Бүгін Ақмола облысында Құрылтай сайлауына орай тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында «Тегін көлік» акциясы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Дауыс беру күні өңір тұрғындары сайлау учаскелеріне қоғамдық көлікпен және жеке көліктермен тегін жету мүмкіндігіне ие болды. Игі бастамаға облыстың қалалары мен аудандарындағы жүргізушілер және қоғамдық көлік қызметтері қосылды.
Мәселен, Степногор қаласында таңертеңнен бастап бірқатар жүргізуші тұрғындарды сайлау учаскелеріне тегін жеткізуде. Акцияға өз еркімен қатысып отырған жүргізушілер дауыс берушілердің сайлау учаскелеріне кедергісіз жетуіне көмектесіп жатыр.
Ал Көкшетау қаласында тұрғындарға қоғамдық көлікпен жүру үшін қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ. Бүгін қаладағы барлық қоғамдық көлік бағыттарында жол жүру тегін ұйымдастырылған. Бұл тұрғындардың сайлау учаскелеріне ыңғайлы әрі қосымша шығынсыз жетуіне мүмкіндік беріп отыр.
Аршалы ауданында да сайлау учаскелеріне тұрғындарды жеткізу үшін тегін көлік ұйымдастырылған. Жүргізушілер мен көлік қызметтері дауыс беруге келген азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың сайлау орындарына қолайлы жетуіне жағдай жасауда.
«Тегін көлік» акциясы – дауыс беру күні тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған бастамалардың бірі. Оның басты мақсаты – елді мекендердегі азаматтардың сайлау учаскелеріне еркін әрі қолжетімді жетуіне мүмкіндік беру.
Бүгін Ақмола облысының тұрғындары сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасауда. Ал тегін тасымалдау бастамасы дауыс беруге келген азаматтарға қосымша қолайлы жағдай қалыптастырып отыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы