in

Биылғы астықтың бәсі бөлек

Бұған ауа райының қолайсыздығы, бірқатар өңірде тіркелген қуаңшылық, аномальді аптап әсер етіпті. Дегенмен Ауыл шаруа­шылығы министрлігі оптимизм сақтап отыр: астықтың қомақты боларына сенімді. Бұл сенімнің қаншалықты негізді екені күзгі жиын-терімнің қорытындысында ғана айқындалмақ. Жалпы, орақ науқаны қалай жүріп жатыр? Қандай мәселелер туындады?

Дән тағдыры таразыда

Ауа райы жағдайына байланысты Қазақстан 2026-2027 маркетингтік жылында рекордтық 2025 жылмен салыстырғанда 4 миллион тоннаға кем астық жинауы мүмкін. Мұндай болжамды АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялады. Оның жорамалына сәйкес, бұған елдегі құрғақ вегетациялық кезең, жаздағы қалыптан тыс аптап себеп болмақ. «Қазгидромет» бұған дейін елдің 11 өңірінде төтенше өрт қаупін жариялаған-тын. Жергілікті сарапшылар да шетелдік әріптестерімен үндес пікірде. Қазақстанның Астық одағы хабарлағандай, астық өсіретін өңірлерде егістіктің бір бөлігі қурап қалды. Қатты ыстық пен қуаңшылық елдің астықты облыстарындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жайқала өсуіне жағымсыз ықпалын тигізген. 

– Жазда елдің егінді өңірінің көбінде құрғақ әрі ыстық ауа райы орнықса, кей жерде нөсерлете жаңбыр жауды. Ауа температурасы күндіз 45 градусқа дейін көтерілді. Егістіктердің бір бөлігі нашар күйде. Елдің орталығы мен шығысындағы ылғал тапшылығына байланысты сарапшы­лардың көпшілігі астық былтырғыдан 15-20%-ға төмен болады деп тұспалдайды, – деді одақ сарапшысы Евгений Карабанов. Бір жағында  мамандардың сақ болжамы, екінші жағында министрліктің оптимистік ұстанымы. Егістіктегі егін ору науқаны осы екі пікірдің қайсысының шындыққа жақын екенін өлшейтін таразыға айналады.

АШМ көңілсіз тұжырымдарды жоққа шығарды. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов жаппай қурап қалған егістер жоққа тән деп отыр. Биылғы астықтан айы­рылып қалу қаупі төніп тұрған жоқ көрінеді. 

– Астықтан айырылып қаламыз деген үлкен қауіп-қатер жоқ. Негізгі астық өсіретін облыстарда егістіктерге мониторинг жүр­гізілді. Солтүстік өңірлерде құрғақ­шылықтың әсерін жойған жаңбыр жауды. Егістіктердің 98%-ы жақсы және қана­ғаттанарлық жағдайда тұр. Жаппай қурап, құрыған егістер жоқтың қасы, – деді А.Сұлтанов. 

Вице-министр отандық фермерлердің құрғақшылық жағдайларына алдын ала дайын болғанын нақтылады. Олар қуаң­шылыққа төзімді тұқымдарды екті, вегетация кезінде қоректендіру үшін минералды тыңайтқыштар төкті. Мұның бәрі өнімді жоғалтпауға көмектесіпті. 

Бір жыл бұрын Қазақстан мол өнімнің қуанышына кенеліп еді: 2025 жылы диқандар қамбаға 27,1 миллион тонна астық құйды. Оның 20,3 миллион тоннасы бидай болды: бұл тарихи максимум саналады. Алайда биылғы маусым мүлде басқа климаттық жағдайда өрбіп жатыр. Маусым айы аспан айналып жерге түскендей ерек ыстықпен жер апшысын қуырса, шілде жаңа температуралық рекорд орнатты. Қазгид­рометтің мәліметінше, тамыз да тыс қалмай, бірден бірнеше өңірге құрғақшылық қаупін төндірді. Осындай алаңдатарлық ахуалға қарамастан, Ауыл шаруашылығы министрлігі дәнді және майлы дақылдардың егіс жағдайын «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағалап отыр. Әйткенмен, мамандар тәуекелдер сақталғанына назар аудартады. 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов егіс алқаптарын көбірек кіріс әке­летін дақылдарға ауыстыра отырып, жоспарлы түрде әртараптандыру жұмысы жалғасқанын қаперге салды. Мәселен, майлы дақылдардың алаңы тарихи биік межесіне – 4,3 миллион гек­тарға жетті. Күнбағыс, рапс, зығыр, соя мен мақсарыны кеудесіне нан піскен алпауыт Кеңес одағы да осынша көп көлемде екпеген екен. 

Ал Ұлы даланы төрт түлікке толтыру үшін биыл мал азығы дақылдарының егісі де рекордтық 3,3 миллион гектарға жетті. Облыс әкімдіктерінің жедел деректеріне сәйкес, 8 қыркүйектегі жағдай бойынша жем-шөптің 33,1 млн тоннасы дайындалды. Бұл – жоспар­ланған көлемнің 80%-ы. Атап айтқанда, 25,3 млн тонна шөп, 2,5 млн тонна сабан, 2,3 млн тонна пішендеме, 1,6 млн тонна құ­нар­лан­­дырылған жем және 1,4 млн тонна сүрлем әзірленді. Қыста малды қорада ұстау кезеңін ойдағыдай өткізу және сақтандыру қорларын қалыптастыру үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» 201,3 мың тонна жемдік қор түзді. Қажет болған жағдайда осы резерв ауыл шаруа­шылығы тауарын өндіру­ші­лерін қажетті жем-шөп ресурстарымен қам­тамасыз ету үшін пайдаланылмақ. Жем-шөп дайындау жұмыстары барлық өңірде жалғасты.

АШМ дерегінше, суды сақтау үшін 2026 жылы бидайдың егіс алаңы 125 мың гектарға қысқартылды. Оңтүстік өңірлерде дәстүрлі күріш пен мақта алқаптары оңтайлан­дырылды. Соңғы үш жылда егіс құрылы­мындағы астық дақылдарының үлесі 73%-дан 66%-ға дейін төмендетілді, майлы дақылдардың үлесі 18%-ға дейін ұлғай­тылды. 

Күзгі науқанның қарқыны ерен

Ағымдағы егін жинау науқаны әдеттегіден ерте басталды: бұл дәнді дақылдардың пісуін жеделдеткен аномальді ыстық ауа райының әсері. Уақытында жинап алмаса, піскен дән қауызынан далаға шашылып қалмақ. Қазақстанда тамыз қорытындысында 7,7 млн тонна астық жиналды: қамбаға құйылған бидайдың 78%-ы үшінші сыныпқа жатады. 

– Елде егін жинау науқаны жалғасты. Бүгінде 5,5 млн гектар дәнді дақыл түрлері жиналды. Бұл – оның жалпы егіс алқабының 35,5%-ы. Көрсеткіші былтырғы жылдың сәйкес кезеңінен 2 еседей жоғары! Орташа өнімділік гектарынан 14 центнерден айналды. Өзге дақылдарды қоса алғанда, шаруалар 7,7 млн тонна астық жинады. Былтыр бұл көрсеткіш осы кезеңде 3,9 млн тоннаны құраған еді, – деп хабарлады АШМ.

Алғашқы нәтижелер жаңа өнім са­пасының жоғары екенін көрсетіп отыр. Бүгінде астық қабылдау кәсіпорындарына 1 млн тоннадан астам астық түсті. Бұл 2025 жылдың ұқсас кезеңінде сақтауға қа­былданған астық кө­лемінен (145,5 мың тоннадан) жеті есе көп! 

Қабылданған жұмсақ бидайдың негізгі бөлігі жоғары сапалы астыққа жатады. Оның 78%-ы үшінші сыныпқа, 14%-ы төртінші сыныпқа жатқызылды. Бесінші сыныпты және сыныпқа жатпайтын арзанқол бидайдың үлесі 7%-ды құрады.  Биылғы астықта глю­теннің құрамы жоғары сапада екені байқалады. Алынған жұмсақ бидайдың жартысынан көбі, яғни 56%-ында глютен мөлшері 28%-дан асады. Тағы 19%-ының құрамында глютен 25-27%, қалған 25%-ында – 23-24%.

Дәнді дақылдармен қатар майлы және көкөніс-бақша дақылдарын жинау да жалғасқан. Бүгінде 244 мың тонна май тұқы­мы жиналды. 1,9 млн тоннадан астам көкөніс, 1,7 млн тонна бақша дақылдары және 795 мың тонна картоп алынды. Бұл дақылдарды жинау жұмыстары жоспарлы режимде жүргізілуде.

«Егіннің жай-күйі министрліктің тұрақты бақылауында. Жағдайды жедел бағалау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған: ол өңірлерде тікелей көшпелі тексерулер жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдар­­­­­­дың деректеріне сәйкес, дәнді және майлы дақылдардың 98%-ы жақсы және қа­нағаттанарлық жағдайда», – деп мәлімдеді АШМ.

Күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін өңірлерге 401,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Әзірге 161,3 мың тонна дизель отынын жеткізу бойынша шарттар жасалып, төлем жүргізілді. Бұл бөлінген көлемнің 40%-ын құрайды. 143 мың тоннасы немесе 36%-ы жөнелтілді.

Жалпы, Халықаралық астық кеңесінің болжамына сай, Қазақстан биылғы маусымда 15,3 миллион тонна бидай алуы мүмкін (2025 жылғы болжам 19,3 миллион тонна болған). Отандық фермерлер шығымдылық бұдан да аз, 13-13,5 миллион тонна болады деп күтіп отыр. Ауа райы жағдайлары – аптап пен құрғақшылық қол байлады. 

Бірақ аграршылардың бір өкінішке қоса, бір жұбанышы бар: астық көлемі аз болға­нымен, оның сапасы былтырғыдан жоғары болмақ. Ыстық жаз жоғары деңгейдегі глютені бар астықтың қалыптасуына септесті. Сон­дықтан элеваторларға түсетін бидай негізінен hi-pro-ға жақын. Демек, биылғы егіннің даралығы көлем мен сапаның ара­сындағы күрделі тепе-теңдіктен көрінуі мүм­кін. Ал сапалы өнімді қымбатырақ сатуға болады.

Сақтау мен баптау – жеке түйткіл

Ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялардың бірінің директоры Шыңғыс Ахмеров журналистерге сұхбатында бірқатар солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі жағдайды бағалай келе, жергілікті жердегі ахуал жалпы көріністен әлдеқайда күрделі екенін жеткізді.

– Ауыл шаруашылығы министрлігінің дәнді дақылдар егістігінің 98%-ы жақсы жағдайда деп мәлімдеуі, бұл, сірә, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына және Ақмола облысының жартысына қатысты шығар. Павлодарлықтардың және қараған­дылықтардың біраз егісі қурап қалды. Шығыс өңірі де зардап шекті. Небәрі 30 миллиметрге жуық жауын-шашын түсті, – деді Ш.Ахмеров.

Оның айтуынша, бірқатар өңірдегі жағдай әлі де күрделі күйде қалып тұр: егістіктердің бір бөлігі қатты зардап шеккендіктен, кейбір шаруашылықтар қураған егінді жинаудан бас тартып, алқаптарды келесі жылға дайындау үшін қайта жыртып тастауға мәжбүр болды.  

– Меніңше, ел бойынша орта есеппен алғанда бидай дақылдарының жалпы көлемі 13 миллион тоннадан аспайтын шығар. Бірақ нақты жағдай тек егін жинау толық аяқталып, қысқа қарай нарықта қандай жағдай қа­лыптасқаны айқындалған соң түсінікті бола­ды, – деді аграршы.

Қазақстанның Астық одағы талдау комитетінің басшысы Евгений Карабанов та түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте деп есептейді: «Биылғы бидай кез келген жағдайда ішкі қажеттіліктерді, өңдеуді және экспорттауды қамтамасыз етуге жеткілікті болмақ. Тапшылық болмайды. Ауа райы құбылып тұр: жаңбыр жауып жатыр. Синоптиктер алда үсік ұруы да мүмкін деген болжамын таратты. Бір нәрсе анық: былтырғы жылғыдай рекордтық өнім күтілмейді», – деді Е.Карабанов.

Тек астықтың шығымдылығымен мәселе бітпейді. Астықты дұрыс сақтамау салдарынан Қазақстанның аграрлық секторы әлеуетті кірістің жүздеген миллиард теңгесін жоғалтуы мүмкін. Өнімді кептіру, тазарту және дұрыс сақтау – өмірлік қажеттілік. Астықты дұрыс сақтамаудан келетін әлеуетті шығындар 300 миллиард теңгеге бағаланды. Бұл мәселені диқандар Астанадағы EXPO орталығында 21-23 қазан аралығында өтетін KazAgroFarm-2026 көрмесінде сөз етпек.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, елдегі элеваторлардың және басқа астық сақтау орындарының сыйымдылығы 30,9 млн тоннаны құрайды, оның 17,4 миллионы – фермерлердің қоймасы. Оның едәуір бөлігі өңдеу мен сақтаудың сапалы жүйелерімен жаб­дықталмаған. Сарапшы­лардың бағалауын­ша, бұл бүкіл өнімнің 15-20%-ын немесе 250-300 миллиард теңгеге дейінгі кірісті жоғалтуға әкелуі мүмкін.

– Заманауи технологиялар бұл тәуекелдерді азайтуға, өнім сапасын сақтауға және аграр­шылардың элеваторларға тәуелділігін төмен­детуге мүмкіндік береді. Сондықтан көрмеде Испания, Дания, Түркия, Қытай, Ресей және басқа елдердің шешімдері, соның ішін­де астық кептіргіш және астық тазартқыш жабдықтар ұсынылмақ. Яғни біздің фер­мерлерде енді өз шаруашылығының жағ­дай­ларын ескере отырып, ең қолайлы технология­ларды таңдауға мүмкіндігі болады, – деді көрме ұйым­дастырушысы Шолпан Қожабаева.

Елдегі элеваторлар болжанып отырған өнім көлемін толық қабылдап, еңсере ала ма? Президенттің осыған қатысты тапсыр­масын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров элеваторлардың жүктемесін азайтуды, қажет болған жағдайда жаңа жеткізілімді қабылдауға арналған қуаттарды босату үшін кептірілген өнімді оңтүстік өңірлерге тасымалдауды ұйымдас­тыруды тапсырды. Оның пікірінше, қолда бар қоймалар жаңа астықты қабылдауға жеткілікті.

Қорыта айтқанда, биылғы астық саладағы ахуалдан біраз хабар бермек. Көлем жағы­нан – рекорд жоқ. Сапа жағынан – үміт мол. Өңірлер бойынша айырмашылық үлкен. Қойма бойынша  мүмкіндік бар, бірақ тәуекел де жетерлік. Мемлекеттік болжам оптимистік ауанда, сарапшылар сақ, фермерлер істің артын бағып отыр. Ел үшін рекорд орнату емес, табиғаттың берген берекесін ысырап етпей, әр дәніне дейін жинап, лайықты сақтау маңызды болса керек.

Елдос СЕНБАЙ