in

Бейбіт басталған оқушылар наразылығы зорлық-зомбылыққа ұласты

The Telegraph және француздық бұқаралық медиа деректеріне негізінде Aikyn.kz Франциядағы оқушылар наразылығының неден басталғанын және оның неліктен елдегі саяси мәселеге айналып бара жатқанын баяндайды.

Наразылық қыркүйектің соңында Париж маңындағы мектептерден басталды. Оқушылар сыныптардың шамадан тыс толуына, мұғалімдердің жетіспеуіне және мектеп ғимараттарының ескіруіне байланысты көшелерге шықты. Кейін бұл қозғалыс басқа өңірлер мен университеттерге де тарады. 2-ші қазанда Білім министрлігі бір күн ішінде 564 оқу орнында түрлі акциялар мен кедергілер болғанын хабарлады. Ал 400-ге жуық мектеп уақытша жабылып, кейбірі қашықтан оқытуға көшті.

Бейбіт талаптармен басталған қозғалыстың бір бөлігі кейіннен зорлық-зомбылыққа ұласты. Бірнеше қалада қоқыс жәшіктері мен мектеп кіреберістері өртеліп, полициямен қақтығыстар болды. Білім министрі Эдуар Жеффрей қозғалыстың «сипаты өзгергенін» мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, наразылық басталғалы білім саласының 65 қызметкері мен 170 оқушы жарақат алған.

Ең көп талқыланған оқиғалардың бірі Сен-Дениде болды. Бұрын «Бағынбайтын Франция» (LFI) депутатының парламенттік көмекшісі болған Ричи Тибо жиналғандарға баррикада құруға, Елисей сарайын өртеуге және «революция жасауға» шақырды. Ол бірнеше минуттан кейін ұсталды. Тибо бұған дейін сот бақылауында болып, шерулерге қатысуына тыйым салынған еді.

Полицияның әрекеті де сынға ұшырады. Бірнеше жасөспірімнің ауыр жарақат алғаны туралы хабарлардан кейін құқық қорғаушылар мен кәсіподақтар күш қолдану деңгейінің шамадан тыс болғанын мойындады. Үкімет болса, керісінше, тәртіпсіздіктерді тоқтату үшін арнайы полиция бөлімдері мен мобильді жандармерияны жұмылдырды.Билік наразылықтың саясиланғанын алға тартуда. Үкімет өкілдері LFI мен радикалды солшыл топтарды қозғалысты өз мақсаттарына пайдаланғысы келді деп айыптады. Партия бұл тұжырымды жоққа шығарып, наразылықты оқушылардың білім беру жағдайына деген шынайы наразылығымен түсіндіреді. Le Monde дерегінше, қозғалыс бастапқы кезеңінде шашыраңқы әрі едәуір дәрежеде стихиялық сипатта болған.

Бұл мәселенің экономикалық астары да бар. 2027 жылға арналған бюджет жобасында білім саласына бөлінетін қаржы 1,7%-ға өскен. Бірақ бұл инфляция деңгейінен төмен. Сонымен бірге Францияда мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыны алғаш рет білім беру бюджетінен асып түсуі мүмкін.

Оқушылар ұйымдары зорлық-зомбылықты айыптағанымен, талаптарынан бас тартқан жоқ. Олар келесі аптада жалпыұлттық жаңа наразылық акцияларын өткізуге шақырып отыр.