Өскеменде ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері патрульдеу кезінде қаладағы тұрғын үйлердің бірінің ауласынан 60-қа жуық күмәнді орама тауып алды. Олардың ішінде ұнтақ тәрізді белгісіз зат болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оқиға Потанин көшесінде патрульдеу кезінде қатардағы жауынгерлер Давид Хасенов пен Артур Двинянин күмәнді ораманы байқаған.
– Патрульдеу кезінде аумақты, соның ішінде қараңғы әрі көзге бірден түсе бермейтін жерлерді мұқият тексереміз. Қалың ағаштардың жанынан өтіп бара жатқанда күдікті затты байқадым. Сыртқы түріне қарап, оның ішінде есірткіге ұқсас зат болуы мүмкін деп болжап, дереу әскери жасақ бастығына баяндадым. Бұдан кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды, – деді қатардағы жауынгер Д.Хасенов.
Барлығы 60-қа жуық түйіншек анықталды. Орамалардың сырты қызыл, көк және қара түсті оқшаулағыш таспамен қапталған.
Табылған түйіншектер тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Мамандар олардың нақты құрамын және заттың түрін анықтайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.