in

Мұнай өндірісі қалпына келіп, машина жасау 22%-ға өсті

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысында 2026 жылғы жеті айдың қорытындысы мен алдағы жоспарлар қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жеті айда Қазақстанда 53,2 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштің 91,1%-ын құрайды. Сегіз айдың қорытындысы бойынша мұнай өндірісін 60 миллион тоннадан асыру жоспарланып отыр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 9% болды. Негізгі драйверлердің бірі – машина жасау. Қаңтар–шілдеде саладағы өндіріс 22%-ға артты. Автомобиль өндірісі 29,9%-ға өсіп, 102 870 жеңіл көлік шығарылды. Сонымен қатар 1 612 автобус және 4 732 жүк пен арнайы техника өндірілді.

Химия өнеркәсібінде де жоғары өсім сақталды – НКИ 126,9%. Бұл аммофос, аммиак селитрасы, полипропилен және күкірт қышқылы өндірісінің артуына байланысты.

Құрылыс материалдарының өндірісі жеті айда 9,5 миллион тоннаға жетіп, 9,4%-ға өсті. Алайда өсім қарқыны баяулаған. Осыған байланысты Серік Жұманғарин өндірістің төмендеу себептерін анықтап, оны ұлғайту шараларын әзірлеуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығындағы НКИ 105% болды. Азық-түлік өндірісі 13,9%-ға өсті. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған 33 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың қатарында Fufeng жүгеріні қайта өңдеу кәсіпорны мен Тараз қант зауытының жаңа желісі бар.