in

Трамп Иранмен қақтығысты «болмашы нәрсе» дейді

Associated Press ақпаратына сүйенген Aikyn.kz 37,5 млрд доллардан астам қаржы жұмсалып, 18 америкалық әскери қаза тапқан Иранмен қақтығысты АҚШ басшылығының неліктен «соғыс» деп атағысы келмейтінін түсіндіреді.

Жұма күні (4 қыркүйек) Ақ үйдегі кездесуде журналистер Трамптан бір күн бұрын вице-президент Вэнс айтқан пікірге көзқарасын сұрады. АҚШ президентінің сөзінше, Вашингтонның Иранға соққылары «мерзімді» сипатқа көшкен және бұл жағдайды көпшілік соғыс деп атамайды.

«Оның не айтқысы келгенін түсінемін. Мен бұны әскери қақтығыс деп атаймын. Өйткені біз үшін бұл – болмашы нәрсе. Бұл соншалықты үлкен мәселе емес», – дейді Трамп.

Бір күн бұрын Ақ үйдегі брифингте Джей Ди Вэнс Иранмен текетіресті сипаттау үшін «соғыс» сөзін қолданудан бас тартқан. Ол алты айға созылған қақтығыстың 3 қарашадағы аралық сайлауға дейін аяқталуы туралы болжам жасамаған. Бұл сайлауда республикашылдар Конгрестегі аз ғана басымдығын сақтап қалғысы келеді.

«Мен бұны соғыс деп атамас едім. Қазір белсенді атыс жүріп жатқан жоқ», – дейді Вэнс.

Ақ үйдің мәлімдемелері аймақтағы әскери әрекеттер толық тоқтамаған кезде айтылды. Бейсенбі күні (3 қыркүйек) Иран осы аптаның басындағы америкалық соққыларға жауап ретінде АҚШ-тың Парсы шығанағындағы одақтасы Кувейтке соққы жасады.

АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары 28 ақпанда басталды. Осы уақыт ішінде тараптар әуе соққыларын жасағанымен, АҚШ Иран аумағына құрлық әскерін кіргізген жоқ. Associated Press мәліметінше, қақтығыс америкалық салық төлеушілерге 37,5 млрд доллардан астам шығын әкеліп, 18 әскери қызметкердің өмірін қиды.

Трамп бұл шығынды АҚШ қатысқан бұрынғы соғыстармен салыстырды. Ол қаңтарда Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуроны ұстау операциясында АҚШ әскери қызметкерлерінен адам шығыны болмағанын айтып, Ирандағы көрсеткіштің Вьетнам соғысымен салыстырғанда әлдеқайда төмен екенін алға тартты.Президент Вьетнамда АҚШ 100 мың адам жоғалтқанын айтқанымен, АҚШ Ұлттық архивінің ресми дерегі басқа. Вьетнам соғысында 58 220 америкалық әскери қызметкер қаза тапқан.

Журналист Трамптан 18 америкалық сарбаздың қаза тапқанына қарамастан, қақтығысты неліктен «болмашы нәрсе» деп атағанын сұрады. Президент әскери операция Иранның ядролық бағдарламасын әлсіретті деген жауабын қайталады.

«Иранда ядролық қару болмайды. Егер оларда ондай қару болғанда, сіз қазір бұл жерде тұрмауыңыз мүмкін еді», – деді Трамп.

Соғыс басталған кезде Трамп операция бірнеше аптаға ғана созылады деп мәлімдеген еді. Алайда алты ай өткен соң да әскери соққылар жалғасуда, ал Ақ үй қақтығыстың нақты қашан аяқталатынын айтпайды.