in

«Жапа шеккен ұлт» кейпінен арылу: тарихымызға қатысты көзқарас қалай қалыптасып жатыр?

Оларды ұмытуға да, жеңілдетіп көрсетуге де болмайды. Бірақ өткеннің қасіретін есте сақтау мен сол қасіретті бүгінгі ұлттық сананың өзегіне айналдыру – екі бөлек нәрсе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы сөзі осы екеуінің ара-жігін ажырату мәселесін қайта көтерді.

Биыл 26 тамызда Астанада өткен республикалық Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Президент мектептегі тарихи білім, оқулықтардың мазмұны және жас ұрпақтың дүниетанымы туралы айта келе, қоғамды «ұдайы жапа шеккен ұлт» кейпінен арылуға шақырды. Бұл ой білім мәселесінің арасында кездейсоқ айтылған жоқ. Оның алдында Мемлекет басшысы оқулықтардан 700-ден астам өрескел қате табылғанын айтып, тексерілмеген тарихи деректер мен ойдан шығарылған «қаһармандар» туралы материалдарды қайта қарау қажеттігіне тоқталды.

– Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек. Бұл жөнінде үнемі айтып келемін. Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді: «жүрегімде мұң, көзімде мұң»! Мұң-қайғы жастық шаққа, жастарға жараспайды. Жастарымыз өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Еліміздің жастары оптимист болып, еңсере алмайтын қиындық жоқ екенін білуі қажет. Біз өз күш-қуатымызға сенетін, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Мұң, қайғы, күйзеліс – жастарымызға жат нәрсе болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл жерде өте маңызды бір жайт бар. Президент өткенді ұмытуға немесе тарихтағы қасіретті кезеңдерді көмескі етуге шақырып отырған жоқ. Керісінше, оның соңғы жылдардағы сөзіне қарасақ, екі бағыт қатар жүріп келеді: тарихи шындықты толық ашу және сол тарихи қасіретті қазіргі ұрпақтың өзін-өзі қабылдауындағы басты өлшемге айналдырмау.

Мұндай ұстанымды Мемлекет басшысы алғаш рет айтпады . 2025 жылдың 31 мамырын да Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу кезінде ол тарихты терең зерттеу қажет екенін айта отырып, «тағдырдан теперіш көрдік» деген ойдан арылуға шақырған еді.

– Тарихқа деген көзқарас қай кезде де саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс. Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс. Бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі, – деген еді сол кезде Президент.

Демек биылғы Тамыз конференциясындағы «ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек» деген сөз – бұған дейін де айтылған ойдың жалғасы.

Қасіретті ұмыту ма, әлде оған байланып қалмау ма?

Мәселенің күрделілігі де осында. Қазақ тарихындағы қасірет ойдан шығарылған дүние емес. ХХ ғасырдағы оқиғалардың демографиялық және қоғамдық салдары нақты тарихи деректермен расталады.

Ресми деректерде 1931-1933 жылдардағы аштықтан Қазақстанда шамамен 1,5 миллион адамның қаза болғаны, тағы 1 миллионға жуық адамның елден кетуге мәжбүр болғаны көрсетіледі. Ал 1921-1954 жылдары саяси қуғын-сүргін салдарынан Қазақстанда 100 мыңға жуық адам сотталып, 25 мың адам ату жазасына кесілген.

Бұл тарихты мемлекет те жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, оны қалпына келтіру үшін кейінгі жылдары бұрын болмаған көлемде архив жұмысы жүргізілді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысының нәтижесінде 300 мыңнан астам азамат ақталды, 2,5 миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Зерттелген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды, оның 12 томы Алашорда қайраткерлеріне қатысты істерден тұрады.

Яғни «жапа шеккен ұлт» кейпінен арылу тарихи жараны жоққа шығару деген сөз емес. Керісінше тарихи шындықты анықтап, құрбандарды ақтап, олардың есімін қайтарғаннан кейін келесі сұрақ туындайды. «С ол тарихты жаңа ұрпаққа қандай мағынада жеткіземіз?» деген…

« Тек бізге қиянат жасалды», «біз үнемі жеңілдік», «біз үнемі құрбан болдық» деген желімен бе? Әлде сол зұлматтан аман шыққан, мемлекеттілігін қайта құрған, тілін, мәдениетін, жерін сақтап қалған халықтың тарихы ретінде ме?

Екінші көзқарас өткендегі қасіретті азайтпайды. Бірақ тарихтағы халықтың рөлін тек құрбандықпен шектемейді.

«Уайым – ер қорғаны»

Жазушы Есбол Нұрахмет Президент көтерген мәселеге Абайдың «уайым» мен «қайғыны» ажыратуы арқылы қарауды ұсынады.

– Абай бір өлеңінде: ”Уайым – ер қорғаны, есі барлық” дейді, сосын қара сөзінде: ”Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.” дейді. Абай бұл жерде уайымды жақтап, қайғышылдықты күстәналайды. Ертеңгі күнді уайымдап қам қылу – ердің ісі. Түбі жоқ, тұңғиық қайғыға салынып кету – ездің қылығы, – дейді жазушы.

Есбол Нұрахмет келтірген екі үзінді де Абай мұрасында бар. «Уайым – ер қорғаны, есі барлық» деген жол ақынның «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық» өлеңінде кездеседі. Өлеңнің тұтас мазмұнында Абай жастықты бос күлкі мен өткінші қызыққа жұмсамауды, алдағы өмірді ойлап, еңбек пен жауапкершілікке бет бұруды айтады. Ал екінші мысал – Абайдың о тыз бірінші қара сөзінен. Онда ойшыл адамның естігенін ұмытпай, білімін орнықтыруына кедергі келтіретін «ой кеселдерін» атайды. Солардың арасында «уайымсыз салғырттықпен» қатар «бір қайғыға салыну» да бар.

Осы тұрғыдан қарағанда, Абай түсінігіндегі «уайым» мен «қайғыға салыну» бір ұғым емес. Біріншісінде өте үлкен жауапкершілік бар. Мәселен, адам ертеңін ойлайды, қауіп-қатерді сезеді, соған қамданады. Екіншісінде әрекеттен гөрі сол күйдің ішінде қалып қою басым.

Есбол Нұрахмет те осы айырмашылықты ұлттық мінез мәселесімен байланыстырады .

– Негізі қайғышылдық, қайғыдан ләззат алу, қайғымен өмір сүру қазаққа тән әдет емес. Алаш қайраткерлерінің кез келген шығармасын оқыңыз, мақаласын қараңыз, өз басы қуғын көріп, түрмеден арыла алмай жүрсе де, қазақтың болашағына үнемі зор үмітпен қарайтыны көрініп тұрады. Уайымшыл, бірақ сергек адам әрқашан күрескер, үмітшіл келеді де, қайғышыл адамда жігер де, үміт те болмайды, – дейді жазушы.

Міне, б ұл пікір ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының мұрасын басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Алаш қайраткерлерінің өмір сүрген дәуірі жеңіл болған жоқ. Патшалық отарлау саясаты, жер мәселесі, сауатсыздық, саяси қысым, кейін кеңестік қуғын-сүргін – олардың өміріне тікелей әсер етті. Соған қарамастан олардың қоғамдық қызметінің негізгі мазмұны өткенді жоқтау емес, мектеп ашу, оқулық жазу, газет шығару, автономия құру, қала берді толық тәуелсіздік алу, жер мен тіл мәселесін шешу, халықтың саяси сауатын арттыру болды.

Яғни тарихи қысым әрекетсіз мұңға емес, нақты қоғамдық әрекетке айналды.

Ұлттық жадтың өзегінде не тұруы керек?

Жалпы қазақ топырағында аштықтың, құрбандықтың қандай зардап шеккізетінін жазған қаламгер көп болды. Мәселен, жазушы, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов кезінде тарихи қасіреттің салдары оқиға аяқталғаннан кейін бірден жоғалып кетпейтінін айтқан . Ол «Аштық және соғыс» атты мақаласында аштықтың адам санасы мен мінез-құлқына тигізетін әсерін талдай отырып:

– Адамзаттың тарихи тағдыр барысында кешкен қорлығы, кіріптарлығы, бүкіл ауыртпашылығы белгілі бір рефлекстер түрінде санада бекіп қалады. Уақыт өте бұл негативтік рефлекстер одан ары түпсанаға таңбаланып, санадан тыс реакцияларға айналады, – деп жазды.

Автор мұны «қазақ санасындағы палимпсест» деп сипаттады. Оның пайымдауынша, тарихи апаттың салдары тек адам шығынымен немесе экономикалық күйзеліспен өлшенбейді. Ұзақ уақытқа созылған аштық пен соғыс адамның ішкі дүниесіне, мінезіне және қоғамдағы қарым-қатынасқа да ықпал етеді.

«Аштықтың салдарынан адамның ішкі дүниесі, кісілік салттары, бүкіл моральдық тұлғасы оңалмас, түбегейлі өзгерістерге ұшырайды», – деген еді Таласбек Әсемқұлов.

Мұнда тағы бір маңызды айырмашылық бар. Ұлттың тарихи жадында қасіреттің болуы – табиғи. Ал қасіретті ұлттық бірегейліктің негізгі тірегіне айналдыру – басқа мәселе.

Егер халық өзін ең алдымен тарихтың құрбаны ретінде таныса, оның өткенін түсіндірудің логикасы да өзгереді: Б үгінгі мәселелердің себебі үнемі кешеден, сыртқы күштерден немесе тарихи әділетсіздіктен ізделеді. Ал ұлт тарихын тек жеңістерден құрастыру да шындыққа жанаспайды. Сондықтан мәселе «мұң керек пе, керек емес пе?» деген қарапайым таңдауға тірелмейді. Негізгі мәселе – қасіретті қандай қорытындымен есте сақтайтынымызда. Ашаршылық туралы айту қажет, айтылады да . Бірақ оның соңғы нүктесі тек миллиондаған адамның қаза тапқаны болмауы керек. Оның себептері, жауапты саяси жүйе, халықтың босуы, тірі қалғандардың тағдыры және сол апаттан кейінгі қоғамның қалпына келуі де бірге айтылғаны жөн.

Қуғын-сүргін туралы айтқанда да тек атылғандардың санымен шектелу жеткіліксіз. Алаш зиялыларының не үшін күрескенін, қандай мемлекет пен қоғам құрғысы келгенін, білім, ғылым, жер, тіл туралы қандай идея ұсынғанын көрсету маңызды. Сонда тарихи тұлға тек «құрбан» болып қалмайды. Ол әрекет еткен, таңдау жасаған, идея ұсынған адам ретінде көрінеді.

Бұл айырмашылық жастардың тарихты қабылдауына да әсер етеді. Бір жағдайда өткеннен «бізге не істеді?» деген сұрақ қалады. Екінші жағдайда оған «сол жағдайда біздің алдымыздағы буын не істеді және біз одан не үйренеміз?» деген сұрақ қосылады.

Мұң ұлттық мінезге айналып кетті ме?

Президенттің «Біздің кейбір қаламгерлеріміз «мұң» деген сөзді жақсы көреді» деуі біз сөз етіп отырған мәселені әдебиетке де алып келеді. Қазақ әдебиетінде зар, мұң, қайғының мол кездесетіні рас. Оның тарихи себептері де түсінікті. «Зар заман» әдебиетінен ХХ ғасырдағы ашаршылық пен қуғын-сүргін тақырыбына дейін « қоғамдық апаттар» көркем әдебиеттен тыс қалмады.

Бірақ мұңның әдебиетте болуы мен оның ұлттық мінезге айналуы бір нәрсе емес.

Әдебиеттің міндеті адамның қайғысын жасыру емес. Керісінше, жеке адам немесе тұтас қоғам айта алмай жүрген қасіретті сөзге айналдыру да әдебиеттің қызметінің бірі. Сондықтан әдебиеттен мұңды алып тастау мүмкін де емес, қажет те емес.

Мәселе қайғыны суреттеуде емес, қайғыдан өзге ештеңе көрмеуде болуы мүмкін. Жазушы Есбол Нұрахмет бұл құбылысты былай сипаттайды:

– Айналасын, бүкіл дүниені қара түнекке орап, соған жаны жай тауып отыратындар бар. Өмірден жылт еткен үміт көре алмау – жігерсіздіктің белгісі,-дейді ол.

Осы тұста Президент сөзі мен жазушы пікірі бір нүктеде түйіседі. Екеуінде де қайғының өзін жоққа шығару жоқ. Сын нысанасы – қайғының тұрақты дүниетанымға айналуы. Өйткені ұлттың тарихи жадында ашаршылық та, қуғын-сүргін де, соғыс та, отарлау да бар. Бірақ сол тарихта тірі қалу, қарсы тұру, ағарту, мемлекет құру, ғылым жасау, мәдениетті сақтау, тәуелсіздікке жету тәжірибесі де бар.

Осы екі бөліктің біреуін ғана таңдау тарихи сананы толық етпейді. Сондықтан «жапа шеккен ұлт» кейпінен арылу үшін тарихтың қасіретті беттерін жабудың қажеті жоқ. Керісінше, оларды барынша дәл зерттеп, бұрмалаудан арылтып, құрбандардың есімін қайтарып, сол оқиғалардан сабақ алу қажет. Бірақ одан кейінгі қадам – сол тарихтың ішінен тек жараны емес, одан шығуға мүмкіндік берген күшті де көрсету.

Президенттің 2025 жылғы сөзінде «өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс» деп, артынша «біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек» деуі осы екі міндетті қатар қояды.

Ал жазушы Есбол Нұрахмет айтқан Абайдың «уайымы» осы тұста өткенге көзқарастың тағы бір қырын көрсетеді. Оның пайымынша, өткенді ойлау мен өткеннің қайғысына байланып қалу – екі бөлек ұғым. Біріншісі тарихи тәжірибеден сабақ алып, келешекті ойлаумен байланысты болса, екіншісі өткен қасіретті бүгінгі күнді бағалаудың негізгі өлшеміне айналдыруға әкелуі мүмкін.

Осы тұрғыдан алғанда, мәселе тарихи қайғыны ұмыту немесе одан бас тарту туралы емес. Әңгіме – өткеннің ауыр кезеңдері ұлттық санада қандай орын алуы керек және оны кейінгі ұрпаққа қалай жеткіземіз деген мәселеде.