in

Бейбітшілік дипломатиясының беделі биік

Осы орайда Қазақстанның күні кеше жарияланған «Жаһандық бейбітшілік индексінде» 163 мемлекеттің арасынан 44-орынға көтеріліп, елулікке еркін кіруі айтулы оқиға, тарихи белес, зор мақтаныш. Бұл – 2008 жылдан бергі ең жоғары ұлттық көрсеткіш. Бұл – еліміздің бей­бітшілікті сыртқы саясаттағы жалаң сөз, әдемі ұран емес, те­геурінді дипломатиялық құрал, парасатты халықаралық па­рыз және салмақты әскери міндеттеме ретінде қабыл­дай­тынының айқын дәлелі.

Ашық аспан – асқақ мұрат

Экономика және бейбітшілік инс­ти­туты (Institute for Economics­&­Peace) әзірлеген жаңа рейтингке сәй­кес, 2026 жылғы Global Peace Index жаһан­дық бей­бітшілік индексінде 1,771 балл ин­дексімен Қазақстан 44-ші орынға кө­терілді. Он жылдық динамикаға көз жү­гірт­сек, Орталық Азияның барлық елін­­де бейбітшілік деңгейі жақсарған. 

Аймақ республикалары арасында Өз­бекстан 37-орынға жоғарылады: оның ин­декс көрсеткіші 1,726 балды құрады. Тә­жікстан 47-орынға (1,799 балл), Қыр­ғызстан 61-орынға (1,853 балл), Түрік­мен­стан 66-орынға (1,903 балл) көтеріле ал­ды. Бес елдің де бейбітшілік деңгейі «жо­ғары». Бұл Орталық Азияның әлем­дік геосаяси дауылдардың аясында тұ­рақ­тылық белдеуін, татулық аралын қа­лыптастыра алғанын аңғартатын маңызды нышан.

Тағы бір елең еткізерлік жайт анық­тал­ды. Institute for Economics&Peace әлем­дегі бейбіт ахуалдың биыл әрі қарай на­шарлағанын қынжыла хабарлады: жаһандық көрсеткіш 12 жыл қатарынан құл­дырап барады. Мемлекеттік дең­гей­дегі, елдер арасындағы қарулы қақ­ты­ғыс­тар саны 61-ге жетіп, ІІ Дүниежүзілік со­ғыстан бергі ең жоғары деңгейге шық­қан. 

Бір нәрсені әу бастан ажыратқан жөн. Global Peace Index рейтингі «ел қан­­­ша бі­тімгер жіберді?» деген сұраққа ғана жауап бермейді. Ол әрбір қоғамның қауіп­сіздігін, ішкі-сыртқы қақтығыс­т­а­рын, милитаризациялануын және басқа фак­торларды қамтитын 23 сапалы, сан­ды көрсеткіш арқылы әрбір мем­лекеттегі бей­бітшіліктің кең көрінісін түзеді. Ол Қа­зақстанның халықаралық бейбіт­ші­лікке қосқан әскери үлесін, елдегі тұрақ­ты­лықтың, сыртқы саясаттағы ұстам­ды­лықтың, қауіпсіздік архитектурасының жиынтық сипатын білдіреді. 

Бұл рейтингтің тағы бір құндылығы сол, ол көп жылғы жұмыс нәтижесінің ай­­насы іспетті. Қазақстанның бей­біт­ші­лік капиталы ондаған жыл бойы жи­нал­ды. Оның тамыры Семей полигонын жа­будан басталып, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуға, Азиядағы сенім ша­раларын қалыптастыруға, өңірде яд­ролық жаппай қырып-жою қаруларынан ада аймақ құруға, Сирия келіссөздеріне алаң ұсынуға, БҰҰ миссияларына ай­бын­ды сарбаздарын бірнеше лекпен жі­беруге ұласты.

Семейден басталған серпіліс

Қазақстанның бейбітшілік диплома­тиясының ұлы мұрасы – ядролық қару­сыз­дану. Халықаралық сарапшылар Қа­зақстанның жаһандық ядролық қару­сыздануға қосқан осы үлесін жоғары ба­ғалайды. 1991 жылғы 29 тамызда Се­мей ядролық полигонының жабылуы әлем­дік тарихта сирек кездесетін саяси ше­шім болды. Қазақстан Тәуелсіздік ал­ғанға дейін-ақ, өз жерінде қалған, әлем­дегі сол кездегі төртінші ірі ядролық ар­сеналдан бас тартты. 

Кейін бұл таңдау Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа, Ядро­лық қаруға тыйым салу туралы шартқа, Орталық Азиядағы ядросыз аймақтың қалыптасуына жалғасты. Қазақстанның бас­тамасымен БҰҰ-ның 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялағаны да осы сабақтас­тықтың белгісі.

«Қазақстан ядролық сынақтардан азат әлем құруға өзінің шын берілгенін тоқ­таусыз дәлелдеп келеді. Ол Ядролық сы­нақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт­тың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қол жет­кізудегі күш-жігерді жалғастырды. 2026 жыл жаһандық ядролық қару­сыз­дану және таратпау саласында бірнеше маңызды белеспен ерекшеленеді. 29 та­мызда әлем Семей полигонының жа­был­ғанына 35 жыл толуын атап өтті. Ол өзге полигондарда да атом сынақ­тары­ның тоқтауына қуатты саяси серпін бер­ді», – дейді Ядролық сынақтарға жап­пай тыйым салу туралы шарт ұйы­мы­ның Атқарушы хатшысы Роберт Флойд.

Мұның сыртында биыл аталған шарт­тың да 30 жылдығы: 1996 жылғы 10 қыр­күйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 71 мем­лекеттің қол қоюымен ЯСЖТШ-ты қа­былдады. Содан бері ашық бұл құжат­қа қосылғандар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде Шартқа 188 мемлекет қол қойып, 179 мемлекет ратификациялады. Қа­зақстан шартты әмбебаптандыру жә­не күшіне енгізу жолындағы іс-қимылын жалғастырды. 

Бұдан бөлек, биыл сонау 2006 жылғы 8 қыркүйекте қол қойылған, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құр­ған шартқа 20 жыл толды. Бұл тарихи же­тістік және өңірдің ядролық қаруды та­ратпау мен қарусыздануға бейілді­лігі­нің айғағы. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі барлық мемлекетті ядролық сы­нақтарға қатысты қолданыстағы мора­торийлерді сақтауға және растауға шақырды.

Республика ядролық нысандардың қауіпсіздігін тексеруде әлемге үлгі көр­сетті. ЯСЖТШҰ Дайындық комиссия­сы­ның шешіміне сәйкес Қазақстанда, Се­мей ядролық сынақ полигоны аума­ғын­да 1999, 2002, 2005 және 2008 жыл­дары инспекция жүргізуге арналған төрт далалық жаттығу өткізілді. Сол арқылы ел әлемдік инспекция жүргізуге арналған нұсқаулықтарды жетілдіруге елеулі үлес қосты.

Соның негізінде, жуырда, 2026 жыл­ғы қазанда Намибия Республикасында Кешенді далалық инспекциялық жат­тығу (IFE26) өтпек. Осы IFE26 Қазақ­стан­­­­дағы IFE08 және Иорданиядағы IFE14-тен кейінгі үшінші жаттығу, ал Аф­рика құрлығында өткізілетін алғашқы жат­тығу болады. Қазақстанның атса­лы­суымен іске асырылатын жаңа инс­пекция тексеру жүргізу әдістері мен жаб­­­дықтарын одан әрі дамытуға, ұлттық тексеру мүм­кіндіктерін нығайтуға тиіс.

2015-2025 жылдары «Плугшерс Жо­ба­сы» (Project Ploughshares) ұйымын бас­­­қарған, халықаралық қауіпсіздік, қарусыздану және қару-жарақтың та­ралуын бақылау саласының беделді са­рап­шысы Сесар Харамильо Қазақ­стан­ның жетістіктерін жоғары бағалады.

«Қазақстан жаһандық ядролық қару­сыз­дану мен оның таралуына қарсы кү­реске өлшеусіз үлес қосты. Еліңіз бар­ша адамзат үшін осы аса маңызды салада әлемдік көшбасшылардың қатарында келеді. Ол жаһандық деңгейде ядролық қаруды түпкілікті жоюға және Біріккен Ұлттар Ұйымының ғасырлық мерейтойы атап өтілетін 2045 жылға қарай «ядролық қа­рудан азат әлем» мұратына жету жо­лына айтарлықтай үлес қосып жүр», – деп атап өтті сарапшы.

Қазақстанның бастамаларын зерт­теген канадалық сарапшы, бұрынғы қару­сыздану елшісі Дуглас Рош та елі­мізді халықаралық қоғамдастыққа «үлгі болуға лайық» мемлекет деп атаған.

Астана – келіссөз мекені

Қазақстан дипломатиясының тағы бір ерекшелігі – қақтығысушы тараптар­дың үстінен қарап, олардың орнына ше­шім шығаруға емес, тек татуластыруға, бір үстелге отырғызуға жағдай жасауы. Си­рия дағдарысы кезінде туған Астана процесі осы тәсілдің әлемге танылған үл­гісіне айналды. 2017 жылдан бері Аста­нада Сирия Үкіметі, қарулы оппозиция өкіл­дері, Ресей, Түркия, Иран делега­ция­лары қатысқан келіссөздер өтті. 

Астана процесін Сирия соғысын то­лық тәмамдаған тетік деуге болмас. Бір­ақ оның тарихи рөлін төмендетуге де не­гіз жоқ. Келіссөздер атысты тоқтатты, деэс­ка­лация аймақтарын қалып­тас­тыр­ды, гу­манитарлық мәселелерді тал­қы­лауға мүм­кіндік берді. Қаз­ақстанның ар­тық­шылығы осында: ол өзін «төреші», ұс­таны­мын таңушы емес, бітімге төрін бе­ре­тін бейтарап алаң ретінде ұсынады. Жуыр­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Ресей және Украинаны соғыс­ты тоқтатуға табанды шақыруы да – бей­біт­шілік жолындағы кезекті батыл қа­дамы. Ол туралы жаһандық БАҚ жарыса жазды. Бейбітшілік кейде үлкен келісім­нен емес, соған жол ашатын есіктен бас­талады. 

Қазақ дипломатиялық мектебінің шапағаты Армения мен Әзербайжан ара­сындағы келіссөздерге де шуағын шаш­ты. Қазақстан 2024 жылы екі елге бей­біт диалог үшін алаң ұсынды. Мұндай әрекеттердің стратегиялық мәні бір ғана кез­десудің нәтижесінен кең: сенім азай­ған кезде Қазақстанның жүздесуге, сөй­лесуге болатын жерұйық мекенге айнала білуінің өзі халықаралық қауіпсіздіктің құнды активі саналады.

Астана бүгінде тек мемлекеттер, ха­лықтар, діндер, ұйымдар арасында түрлі тақырыптағы келіссөз өтетін қала емес, диалогтың саяси брендіне айналды. Бұл брендтің астарында «келіспеушілік бол­са да, сөйлесуге мүмкіндік табылады» де­ген қарапайым қағида жатыр. Қазақ ұл­тының тамыры терең тарихындағы бі­тім мәдениетін еске түсіретін тұс та осын­да: дала дипломатиясында ел тағ­дыры найзаның ұшымен ғана емес, сөз­дің күшімен де шешілген. Бүгін сол көне тәжірибенің заманауи нұсқасы көп­жақ­ты дипломатия тіліне көшіп отыр.

Қазақ елінің бейбітшілік дип­лома­тия­сының тағы бір теңдессіз тармағы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­ле­рі­нің съезі. 2003 жылы басталған форум 20 жылдан астам уақытта діни, өрке­ниет­тік диалогтың тұрақты институтына ай­налды. 2025 жылғы VIII съезге жүзден ас­там делегация, шамамен 60 елдің өкіл­дері қатысты. Қабылданған «Астана бей­бітшілік декларациясы-2025» БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұлық­талған құжатқа айналды. Онда Қа­зақ­стан мәдениетаралық, конфессияара­лық диалогтың жаһандық орталығы деп танылды. 

Көк байрақ көтерген бітімгер

Қазақстанның бітімгершілік саясаты келіссөзбен шектелмейді. БҰҰ миссия­ла­рына қазақстандық әскери қызметші­лер 2014 жылдан бері қатысып келеді. Олар Батыс Сахарада, Кот-д’Ивуарда, Ли­ванда, Малида, Орталық Африка Рес­публикасында, Конго Демократиялық Республикасында бейбітшіліктің берік орнығуына сүбелі үлес қосты. Қорғаныс министрлігінің дерегіне қарағанда, 750-ден астам қазақстандық әскери БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысқан. 

2024 жылғы наурыз Қазақстан үшін жаңа белес болды: Голан жоталарындағы БҰҰ-ның UNDOF миссиясына 139 әс­кери қызметшіден тұратын алғашқы ірі әрі дербес ұлттық контингент аттанды. Олар атысты тоқтату режимін бақылау, па­трульдеу, блок-бекеттерді қорғау, гу­ма­нитарлық жүкті сүйемелдеу, эвакуа­ция­лау, жарылғыш заттарды залал­сыз­дандыру секілді маңызды міндеттер ат­қарады. Оның қызметін БҰҰ миссия­сы­ның қолбасшылығы жоғары бағалап, бар­лық 139 әскери қызметші БҰҰ ме­да­лімен марапатталды. 

2026 жылы қазақстандық бітімгерлер Ливандағы UNIFIL құрамында да қыз­мет атқарып жүр. 11 әскери қызметші атыс­ты тоқтату режимін бақылау, пат­руль­деу, гуманитарлық шараларға қолдау көр­сету, БҰҰ нысандарын қорғау мін­деттерін орындайды. Бұл – Қазақ­стан­ның бейбітшілікті ата-бабалардай қару қуатымен де қорғауға дайын екенінің айғағы. Әскери ғылым тұрғысынан қара­ғанда, мұндай миссиялар Қазақстанның қорғаныс әлеуетіне де пайдалы. Жауын­гер халықаралық гуманитарлық құқық­ты, көпұлтты штаб мәдениетін, азамат­тық халықпен жұмыс істеуді, дағдарыс жағ­дайындағы шешім қабылдауды үй­ре­неді. 

Қорыта айтқанда, Қазақстанның бей­­бітшілік капиталы – ядролық қару­сыз­­данудан, келіссөз алаңдарынан, төл бастамашылығымен құрылған ха­лық­аралық ұйымдардан, діни дип­ло­ма­тия­дан, бітімгерлерін аттандырудан құ­рал­ған біртұтас жүйе. Оның өзегінде бұл­жы­мас қағида бар: қауіпсіздік қарсы­лас­ты жеңуден емес, қақтығыстың алдын алу­дан басталады. Бейбітшілікке қол жет­кізу бір мәрте иеленіп, өмір бойы мақ­тан тұтатын медаль емес, күн сайын қор­ғалатын құндылық.

Айхан ШӘРІП