Aikyn.kz Associated Press материалы негізінде жасанды интеллектіні реттеу төңірегіндегі пікірталастың күшею себептері мен Трамптың ұстанымын талдайды.
«Жасанды интеллект әлемді басып алады, адамзатты жояды дегеннің бәрі – алдау», – деп жазды Трамп әлеуметтік желіде. Ол ЖИ-ді шектеуге бағытталған бастамаларды «жасанды интеллект пен деректер орталықтарына қарсы сұмдық астыртын әрекет» деп атады. Бұндай саясаттан пайда көретін тарап Қытай деп мәлімдеді.
Трамп OpenAI басшысы Сэм Альтман, Anthropic жетекшісі Дарио Амодей және Илон Маск секілді технология саласындағы ықпалды тұлғалардың мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныстарын қолдамады. Президенттің ойынша, АҚШ-қа ЖИ саласында ең алдымен жылдамдық пен технологиялық басымдық қажет.
«Жасанды интеллектіге қажет жалғыз бақылау тетігі – КҮШТІ ӘРІ АҚЫЛДЫ ПРЕЗИДЕНТ. АҚШ-та ондай президент бар», – деп жазды Трамп.
Бірақ технологиялық компаниялардың бір бөлігі қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырып отыр. Anthropic басшысы Дарио Амодей ЖИ модельдерінің жаңа буыны шешімді өздігінен қабылдап, кибершабуылдар жасайтынына алаңдайтынын білдірді. Ол қауіпсіздік тетіктері дайын болғанша жаңа модельдерді дамыту қарқынын баяулатуды ұсынды. OpenAI басшысы Сэм Альтман да машинаның технологиялық мүмкіндіктері бақылау мен мониторинг жүйелерінен озып кетпеуі тиіс деген пікір айтады.
Бұл алаңдаушылық соңғы айлардағы оқиғалардан кейін күшейді. Associated Press мәліметінше, ЖИ агенттерінің сыртқы жүйелерге өз бетінше кіруі және кибершабуылдарға қатысуы бірнеше рет тіркелген. Соның ішінде OpenAI жүйелерінің Hugging Face платформасына қатысты әрекеті ЖИ қауіпсіздігі жөніндегі пікірталасты өршітіп жіберді.Трамп болса, қатаң реттеу америкалық компанияларды баяулатып, Қытайға технологиялық артықшылық береді деп есептейді. Бұл ұстанымды Nvidia басшысы Дженсен Хуанг та қолдап, ЖИ төңірегіндегі кейбір қауіптер асыра көрсетіліп жатқанына назар аударған.
Бұндай пікірталастар технологиялық қауіпсіздікпен ғана шектелмейді. АҚШ-та деректер орталықтарының электр энергиясын көп тұтынуы, коммуналдық төлемдердің өсуі, ЖИ салдарынан жұмыс орындарының қысқаруы және оның білім беру жүйесіне әсері де қоғамдық алаңдаушылық туғызуда. Осы себепті жасанды интеллект қарашадағы аралық сайлау қарсаңында саяси мәселеге айнала бастады.
Демократтар арасында ЖИ-ді федералдық деңгейде қатаң бақылауға шақыратындар көбейсе, Трамп әкімшілігі шамадан тыс реттеу АҚШ-тың бәсекеге қабілеттілігіне қауіп төндіреді деген ұстанымда. Осылайша, Вашингтондағы негізгі мәселе ЖИ-ді дамыту немесе тоқтату емес, технологиялық көшбасшылық пен қауіпсіздік арасындағы теңгерімді қалай сақтау керектігіне тіреліп отыр.