Синоптиктер еліміздің бірнеше өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, тұман және екпінді жел болатынын ескертті. Бірқатар облыста жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматы облысының бірқатар ауданында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Алматы мен Қонаев қалаларында да кешке жаңбыр мен найзағай күтіледі.
Жамбыл облысында ауа райы күрделене түседі. Өңірдің кей бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанып отыр. Желдің екпіні кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін.
Ұлытау және Қарағанды облыстарында жаңбыр мен найзағай, Түркістан және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Маңғыстау облысында да аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал.
Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының бірқатар ауданында тұман түседі.
Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Алматы, Қызылорда, Ұлытау, Түркістан, Қарағанды, Жамбыл, Абай облыстарында және бірқатар қалада төтенше өрт қаупі сақталады. Астана мен бірнеше өңірде жоғары өрт қаупі бар.