау мақсатында мұғалім нені білуі керек? 

– Бәрі сол медиасауатты арт­тырудан басталады. Кибербул­лингтің алдын аламыз десек, медиасауаттылыққа ерекше мән беруіміз қажет. Жасанды интел­лект заманында цифрлық сауат­тың бастауы медиасауаттылықта жатыр. Яғни үлкендердің  медиа­мәдениетін, оқушылардың  ме­ди­а­­сауатын, мамандардың медиа­құзы­ретін көтерген абзал. Мә­се­лен, біздің Педагогика кафе­драсының оқытушылары мен докторанттарының қатысуы­мен Ғылым және жоғары білім минис­трлігінің бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруымен балаларға қатысты буллингтің алдын алу шараларын әзірлеу жөнінде зерт­теу жүргіздік. Зерттеу тобы мектептердің келісімімен еліміздің түкпір-түкпіріне ано­ним­ді анке­талар таратты. Солар­дан келген жауаптар жинақталды. Кейін ауқымды талдау жасалды. Бұдан кейін ата-аналарға, мұға­лім­дерге арналған оқу құралдарын шығар­дық. 

Жалпы, мұғалім оқушының күнделікті эмоционалды жағ­дай­ы­на ұдайы мән беру керек. Бул­линг кезінде балалар үндемей, іштен тынады, тұйықталып қа­лады. Осындай өзгеріс байқалса, бірден дабыл қағу қажет. Әрине, бір сыныптағы 30-35 баланы бақы­лау қиын. Мектептер қатары көбейіп, сыныптағы оқушылар саны азайған күнде балалардың көңіл күйін бақылау да жеңілдей түсер еді. Қалай десек те, буллинг мәселесін назардан тыс қалдыруға болмайды. 

– Сіздің ғылыми бағытыңыз, бір жағынан, телефонға телмірген ұрпақты түрлі қауіптен қорғайтын зерттеу болса, бір жағынан, пайда­лы контентті насихаттау секілді. Жалпы, педагогтер балдырғандар мен жасөспірімдерге арналған медиа өнімдерден хабардар болуға тиіс қой? 

– Қазіргі заманда мұғалімдер медиа өнімдерден міндетті түрде хабардар болуы керек. Бұл мұғал­імге оқушысының қандай кон­тент­ті тұтынып отырғанын, вирту­алды әлемін білуіне көмектеседі. Балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи медианы білу ең алдымен маман ретінде өзіне, содан соң оқушыға керек. Қай контент бала бойына қандай пайда­­сы немесе зияны барын біліп тұрады. Қазір кез келген үйде ере­сектердің бақылауынсыз экран­­нан көз алмайтын буын өсіп келеді. Ал оны бақылау – бір мәселе, қалай бақылау керегі – өткір тұрған екінші мәселе.  

Әрине, барлық жоғары оқу орнында медиабілімге қатысты пәндер оқытылмайды. Дегенмен еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген шәкірттерім бар. Олар медиабілімге қатысты тақырыпта бірі магистрлік, кейбірі PhD дәре­жесін қорғаған. Сол ізбасарларым өз өңірлеріндегі жоғары оқу орын­дарына медиапедагогиканы, түрлі курсты енгізіп жатыр. Ал кейбір жоғары оқу орындарының оқыту­шылары хабарласып, аталған пәндерді енгізуге рұқсат сұрайды. Біз көмектесуге әрқашан дайын­быз, қажетті оқу құрал­дарымен де қамтамасыз етеміз. 

– Қазір әлеуметтік желі таным мен ойын-сауықтың ғана емес, ақ-қараны әлі толық ажырата қоймай­тын жас буынға қауіп-қатердің де ортасы болып отыр. Жаңа медиа­ның осы жағын зерттеп көрдіңіздер ме? Тыйым салу түйткілдің түйінін түбегейлі тарқата ала ма?

– Әлеуметтік желі былай тұр­сын, қазір жасанды интеллектінің дәуірі жүріп тұр емес пе. ЖИ дәуі­рінде медиапедагогиканың да маңызы арта түсті. Зерттеулер арқылы балалардың әлеуметтік желіде тым көп отыратынын, жасына сай емес контенттерді тұтынатынын жан-жақты негіздей алдық. Мұны анықтау мақсатында 7-сыныптан бастап жоғары сы­нып оқушылары арасында сауал­нама жүргіздік. «Балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейді ғой, олар шынайы жауап береді. Ойын ашық айтады. Дегенмен тыйым салумен ғана мәселе шешілмейді. Себебі бір­деңе­ден тыю, керісінше, баланы соған құштар етеді. Ғылы­ми зерттеудің нәтижесіне үңілсек, тиімді тәсілін таба аламыз. Мыса­лы, зерттеулерімнің бірінде ба­лам­мен бірге тапжылмай отырып мульт­фильмді тамашаладым. Ани­мация адамның назарын сағаттап ұстап тұрады. Кейін зерделеп білгеніміздей, шетелдің ірі анима­циялық компания­ла­рында бір өнімді әзірлеу бары­сында көптеген психолог жұмыс істейді екен. Сондықтан мектеп, оқушы, ата-ана үштағаны бір-бірімен байла­ныста жұмыс істе­генде ғана түпкі мақсатқа жете алады. Ата-ананың жауап­кер­ші­лігін арттыру, мұғалім­нің медиа­педагогикалық білімін шың­дау арқылы баланың ішкі әлеміне еніп, жағдайды түзете аламыз. 

– Отандық ғылымның жай-күйі қалай, дамуына тежеу болып тұр­ған қандай кедергілер бар, оларды шешу жолы туралы не айтасыз? 

– Қазір мемлекет ғылымға айрықша назар аударып отыр, түрлі грант пен жобаларға қаржы  бөлінеді. Болашақ ғалымдарға да жағдай жасалған. Алайда доктор­анттардың қорғау көрсеткіші төмен деңгейде екені жиі айты­ла­ды. Халықаралық журналдарға мақала шығару талабы да бар. Десе де, кейбір гуманитарлық ғылым­дар­дан аталған талап алын­ып, отандық ғылыми журнал­дар­дың әлеуеті артып, докторант­тардың мүмкіндігі кеңейді. Ал қорғау көрсеткіші төмендігінің бір себебі – доктор­ант­тың  көпші­лігі жұмыс істей жүріп оқитын­ында деп ойлай­мын. Сана­ны тұр­мыс билейді, бірақ  доктор­ант­­тың күнкөрісі саналатын жұ­мысы ғылымға, өзінің зерттеу бағытына сай болса, бір сәрі. Өкініштісі,  көп жағдайда олай бола бермейді. Ғылым жолы – ауыр жол. Сол себепті әрбір докторант отан­дық ғылымның дамуына титтей де болсын үлес қосамын десе, ғылы­ми еңбегін дер кезінде қорғағаны абзал. 

Қазір көпшілік ғылыми дәре­­же мен академиялық дәреженің аражігін ажырата алмайды. Кез­інде кандидат­тық­тың өзі екінің бірі қол жет­кізе бермейтін ғылыми дәреже болатын. Ал ғылым док­торы дегеніңіз –  талай жылын ізде­ніске арнаған, іргелі зерттеу жүргізген еңбек иесі. Қазір док­торантураны бітіріп қорғағандар – ғылым докторы емес, фило­со­фия докторлары. Бұл – акаде­миялық дәреже. Ал белгілі бір сала бойынша ғылым докторы дәрежесін алу үшін ғылыми ізде­ністі әрі қарай жалғастыру керек.

– Қазір өзіңіз де шәкірт тәр­биелеп жүрсіз. Сізге ұстаз бол­ған, әлгінде атын атағанда көзі­ң­ізде бөлек бір мейірім тұнған академик Күләш Құнантай­қызы­ның қандай қасиетін көңілге түйдіңіз? Ізбасарла­рыңызға не бере алдыңыз?

– Жан тазалығы. Ар таза­лығы. Апайдың осы қасие­тін бойыма дарыттым деп ойлай­мын. 90-жылдардағы тоқырау кезеңінде көп маман маман­ды­ғын ауыстырып кетті. Біз таң­дауымызға адалдық таныттық. Өз ісімізге, ғылымға да адал болдық. Бұл – қай кезеңде де өзектілігін жоғалтпайтын құн­дылық. Күләш Құнан­тай­қызы­ның  талапшылдығынан көп­теген әріптесім онымен  әң­гі­ме­лесуге тартынатын, апайдың  мысы басып тұратын. Ал сон­дай кісі мені өзіне етене жақын тартты. Өкінішке қарай, ұстаз­ым өмірден өтіп кетті. Бақиға аттанса да әлі күнге дейін есте­ліктерімен, санамда қалған сәулелі сәттерімен ұстаздық етіп келеді. Күләш Құнан­тай­қызы қандай жоғары қызмет­терде болса да ғылымнан қол үзген жоқ әрі оған адалдығын сақтады, ғылымға бар ғұмырын арнады. Мен де сол жолды таңдадым, студенттеріме де өз кәсібінен қол үзбеуді, табанды­лық танытуды шамам келгенше үйретіп, үлгі етіп келемін. Шә­кірттерім баршылық, әр өңір­де­гі осы жаңаша бағытты қал­ыптастырып, таратып жүрген, алды философия докторлығын қорғаған ізбасарларым – талай жылғы жұмысымның жемісі, еңбе­гімнің өнімі.  

– Ғылымдағы қалдырған ізі­ңіз ұзағынан болғай! Кейінгіге шабыт сыйлар, өнеге болар, тағылымды да әсерлі әңгімеңізге рақмет!

– Әумин, айтқаныңыз кел­сін!

 

Әңгімелескен Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ, журналист