in

Үздіктер үкілеген үміт

Дегенмен әрбір дода – жаңа тәжірибе, әр нәтиже – алдағы сындарға жасалған қорытынды. Халықаралық ареналарда бақ сынаған қазақстандық спортшылар бұл жолы да жеңіс қуанышы мен жеңіліс сабағын қатар өткерді.

Елена Рыбакина – әлемнің бірінші ракеткасы

Қазақстан теннисінің тарихында тағы бір айтулы белес бағындырылды. Нью-Йорк кортында жарқын жеңіске жеткен Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің чемпионы атанып қана қоймай, әлемдік рейтингтің ең биік сатысына көтерілді. Осылайша, қазақстандық теннисші бір турнирде екі бірдей тарихи жетістікке қол жеткізді.

Елена Рыбакинаның тарихи жеңісіне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев теннисшіні құттықтады. Президент бұл зор жетістік оның әлем­нің бірінші ракеткасы атануына әбден лайық екенін тағы бір мәрте дәлел­дегенін атап өтті.

«Сіз тағы да нағыз кәсібиліктің, мақсаткерліктің және корттағы мінсіз мәдениеттің үлгісін көрсеттіңіз. Бүкіл Қазақстан Сіздің жетістіктеріңізді мақтан тұтады! Бұл жарқын жеңіс жаңа спорттық белестерге бастасын, ал Сіздің шеберлігіңіз Қазақстанның жас теннисшілеріне үлгі болсын», – делінген Президент құттықтауында.

АҚШ ашық чемпионатының финалында Рыбакина Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы ойнады. Үш сетке созылған тартысты кездесуде қазақстандық спортшы 6:4, 5:7, 6:2 есе­бімен басым түсті. Шешуші сәттерде салқынқандылық танытып, ойын тізгінін уысынан шығармаған Рыбакина Нью-Йорк төрінде алғаш рет чемпиондық кубокты төбесіне көтерді. Бұл – Еленаның US Open дода­сындағы алғашқы, ал «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі үшінші жеңісі. Бұған дейін ол 2022 жылы әйгілі «Уимблдонды» бағындырса, биыл Australian Open турнирінде топ жарған еді. Бір қызығы, Мельбурндегі финалда да Рыбакинаның жолында Арина Соболенко тұрған. Осылайша, қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымда екі бірдей «Үлкен дулыға» додасының жеңімпазы атанды.

Нью-Йорктегі табыс Қазақстан спортының тарихына да жаңа парақ қосты. US Open қорытындысынан кейін Рыбакина WTA әлемдік рейтингінде алғаш рет бірінші орынға көтерілді. Ол – Қазақстан атынан өнер көрсететін теннисшілер арасында ғана емес, еліміз­дің ерлер мен әйелдер арасындағы жеке­лей спорт түрлері өкілдерінің ішінде әлемдік теннис рейтингінің шыңына шыққан тұңғыш спортшы.

Кезінде «Уимблдондағы» жеңісімен қазақ теннисінің атын әлемге танытқан Рыбакина енді жаңа биікке көтерілді. Нью-Йорктегі чемпиондық пен әлем­нің бірінші ракеткасы мәртебесі – бір спортшының ғана жеңісі емес, Қазақ­стан теннисінің халықаралық аренадағы беделін айшықтай түскен тарихи нәтиже.

Брно төріндегі бес жүлде

Қазақстандық көркем гимнастика шебері Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өткен Гран-при кезеңін бес медальмен қорытындылады. Ұлттық құрама спортшысы бір алтын, төрт күміс жүлде иеленіп, халықаралық додада жарқын өнер көрсетті. Ақмарал алдымен көпсайыс бағдарламасында шеберлігін байқатты. Төрт жаттығудың қорытындысы бойынша 116,500 ұпай жинаған ол күміс жүлдеге ие болды. Бұл көрсеткіш спортшының жеке рекордына айналды.

Жарыстың шешуші күнінде же­ке­леген жаттығулар бойынша финал­дық сындар өтіп, Ақмарал төрт бағдар­ламаның барлығында да жүлдеге қол жеткізді. Әсіресе шығыршықпен орындалатын жаттығу қазақстандық гимнаст үшін сәтті болды. Ақмарал 29,150 ұпай жинап, алтын медальді жеңіп алды. Одан небәрі 0,050 ұпай кем жинаған украиналық Полина Карика екінші орынға тұрақтаса, өзбекстандық Лола Джураева қола жүлдені иеленді.

Доппен жаттығуда Ерекешева 28,000 ұпаймен күміс жүлдегер атанды. Бұл сында украиналық Таисия Онофрийчук 28,450 ұпаймен топ жарды. Ұршықпен орындалатын жаттығуда да Ақмарал 29,050 ұпай жинап, тұғырдың екінші сатысына көтерілді. Ал таспамен өткен финалда 27,600 ұпай еншілеп, тағы бір күмісті қоржынға салды. Осылайша, Брно төріндегі бәсеке Ақмарал Ереке­шева үшін бес бірдей жүлдемен түйін­делді. Бір алтын мен төрт күміс – жас гимнасттың халықаралық аренадағы әлеуетін тағы бір мәрте айқындаған нәтиже.

Ақмаралдың жеке бапкері Меруерт Балғынбаева Брнодағы жарыс маңызды дайындық кезеңі болғанын, оның нә­тижелері алдағы додаға дейін жетіл­діретін тұстарды айқындауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Айтуынша, қазір бар­лық дайындық алдағы Азия ойындарына бағытталып отыр.

– Әрине, Ақмаралдың нәтижесіне көңілім толады. Бұл жарыс біз үшін маңызды дайындық кезеңдерінің бірі болды. Дегенмен біздің негізгі мақ­сатымыз – алдағы Азия ойындары. Сондықтан бүкіл дайындықты сол додаға бағыттап отырмыз. Қазіргі жарыс­тардағы нәтижелер арқылы қай тұстарды жақсарту керек екенін көріп, Азия ойындарына ба­рын­ша дайын күйде б­а­ру­ға тырысамыз. Азия­да бәсекелестік өте жоғары. Соңғы жыл­дары Азия елдеріндегі көр­кем гимнастиканың деңгейі айтарлықтай өсті, мық­ты спортшылар көп. Соған қарамастан соңғы әлем чемпионаты мен халық­ара­лық жарыстардағы нәтиже­лер біздің де жоғары орындар үшін күресе алатынымызды көрсетіп отыр. Біздің мін­де­тіміз – өзімізге байла­ныстының бәрін жасау, дайындықты жоғары деңгейде өткізіп, жарыста бағдарламамызды барынша таза орындау. Ал жарыстың қалай өрбитінін сол жерде көреміз. Әрине, медаль үшін күресуге мүмкіндік бар, – деді Меруерт Балғынбаева.

Бапкердің айтуынша, Ақмаралдың алдағы кезеңдегі басты міндеті – қазіргі деңгеймен шектелмей, халықаралық бәсекеде тұрақты нәтиже көрсетуге ұмтылу. Ол спортшының мүмкіндігін одан әрі шыңдау үшін дайындық барысында барлық ұсақ детальға дейін мән берілетінін жеткізді.

– Нәтиже тек талантқа байланысты емес. Күнделікті еңбек, тұрақтылық, психологиялық дайындық, денсаулық және маңызды жарыстарда өз мүмкін­дігіңді толық көрсете білу – бәрі үлкен рөл атқарады. Біздің мақсатымыз әр­дайым жоғары. Сондықтан Ақмаралдың деңгейін одан әрі кө­теріп, әлемнің үздік гимнасттарымен бәсекеге түсе ала­тын­дай дайындау үшін жұмыс іс­тей­­міз. Әлем чем­пионаты мен Олим­пиада – кез келген спорт­шы мен бапкер ұм­ты­латын ең үлкен белестің бірі, – деді бапкер.

Енді Ақмарал­дың алдында бұ­дан да жауапты сын тұр. Ол Қазақ­стан ұлттық құ­рама­сының сапын­да Жапония­ның Аичи пре­­фек­тура­сы мен Нагоя қала­сында өтетін XX жаз­ғы Азия ойын­да­рын­да ел намысын қорғайды. Көркем гимнас­тика бәсекелері 1–3 қазан аралығында өтеді. Брнодағы бес жүлде – Азия додасы алдын­дағы жақсы нышан.

Бозкілемде бәсі биік балуандар

Қазақстанның еркін күрес құрамасы Армения астанасы Ереванда өткен Степан Саргсян кубогын сегіз медальмен аяқтады. 15 елден 181 балуан бас қосқан халықаралық бәсекеде отандастарымыз бір алтын, екі күміс және бес қола жүлде иеленді.

Қазақ балуандары үшін жарыстың ең жарқын сәті 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында тіркелді. Асхаб Хаджиев шешуші белдесуде 2025 жылғы әлем чемпионы, америкалық Захид Валенсиямен күш сынасып, аса тартысты өткен кездесуде 12:11 есебімен жеңіске жетті. Әлемдік күрестің азулы өкілін тізе бүктірген Хаджиев осылайша Қазақстан қоржынына турнирдегі жалғыз алтын медальді салды. Осы салмақта Рүстем Мырзағалиев қола жүлдеге ие болды. 65 келіде Өсімжан Дастанбек финалға дейін жетіп, күміс медаль еншіледі. Ал оның командаласы Әділ Оспанов қола жүлдеге қол жеткізді. 74 келіге дейінгі салмақта Дархан Есенғали үздік үштікті түйіндеді.

Жарыстың екінші күнінде де ел қоржыны жүлдемен толықты. 61 келіде Мейрамбек Қартбай финалда Армения өкілі Саргис Бегоянмен белдесті. Кездесу 4:4 есебімен аяқталғанымен, қосымша көрсеткіш бойынша жеңіс қарсыласқа беріліп, қазақстандық балуан күміс медаль иеленді.

70 келіде Ернұр Нұрғазы қола жүлде үшін өткен белдесуде молдовалық Павел Граурды 4:1 есебімен жеңді. Ал 79 келіде Диас Сағдатов та қола медальға ие болды. Ереван бозкілеміндегі бәсеке Қазақстан құрамасы үшін сегіз жүлдемен түйінделді. Әсіресе әлем чемпионын жеңген Асхаб Хаджиевтің алтын жүлдесі ұлттық құраманың әлеуетін тағы бір мәрте аңғартты. Халықаралық додада жиналған тәжірибе мен әр салмақтағы жүлделі нәтижелер алдағы ірі жарыстар қарсаңында қазақ балуандарының бабын бағамдауға мүмкіндік берді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ