in

Қазақстан Азиаданың алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде алты медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына төрт алтын және екі қола жүлде түсті, деп хабарлайды Aikyn.kz «Спорт Шредингераға» сілтеме жасап.

Қазақстанға алғашқы алтынды велошабандоз Рината Сұлтанова әкелді. Ол тасжолдағы жекелей сында 36:23.72 нәтижесімен жеңімпаз атанды. Бұл – Сұлтанованың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Бұған дейін Ханчжоудағы Азиадада осы жарыста қола медаль иеленген.

Екінші алтынды Алексей Луценко жеңіп алды. Қазақстандық велошабандоз ерлер арасындағы жекелей сында 41:24.05 нәтиже көрсетті. Осылайша Луценко Азия ойындарында төртінші рет қатарынан осы жарыстың жеңімпазы атанып, Азиададағы алтын медальдарының санын беске жеткізді.

Каратэден Қазақстан қоржынына тағы екі алтын түсті. 55 келіге дейінгі салмақта Жоламан Биғабыл финалда Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовты 9:1 есебімен жеңді. Ал 68 келіден жоғары салмақта Софья Берульцева Таиланд спортшысы Майсу Бутсуванды 8:0 есебімен ұтып, екінші рет қатарынан Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстанның алғашқы қола медалін триатлоншы Арлан Жанабай жеңіп алды. Ол ерлер арасындағы жекелей сында 53:11 нәтижесімен үшінші орынға ие болды.

Тағы бір қола жүлдені Қазақстанның ерлер құрамасы заманауи бессайыстан иеленді. Темірлан Абдраимов, Тихон Варехин, Лев Чувашов және Кирилл Стадник 4647 ұпай жинап, командалық есепте үшінші орын алды.

Қазақстандықтардың басқа нәтижелері

ММА-дан Еркінғали Бүркіталин Қытай Тайбэйінің өкілі Линь Мин-дяньді 3:0 есебімен жеңіп, ширек финалға шықты. Ал 54 келіге дейінгі салмақта modern дисциплинасында өнер көрсеткен Айгерім Төреханова алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды.

Жағажай волейболынан Сергей Богату мен Кирилл Гурин Индонезия өкілдерін 2:1 (22:24, 21:19, 15:12) есебімен жеңіп, жарысты сәтті бастады.

Жүзуден Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзуде 2:01.43 нәтиже көрсетіп, жетінші орынмен финалға жолдама алды.

Әйелдер арасындағы заманауи бессайыста Юлиана Петрова 14-орын, Аяна Қазбекова 17-орын, Диана Щедрова 18-орын алды. Қазақстан құрамасы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады.

Осылайша, алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде 4 алтын және 2 қола – барлығы 6 медаль бар.