Салдарынан шаһардың жүздеген көпқабатты үйлері әлі күнге қарапайым игіліктердің өзіне қол жеткізе алмай келеді. Үйлердің аулалары абаттандырылмай, подъездерінің жарық шамдары жанбай, көгілдір отын баллонын күні бүгінге дейін белі қайысып баспалдақпен көтеріп жүргендер жетерлік. Ащы жанайқайын жыл сайын әкімдікке барып, есептік кездесулерде тікелей көтеріп, әлеуметтік желілерде өкпе-назын жіпке тізгенімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қордаланған мәселелер шешімін таппай тұр.
Кеңес дәуірінен бері келе жатқан пәтер иелері кооперативінің орнына кейінгі кезде тұрғын үйлерді басқарушылық компанияларға беру тым кең етек алғаны рас. Құзырлы сала осылайша ондаған жылдар бойы қордаланған жайттарды азғантай уақыт ішінде тиімді түрде шешуді көздеген. Алайда бұл қаражаттың заң алдындағы иесі кім екені, банкротқа ұшыраса яки кенеттен қайтыс болған жағдайда ұсынылған қаражаттың «желге ұшу» ықтималдылығы ескерілмей қалғанға ұқсайды. Жуырда ғана Көкшетауда болған екі бірдей қайғылы оқиға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының заңнамалық тұрғыда да, жергілікті билік тарапынан бақылау жағынан да аса қиын жағдайда екенін аңғартты. Яғни, мәселен, баспана иелері өз тұрғын үйлеріндегі лифт қызметін жөндеу, электр жарығын қалпына келтіру, аулаларын абаттандыру сияқты тағы да басқа қажетті жұмыстарға қаражаттарын уақытында бөлгенімен, ол ақшаның қорғалуына заң жүзінде жауап берілмейтін болып шықты. Басқарушы компания басшысы қайтыс болса, ол ақшаның қорғалуы да күмәнді болып отыр.
Заң қорғамаған ақша
Кейінгі алты ай ішінде Көкшетауда көпқабатты үйлерді басқаратын екі бірдей компанияның басшысы күтпеген жерден өмірден өтті. Бұл оқиғалар тек адами қайғы ғана емес, тұрғындардың жылдар бойы жинаған қаржысының тағдырына қатысты аса үлкен мәселені де күн тәртібіне шығарды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының жілігін шағып, майын ішкен сарапшы маман Айгүл Арынованың айтуынша, алғашқы жағдайда қайтыс болған әйел тек басқарушы компанияның жетекшісі ғана емес, өзі қызмет көрсеткен әрбір үйдің мүлік иелері бірлестігінің де төрайымы болған. Осы жағдайдың өзі мемлекеттік бақылаудың тым әлсіздігін аңғартады.
– Бұл мәселені қалалық тұрғын үй инспекциясы дер кезінде бақыламаған сияқты. Әйел қайтыс болғаннан кейін басқарушылық компанияның қарауындағы бұл үйлердің аса қомақты сомадағы қарызы бар екені анықталды. Тіпті тұрғындарға лифт қызметі тоқтатылды. Абырой болғанда, әр үйде жеке мүлік иелері бірлестігі болғандықтан қаражат үйлердің есепшотында сақталып, мәселе біртіндеп шешілді, – дейді Айгүл Арынова.
Алайда екінші оқиға бұдан әлдеқайда күрделірек болған. Қызығы сол, компанияның басшысы қайтыс болған соң, тұрғындардың жинаған ақшасы сол компания басшысының ұрпағына «мұра» болып қалған. Сонымен тарқатып айтсақ. Басқарушы компания шамамен он көпқабатты үйге қызмет көрсеткен. Компания жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Басшы қайтыс болғаннан кейін ешкім күтпеген жайтқа тап болады. Осы үйлердің барлығынан тұрғындар жинаған қаражат сақталған барлық банк шоттары заң бойынша марқұмның мұрагерлеріне өтіп кеткен. Сонымен бірге әр үйдің электр энергиясы мен лифт қызметі үшін де қыруар көлемде берешегі бары анықталған. Енді тұрғындар сотта немесе басқа құқықтық тәртіппен банктегі қаражаттың жеке кәсіпкердің емес, нақты сол үйлерден алынған өз ақшасы екенін дәлелдеуге мәжбүр.
Бұл – тұрғындардың өз ақшасына өзі иелік ете алмайтын құқықтық парадокс болып отыр. Яғни заңдық тұрғыдан алғанда тұрғындардың қауіпсіздігі аяқасты қалғаны анық аңғарылады.
Қауіп тек өліммен шектелмейді
Сарапшының айтуына қарағанда, мәселе мұнымен де аяқталмайды. Егер басқарушы компанияның басшысы өзінің жеке мақсаттағы қарыздарын өтей алмай банк алдында борышкерге айналған жағдайда, сол компания басқаруындағы тұрғын үйлер де қарызға белшесінен батады. Яғни компания иесінің есепшоттарына тыйым салынса, салық немесе сот орындаушылары шектеу қойса, сондай-ақ жиналған қаражатпен ізін суытып ізім-ғайым қашып кеткен жағдайда да тұрғындардың ақшасы сол кәсіпкердің мүлкімен бірге бұғатталуы немесе өндіріп алынуы әбден мүмкін.
– Осы бір көріністерден заңнаманың әлсіз әрі шикі тұстары ашық көрінді. Қазіргі модель тұрғындардың қаражатын басқарушы компаниялардың кәсіпкерлік тәуекелінен мүлдем қорғай алмайды, – дейді Айгүл Арынова.
Бұл пікірмен Астанадағы «Территория права» қоғамдық бақылау тобының жетекшісі Павел Шульгин де келісетінін жеткізді. Оның айтуына қарағанда, мәселе тек жеке кәсіпкерлерге ғана қатысты емес. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген басқарушы компанияларда да тәуекел жеткілікті.
– Заңды тұлғаның жүздеген есепшоты болуы мүмкін. Әрқайсысын белгілі бір үйге қатысты деп есеп айырысу орталығына тіркеп қояды. Бірақ компанияның өзі банкрот болуы, қызметін тоқтатуы, борышкерге айналуы немесе есепшоттарына тыйым салынуы әбден мүмкін, – дейді Павел Шульгин.
Оның сөзінше, ең күрделі мәселенің бірі – коммерциялық құпия. Тұрғындар өздері жинаған ақшаның нақты қанша көлемде түскенін немесе қаншасы жұмсалғанын банк арқылы да, басқарушы компания арқылы да толық біле алмайды.
– Егер сіз басқарушы жауапкершілігі шектеулі серіктестік есепшотындағы ақша қозғалысын сұрасаңыз, ешкім толық есеп беруге міндетті емес. Себебі коммерциялық құпия ұғымы бар, – дейді сарапшы.
Яғни тұрғындардың қаражаты болғанымен, оны өздерінің тікелей бақылауға алуына мүмкіндігі жоқ.
Барлық басқарушы компания бірдей емес
Дегенмен бұл пікірмен Көкшетаудағы «Алтын-Тірек» басқарушы компаниясының басшысы Золотхан Озиева толық келіспейтінін ашық айтты. Оның айтуынша, мәселе компанияның құқықтық мәртебесінде емес, қаржының қалай ұйымдастырылғанында болып отыр.
– Мәселен, біздің компания жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде тіркелген. Әр үйдің жеке есепшоты бар. Қауіп барлық қаражат бір ғана жеке кәсіпкердің есепшотында жиналған кезде туындайды. Ондай жағдайда оның қайсысы кәсіпкердің жеке ақшасы, қайсысы тұрғындардың қаражаты екенін дәлелдеу қиын, – дейді Золотхан Озиева.
Көкшетаудағы бес қабатты үйдің мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Дмитрий Данько заң талаптары дұрыс сақталса, тұрғындардың қаражатын қорғауға болатынын айтады. Оның сөзінше, ол үшін әр үйде ағымдағы есепшот сондай-ақ жинақтау есепшоттары болуға тиіс. Бұлардың екеуі де мүлік иелері бірлестігінің атына рәсімделеді. Төраға тек ағымдағы шоттағы қаражатты ғана пайдалана алады. Ал жинақтау қорындағы ақша тұрғындардың кемінде 51 пайызы келісім берген жағдайда ғана жұмсалады.
– Мен де осы үйдің тұрғынымын. Ақшаны алып қашып кетемін деу қисынсыз. Әр айдың 20-сында басқарушы компания есеп береді. Мұны тұрғын үй инспекциясы да тексереді, – дейді Дмитрий Данько.
Дегенмен Павел Шульгиннің пікірінше, мүлік иелері бірлестігінің есепшотына басқарушы компанияға сенімхат беру де қауіпсіз шешім емес. Өйткені заң бойынша тұрғындардың қаражатына түпкілікті жауап беретін адам – мүлік иелері бірлестігінің төрағасы. Егер қаражат заңсыз жұмсалса немесе жоғалса, жауапкершілік те соған жүктелмек. Сондықтан сарапшы жұмыстарды тек келісімшарт негізінде орындап, төлемді нақты орындалған қызмет үшін ғана жүргізуді ұсынады.
Павел Шульгин көтерген тағы бір мәселе – тұрғындардың жинақ қорындағы қаражаттың тым құнсызданып кетуі болды. Оның есебінше, екінші деңгейлі банктердің есепшоттарында көпқабатты үйлердің ондаған миллиард теңге көлеміндегі жинақ қаражаты сақтаулы. Алайда жеке тұлғалардың депозиттері жылына 10-20 пайызға дейін табыс әкелсе, заңды тұлғалардың шоттарына ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесі небәрі 7-10 пайызды құрайды. Инфляция жағдайында бұл қаражаттың сатып алу қабілеті жылдан-жылға төмендей береді.
Бүгін жиналған ақша бірнеше жылдан кейін жоспарланған күрделі жөндеуге жетпеуі әбден мүмкін.
Көкшетаудағы екі бірдей қайғылы оқиға бір ғана қаланың мәселесі емес. Бұл – Қазақстандағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің институционалдық және заңдық тұрғыдан әлсіздігін көрсеткен нақты мысал. Бүгінде елімізде тұрғындардың миллиардтаған теңгесі жеке кәсіпкерлердің немесе коммерциялық ұйымдардың есепшоттары арқылы айналымға түскен. Бірақ сол қаражаттың меншік құқығы, құқықтық қорғалуы және төтенше жағдайлардағы тағдыры нақты қалай болатыны әрі толық реттелмеген болып шықты.
Сарапшылардың пікірінше, заңнамада кем дегенде бірнеше мәселе қайта қаралуға тиіс. Біріншіден, тұрғындардың қаражатын басқарушы компанияның жеке активтерінен толық ажырату керек. Яғни басқарушы компания банкрот болған немесе басшысы қайтыс болған жағдайда қаражаттың автоматты түрде тұрғындарға тиесілі екені заңмен бекітіліп берілуі керек. Сонымен қатар әр үйдің есепшотына толық ашық цифрлық бақылау енгізу, тұрғындардың қаражатын үшінші тұлғалардың өндіріп алуынан қорғаудың арнайы тетігін қалыптастыру түйінді түйткілдің уақыт создырмай шешімін табуына ықпал етеді. Өйткені тұрғындардың ай сайын төлейтін ақшасы – басқарушы компанияның табысы емес. Ол – тұрғындардың ортақ мүлкі. Егер заң осы қаражатты толық қорғай алмаса, кез келген күтпеген жағдай мыңдаған отбасының жылдар бойы жинаған қаржысын бір-ақ сәтте «желге ұшыруы» әбден мүмкін.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы