Білім мен ғылым, инновация мен озық технология дамып жатқан заманда бүгінгі оқушы қандай болуы керек? Оған болашаққа қажетті қандай білім мен дағдыларды меңгерту қажет? Ал еліміздегі мектептер заман талабына сай оқушыны даярлауға қаншалықты дайын? Осы сауалдарға жауап іздей отырып, цифрлық сауат, жасанды интеллект, шет тілдерін меңгеру, қаржылық сауат, кәсіптік бағдар мен сыни ойлаудың бүгінгі оқушы үшін қаншалықты маңызды екенін саралап көрдік.
Оқушыға қажетті дағдылар
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, педагог-шебер Мейрамгүл Нүсүпбектің айтуынша, о қушының білімге қатынасы, ақпаратты қабылдауы, ойлау тәсілі, мұғалімнен күтетін көмегі және білім беру ортасының өзі өзгеріп жатыр. Бұрын оқушы қажетті ақпаратты негізінен мұғалімнен, оқулықтан немесе кітапханадан алатын. Қазір кез келген сұрақтың жауабын интернеттен, бейнесабақтан, әлеуметтік желіден, жасанды интеллект құралдарынан бірнеше секунд ішінде таба алады. Сондықтан 40-45 минут бойы тек мұғалімді тыңдап, дайын ақпаратты жазып отыру көптеген оқушылар үшін қиындай түскен.
– Бұл олардың қабілеті төмен дегенді білдірмейді. Оқыту формасы мен оқушының ақпарат қабылдау ортасы арасында алшақтық пайда болды. Демек, қазіргі педагог тек білім беруші емес, білімнің маңызын түсіндіруші болуы керек. Мысалы, математикалық формуланы жаттатудан бұрын оның өмірдегі қолданылуын көрсету, әдеби шығарманы оқытқанда оның қазіргі адам мәселелерімен байланысын ашу оқушының ішкі қызығушылығын арттырады, – дейді Мейрамгүл Нүсүпбек.
Білікті ұстаз «қазіргі балаларға білім жетіспейді» деп біржақты айту дұрыс емес деп санайды. Айтуынша, керісінше, кейбір дәстүрлі дағдылар мен құндылықтардың орны әлсіреп бара жатқанын байқауға болады.
«Терең оқу дағдысы жетіспейді. Ақпарат көп болғанымен, оны терең оқуға уақыт пен шыдамдылық азаюы мүмкін. Оқушы мәтінді жылдам қарап шығады, негізгі сөздерді табады, қысқа жауап іздейді. Бірақ кейде мәтіннің астарлы мағынасын, автордың позициясын, себеп-салдар байланысын, дәлел мен пікірдің айырмашылығын анықтауға қиналады. Сондықтан қазіргі мектепте оқу сауаттылығы ерекше маңызды.
Жалпы, қазіргі оқушыны «бұрынғы оқушыдан нашар» немесе «тәртібі төмен» деп бағалау – мәселені тым жеңілдету. Қазіргі оқушы өзгерді, демек оқыту тәсілі де өзгеруі тиіс. Бүгінгі бала ақпаратқа қанық, технологияны тез меңгереді, визуалды қабылдауы жақсы, өз пікірін білдіруге ұмтылады. Бірақ сонымен қатар оған терең оқу, сыни ойлау, ұзақ уақыт шоғырлану, өздігінен білім алу, жауапкершілік, қарым-қатынас мәдениеті және білімді өмірлік жағдайға қолдану дағдыларын жүйелі түрде қалыптастыру қажет. Сонымен қатар бүгінгі оқушыға ең алдымен мықты білім қоры, терең әрі жылдам ойлау қабілеті, өзін-өзі басқару және өзгермелі ортаға бейімделу дағдылары қатар берілуі керек.
Сол үшін қазіргі мектептің мақсаты «көп білетін оқушы» тәрбиелеуден «білгенін дұрыс қолдана алатын, өздігінен ойлайтын, ақпаратты саралайтын, үйрене алатын тұлға» қалыптастыруға қарай ауысуы керек. Ал мұғалімнің басты міндеті – оқушыға дайын жауап беру емес, дұрыс сұрақ қоя алатын және жауапты өзі іздей алатын деңгейге жеткізу. Демек, оқыту бағдарламасы, оқыту мақсаттары, оқыту әдістері, оқулықтар мен әдістемелер де осыған сай жасалуы тиіс деп есептеймін, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Барқазатқызы.
Ал USTEM Foundation қорының басшысы Асылбек Мурзахметов оқушының цифрлық сауаттылық тек компьютерді немесе смартфонды қолдана білумен шектелмейтінін сөз етті.
Оның айтуынша, оқушы ең алдымен ақпаратты дұрыс іздеу, оны талдау және цифрлық құралдарды тиімді пайдалану дағдысы болуы керек. Оқушы интернеттен қажетті ақпаратты жылдам табумен қатар, оны өңдеп, салыстырып, өз мақсатына пайдалана білуі маңызды.
– Қазір интернетте ақпарат өте көп, бірақ оның барлығы бірдей дұрыс емес. Жалған ақпарат, манипуляциялық контент немесе ескірген мәліметтер оқушының көзқарасына және шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан оқушы кез келген ақпаратқа бірден сене салмай, оның қай дереккөзден шыққанын, авторын, жарияланған уақытын және басқа сенімді ресурстарда расталған-расталмағанын тексеруі қажет. Бұл – сыни ойлауды қалыптастыратын маңызды дағды.
Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын сауатты қолдану, киберқауіпсіздік негіздерін білу, жеке деректерін қорғау және әлеуметтік желідегі мәдениетті сақтау да қазіргі заманның негізгі дағдыларына жатады, – деді Асылбек Мурзахметов.
USTEM Foundation қорының басшысы оқушыға цифрлық қауіпсіздікті мектептен бастап үйрету қажет деп санайды.
– Себебі бала интернетті мектепте ғана емес, күнделікті өмірінде де қолданады. Сондықтан цифрлық қауіпсіздік информатика сабағының ғана емес, жалпы білім берудің маңызды бөлігі болуы тиіс. Оқушы мықты құпиясөз құруды, жеке мәліметтерін бөтен адамдарға бермеуді, күмәнді сілтемелер мен хаттарды ажыратуды, әлеуметтік желідегі қауіптерден сақтануды ерте жастан үйренуі керек.
Меніңше, басты мақсат – баланы интернеттен қорқыту емес, оны интернетте қауіпсіз, саналы және жауапкершілікпен әрекет етуге үйрету. Өйткені цифрлық сауатты ұрпақ – болашақтың ең маңызды капиталы, – дейді ол.
ЖИ маманы әрі Derbes Tech стартапының негізін қалаушысы Азамат Сакенұлы жасанды интеллект дәуірінде оқушыға ақпаратты жаттап қана қоймай, оны дұрыс қолдану және тексеру маңызды деп есептейді.
– Бірінен-бірін ажыратып алу мүмкін емес, сол себепті екеуі де керек. Базалық білім жатталмаса, ЖИ қатесін байқай алмайсың – тексеру үшін «ішкі эталон» қажет. Ал жеке деректерді жаттаудың мәні жоқ, олар іздеп табылады, – деді Boston University-нің түлегі Азамат Сәкенұлы.
Қазіргі оқушыға бір ғана шет тілін білу аздық па?
Білім саласының эксперті, шетел тілін ауылдағы тірек мектептерінде шетел тілін оқыту бойынша жобаны жасаған Рустам Абиловтың айтуынша, қазіргі оқушыға кемінде бір шет тілін жақсы меңгеру өте маңызды. Алайда маман мәселе тілдің санында емес, оны қандай деңгейде қолдана алатынында дейді.
– Бір тілді жақсы меңгеріп, сол тілде еркін сөйлеу, ақпарат іздеу, оқу, пікірталас жүргізу және кәсіби ортада қолдана білу, бірнеше тілді үстірт білуден әлдеқайда пайдалы. Бүгінде шет тілі тек оқу пәні емес, ол – білімге, технологияға және халықаралық ортаға шығатын құрал. Әсіресе, жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде ағылшын тілін білу оқушыға әлемдегі ақпарат пен білім ресурстарына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстан жағдайында көптілділік – үлкен артықшылық. Қазақ және орыс тілдерін жақсы меңгеріп, оған ағылшын немесе басқа шет тілін қосқан баланың болашақ мүмкіндіктері әлдеқайда кең болады. Бұған қоса, бірнеше тілді ерте жастан меңгеру мидың икемділігін, зейінді ауыстыру және ақпаратты өңдеу қабілетін дамытуға ықпал етеді. Бала жаңа дыбыстар мен интонацияларды ерте жастан табиғи қабылдайтындықтан, дұрыс айтылымды меңгеріп, акцентті азайту мүмкіндігі де жоғары. Сондықтан көптілділік – тек тіл білу емес, баланың когнитивтік дамуы мен болашаққа бейімделуіне ықпал ететін маңызды ресурс, – деді Рустам Абилов.
Оқушыға тілді үйретуде грамматикадан гөрі сөйлеуге басымдық беру керек деп санайды.
– Әрине, сөйлеуге басымдық береміз деп, грамматиканы мүлдем алып тастауға болмайды. Грамматика – тілдің құрылымы, ал сөйлеу сол құрылымды қолдану қабілеті. Біздің мектептерде кейде оқушы бірнеше жыл бойы грамматикалық ережелерді оқиды, тест тапсырмаларын жақсы орындайды, бірақ қарапайым жағдайда ойын еркін жеткізе алмайды. Бұл жерде тіл үйретудің мақсатын қайта қарау керек.
Меніңше, ең дұрыс модель – алдымен коммуникация, ал грамматика сол коммуникацияны қолдайтын құрал болуы керек. Мысалы, балаға Present Perfect-тің формуласын ғана жаттатудан гөрі, оны өзінің тәжірибесі туралы айтуға қолдануды үйреткен тиімді. Сондықтан сабақта speaking, listening, reading және writing бірге дамыта отырып, грамматиканы солардың ішінде табиғи түрде қолданылғаны дұрыс, – дейді білім саласының эксперті.
Рустам Абилов оқушы болашақ мамандыққа қарай тіл таңдауға келгенде «қай тіл сәнді?» дегенді емес, «бұл тіл баланың болашақ мүмкіндігін қалай кеңейтеді?» деген қағидаға сүйену керегін айтты.
«Иә, белгілі бір кезеңнен бастап тіл таңдауда болашақ мамандықты ескерген дұрыс. Бірақ мектептің бастапқы кезеңінде баланың таңдауын тым ерте шектеуге болмайды. Ағылшын тілі бүгін көптеген сала үшін базалық тілге айналды: ғылым, медицина, IT, инженерия, бизнес, халықаралық қатынастар, білім беру. Сондықтан оны фундамент ретінде қарастыруға болады.
Ал екінші немесе үшінші шет тілін оқушының қызығушылығы мен болашақ бағытына қарай таңдауға болады. Мысалы, халықаралық қатынастарда француз, араб немесе қытай тілі пайдалы болуы мүмкін; инженерия мен өндірісте – неміс тілі; аймақтық бизнес пен дипломатияда – қытай, түрік немесе басқа тілдер маңызды болуы мүмкін», – деді Рустам Абилов.
Оның үстіне, қаржы мамандары мектептерде оқушыларға қаржылық сауаттылық оқытылуын дұрыс көреді. Әсіресе, ақшаға қатысты бюджет, жинақ, несие ұғымы, алаяқтықтан сақтану, жауапты тұтыну секілді нәрселерді жөн санайды.
– Балаларымызға 8-10 жасынан бастап қаржылық сауаттылықты үйреткен дұрыс. Нан, сүт секілді күнделікті тұтынатын азық-түлікке ұсақ ақша беріп жұмсаудан бастаған дұрыс. Ақшаның қалай келетіні, қандай мақсаттарға жұмсалатыны жөнінде түсіндіріп отыру қажет. Мектепте қаржылық сауаттылық сабақтары оқытылуы – қазіргі заман талабы. Оқушы смартфонындағы банк қосымшасы ата-анасының карточкасына тіркелетіндіктен, интернет-алаяқтардан сақтануды үнемі ескертіп, қадағалап отырған абзал.
Сонымен қатар төлем талап ететін ойындар мен тіркелулерден сақ болуды да үйретіп отыру қажет, – дейді қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаева.
Сарапшы қазіргі оқушы заманына сай қаржыға байланысты білуі қажет 5 дүниені атады. Олар:
Оқушы мамандықты 13-14 жасынан таңдауы тиіс
Профориентолог, халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі Динара Оспанова мамандық таңдауға келгенде оқушы алдымен өзінен «қайда түсем?» емес, «мен қандай адаммын және қандай өмір сүргім келеді?» деген сұраққа жауап беруі керегін сөз етті. Ал оның мамандықты дұрыс таңдау жасауға мектеп барынша көмектесуі тиіс.
Маманның айтуынша, мектеп ә р оқушының қызығушылығы мен қабілетін анықтайтын іс-шаралар өткізіп, сол бағытқа қарай бет бұруға көмектесу керек. Сан түрлі мамандықтар туралы ақпарат бере отыра, сол маман иелерімен кездестіріп, сұхбаттасу. Үшіншіден, оқушыларды университтер мен колледждерге экскурсияларға апарып, мамандықтар әлемімен кең түрде таныстыруға тырысу. Бағыт-бағдар беруші мамандармен оқушыларды кездестіріп, нақты мамандығын табуға көмектесу. Оған қоса, мектеп ата-аналармен бірлесіп, балаларға болашақ кәсібін таңдауға қолдау көрсетуі керек.
– Баланың мамандық таңдауында ата-ананың рөлі бағыт беруші, қолдаушы ретінде болуы керек. Олар балаға мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат беріп, оның қызығушылығы мен қабілетін зерттеп, өз тәжірибесімен бөлісе алады. Бастысы, ата-ана мамандық таңдауда балаға міндеттеме жасамағаны дұрыс. Оқушыға мамандықты өзіне таңдауына мүмкіндік беріп, өзіне шешім қабылдауға үйретіп, оның таңдауын құрметтеу керек. Осылай жасаса, бала да таңдауын жеңіл түрде әрі сенімді қадам жасай алады, – дейді Динара Оспанова.
Маманның айтуынша, ата-аналардың басты қателігі – мамандықты қоғамдағы беделді мамандық деп немесе сұранысқа ие мамандық деп қарауында.
– Яғни, баланың қабілеті мен қызығушылығына назар аудармай, көп жағдайда ата-аналардың «табысы жоғары мамандық», «беделді жұмыс» деген түсінікпен балаларды өзі қаламаған салаға итермелеп жатады. Егер адам өз ісіне қызықпаса, күйзеліске түсіп, мамандығына да немқұрайлы болуы әбден мүмкін. Сол себепті, ең алдымен талапкерлердің қабілеті мен бейіміне назар аудару қажет. Көп ата-ана баласына «осы мамандыққа барып түс, келешекте жоғары еңбекақы аласың» деп нұсқау береді. Өкінішке қарай, одан нәтиже болмайтынын түсініп жатқаны шамалы.
Оның үстіне, кейбір ата-аналар бұрынғы өздерінің орындалмай қалған арманын балалары арқылы іске асыратыны аз емес. Осының салдарынан көп студент жарты жолда оқуын тастайды немесе оқуын аяқтап, дипломын алып, әке-шешесінің қолына тапсырып, өзі қалаған мамандығына түсіп жататыны тағы бар. Тіпті, оқуға деген зауқы болмай, беті қайтып қалатыны да бар. Сөйтіп, оқымай кетеді. Осылайша, баланың өміріне балта шауып жатқан ата-аналарды жиі кездестіремін. Жақсы табыс пен адам өмірінің бақытты болуы – баланың өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты таңдағанда ғана келеді. Ата-ананың таңдауымен бала өзге адамның ғұмырын кешетінін ұмытпаған жөн. Мамандық таңдау – бір сәттік шешім емес. Бұл – өзін тану процесі. Сондықтан таңдауды бала беру керек, – дейді Динара Оспанова.
Оның сөзінше, мамандық таңдауды оқушы 12-14 жастан таңдаған жөн. «Осы кезде балалар түрлі мамандықпен танысып, өз қызығушылығы мен қабілетін анықтай бастайды. Ал 15 жастан бастап нақты мамандық пен білім беру бағдарламасын таңдауға тереңірек көңіл бөліп, жоғары оқу орнын қарастырып, реттей алады», – деді профориентолог. Бүгінгі оқушыға ең қажетті білім – бәрін білу емес, не білу керек екенін, қай ақпаратқа сенуге болатынын, неге сенетінін және не үшін таңдау жасайтынын түсіну.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов ақпараттық қоғамда білімнің құндылығы оның көлемімен емес, адамның сол білімді пайдалана отырып дұрыс шешім қабылдай алуымен өлшенетінін айтты. Сондықтан қазіргі мектептің басты міндетін «оқушыға мүмкіндігінше көп ақпарат беру» қағидасынан «оқушыны ақпарат арасында адаспайтын тұлға етіп қалыптастыру» қағидасына қарай өзгерту қажет деген пікір білдірді.
– Бұл жерде білім беру мен тәрбие бір-бірінен ажырамайды. Сыни ойлау оқушыға ақпаратты тексеруге көмектессе, эмоционалдық интеллект ақпараттың оған психологиялық тұрғыдан қалай әсер ететінін түсінуге мүмкіндік береді. Ал өзін тану осы ақпараттардың ішінен өзінің құндылығына сәйкес келетін бағытты таңдауға жағдай жасайды. Демек, қазіргі оқушының негізгі құзыреті – ақпаратты есте сақтау емес, ақпараттық ортада өзінің «менін» жоғалтпай өмір сүре алу қабілеті.
Бұл – жаңа дәуірдегі білім берудің ең маңызды міндеттерінің бірі. OECD-тің соңғы зерттеулері де әлеуметтік желіні жастардың өмірінен жай ғана алып тастау емес, оның мүмкіндіктері мен тәуекелдерін қатар түсініп, жастардың шығармашылық, сыни және дербес әрекет ету қабілетін күшейту қажеттігін көрсетеді. Ал ЮНИСЕФ цифрлық сауаттылықты баланың цифрлық әлемде қауіпсіз ғана емес, саналы, сыни және дербес әрекет ету қабілетімен байланыстырады. Сондықтан «бүгінгі оқушыға қандай білім қажет?» деген сұраққа балаға тек әлемді тануға мүмкіндік беретін білім емес, сол әлемнің ақпараттық қысымы жағдайында өзін тануға мүмкіндік беретін білім қажет, – дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов.
Мектепте қандай білім көбірек оқытылсын дегенге Қызылорда облысы Шиелі ауданы Тартоғай ауылының №153 Ш.Есенов атындағы мектеп лицейінің 10 «Ә» сыныбының оқушысы Бақдәулет Құрманбек болашақ өміріне қажетті дағдыларды оқытылғанын қалайды.
– Мектепте болашақ өмірімізге қажет практикалық білім мен дағдылар көбірек оқытылса деймін. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық, жеке бюджетті дұрыс жоспарлау, ақша жинау, кәсіпкерлік негіздері, құқықтық сауаттылық және еңбек нарығында қажет дағдыларды үйрену маңызды деп ойлаймын.
Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай цифрлық технологияларды, жасанды интеллект құралдарын дұрыс әрі қауіпсіз қолдану, ақпаратты іздеу және оның шынайылығын ажырату дағдысы көбірек оқытылса жақсы болар еді, – дейді Бақдәулет Құрманбек.
Тағы бір қызылордалық 9 сынып оқушысы мамандық таңдауға көмектесетін сабаққа басымдық бергені дұрыс деп санайды.
– Меніңше, мектепте мамандық таңдауға көмектесетін шынайы сабақтар көбірек болуы керек. Себебі көп оқушы 11-сыныпқа дейін кім болғысы келетінін сенімді айта алмай, соңында қателесіп жатады. Мектеп бізге сабақ өтіп қана қоймай, әртүрлі мамандарды шақырып, қай салада қандай мүмкіндік бар екенін көрсетсе деймін. Сонда біз тек табыс үшін емес, өзімізге ұнайтын әрі болашағы бар мамандықты сенімді түрде таңдай аламыз, – дейді Мырзабек Дүйсенова атындагы 15 мектеп-лицейінің оқушысы Лаура Руслан.
Түйіндей келгенде, мектептің материалдық базасын жаңарту – білім сапасына бастайтын маңызды қадам ғана. Ең бастысы – сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны оқушының нақты жетістігіне айналдыру. Бүгінгі мектепке жаңа технологиямен қатар, жаңа көзқарас, жаңа мазмұн және жаңа жауапкершілік қажет.
Өйткені сапалы білім – тек заманауи ғимарат пен техниканың нәтижесі емес. Ол – білікті мұғалімнің еңбегі, баланың қызығушылығы, ата-ананың қолдауы және мемлекеттің жүйелі саясаты тоғысқан жерде қалыптасады. Сондықтан өскелең ұрпаққа білім берумен қатар, оның қабілетін ашып, дұрыс бағыт көрсету – баршамызға ортақ міндет.
Бүгінгі мектеп қандай болса, ертеңгі қоғам да сондай болады. Ал бүгінгі оқушыға берілген білім мен тәрбие – елдің ертеңгі адами капиталы. Ендеше, мектептегі өзгерісті ғимараттан ғана емес, оқушының ойлауынан, ізденісінен, білімі мен өмірге деген көзқарасынан көретін уақыт келді.