in

«Манчестер Сити» клубындағы қаржылық дау Ұлыбританияға ағылған миллиардтаған инвестицияны тоқтатуы мүмкін

The Telegraph материалына сүйенген Aikyn.kz ағылшын футболындағы ірі даудың қалайша Ұлыбритания үкіметі үшін дипломатиялық және экономикалық мәселеге айналғанын талдайды.

Қыркүйектің соңында тәуелсіз комиссия «Манчестер Ситиді» Премьер-лига ұсынған 115 айыптың 114-і бойынша кінәлі деп тапты. Тергеу қорытындысына сәйкес, клуб 2009-2018 жылдары жалған коммерциялық келісімдерді пайдаланып, кірістерін қолдан өсірген. Шығындарын да төмен көрсеткен. Қаржылық бұрмалаудың жалпы көлемі 900 млн фунттан асқаны айтылады. «Манчестер Сити» клубы шешіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляция берді. Жаза әзірге белгіленген жоқ.

The Telegraph-тың хабарлауынша, осы шешімнен кейін БАӘ өкілдері Премьер-лиганың әрекеті екі ел арасындағы қатынастарға ықпал ететінін британ үкіметіне жеткізген. Әсіресе Оксфорд пен Кембридж арасындағы жоғары технологиялық экономикалық дәлізге бағытталуы мүмкін миллиардтаған фунт инвестицияның болашағы талқыланып отыр.

Бұндай қауіптің ауқымы аз емес. 2021 жылдан бері инвестициялық әріптестік  аясында БАӘ Ұлыбританиядағы 50-ден астам жобаға шамамен 30 млрд фунт бөлген. Инвестициялар ЖИ, энергетика, биотехнология және инфрақұрылым сияқты стратегиялық салаларды қамтиды.

Даудың саяси салмағының ауырлығы «Манчестер Ситидің» меншік құрылымымен де байланысты. Клубтың түпкі иесі – БАӘ президентінің бауыры шейх Мансур бен Заид әл-Нахаян. Ал клуб төрағасы Халдун әл-Мүбарак 300 млрд фунт актив басқаратын Mubadala егемен қорын басқарады. The Telegraph мәліметінше, Премьер-лига шешімі ашық жарияланбай тұрып, әл-Мүбарак Ұлыбританияның бизнес министрі Джонатан Рейнольдспен кездескен. Үкімет бұл кездесуде футбол клубының ісі емес, сауда, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері талқыланғанын мәлімдеді.Бұл жағдай премьер-министр Энди Бернхэмге де қиын болды. Манчестердің бұрынғы мэрі болған ол БАӘ инвесторларының қаланы дамытудағы рөлін жоғары бағалап, клуб иелерінің кетуіне «қатты алаңдайтынын» айтқан. Кейін Даунинг-стрит Премьер-лига шешімінің «саяси салмағы ауыр» екенін және ешкім ережеден жоғары тұрмайтынын атап өткен.

БАӘ капиталы Манчестердің соңғы жылдардағы жаңғыруында маңызды рөл атқарды. Сондықтан футбол клубына қатысты құқықтық процесс пен мемлекеттік инвестициялық қатынастардың ара-жігін ажырату британ үкіметі үшін күрделі түйінге айналып отыр.

Қазір «Манчестер Ситиге» нақты жаза белгіленген жоқ. Ережеге сәйкес ұпайын алып тастау, ірі айыппұл немесе Премьер-лигадан шығарылу сияқты шаралар қабылдануы мүмкін. Бірақ түпкілікті шешім апелляциялық процесс аяқталғаннан кейін ғана белгілі болады.

Бастапқыда ағылшын футболының қаржылық ережелеріне қатысты болған дау енді Ұлыбританияның инвестициялық саясатына да әсер ете бастады. БАӘ инвестицияларын шынымен қысқарта ма, әлде айтылған ескертулер саяси қысым құралы болып қала ма? Әзірге бұл жағы белгісіз.