in

Автополис: артық төлемге абай болыңыз

Бірі полис бағасының күрт өскеніне наразы болса, екінші тарап апаттар бойынша төлемнің көбейгенін алға тартады. Нарықтағы түсім өсіп келе жатқанымен, сақтандыру төлемі одан да жылдам қарқынмен ұлғайып барады. Соның салдарынан автосақтандырудың бағасы, оған қосылатын қызметтер мен жүргізушінің тәуекелін есептеу тәртібі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Бұл қайшылық қазір қара­пайым көлік иелерінің күнделікті тәжірибесінен де кө­ріне бастады. Нарықта сақтан­дыру төлемі көбейіп жатқан тұста кей жүргізушілер полис рәсім­дегенде бұрын-соңды болмаған соманы көріп отыр. Солардың бірі өткен айда міндетті автосақ­тандыруды небәрі 13 мың теңгеге алған. Арада көп уақыт өтпей қолданыстағы полиске жүргізуші куәлігін жақында алған көлік иесін қоспақ болғанда, Halyk қосымшасындағы баға 194 мың теңгеге бір-ақ көтерілген.

Бір айдың ішінде болған мұндай өзгеріс көлік иесін таң­ғалдырған. Кеше ғана он мыңдап саналған полиске енді жүз мың­дап ақша сұралуының себебі неде? Оның үстіне, бұл жалғыз адамның басындағы жағдай емес. Тағы бір жүргізуші бұрын жылдық сақтан­дыруға 27 мың теңге төлеп келге­нін, ал қазір Halyk қосым­шасында 167 мың теңге көрсе­тілгенін айтады. Себебін білмек болып қолдау қызметіне хабар­ласқанда, оған брокер арқылы жұмыс істеу­ге байланысты түсі­нік­теме беріл­ген.

Көлік иелерінің әңгімесіне қарағанда, мәселе полистің қым­баттауымен ғана бітпейді. Кейде жүргізуші төлем жасар алдында экрандағы соманың неден құралғанына да үңілуге мәжбүр. Мәселен, қолдану­шы­лардың бірі сақтандыруды рә­сімдеу кезінде не­гізгі полистің жанынан «КАСКО Лайт» пен «Жолдағы көмек» қызметтерін байқаған. Біріншісінің құны – 18 мың, екіншісінікі – 7 мың теңге. Ол екеуінен бас тартқаннан кейін ғана төлем азайған.

«Оны өшіруге болады, бірақ бірден байқамайсың. Артық қыз­меттердің бәрін алып тастағанда сақтандыру бұрынғы бағасына келеді. Ал жаңадан жүргізуші куәлігін алғандарда «бағаны өз­герту» деген батырма жоқ. Сонда олар сақтандыруға 200 мың тең­геге жуық төлейді, оның сыртын­да техникалық байқауы мен салы­ғы тағы бар. Көлігің кредитте бол­са, шығынның үстіне шығын қос­ы­лады», – дейді ол.

Дегенмен міндетті сақ­тан­ды­рудың өз бағасы неге бір адамға арзан, екіншісіне қымбат түседі деген әңгіменің төркіні басқа. Мұн­да жүргізушінің жасы да, тә­жірибесі де, жолдағы жүріс-тұры­сы да есепке кіреді. Өйткені Қа­зақ­станда міндетті автосақ­тандыру үшін барлығына ортақ бір ғана баға белгіленбейді. Fingramota.kz түсіндірмесіне сәйкес, по­лис­тің құны бірнеше көрсет­кішке тәуелді. Есептің негізінде базалық сақтандыру сыйақысы жатыр, одан кейін көлік пен жүр­гізушіге қатысты коэффи­циент­тер қолда­нылады.

Бағаға көлік құралының тір­кел­ген өңірі, жүргізу­шінің жасы мен жүргізушілік өтілі, көліктің түрі, пайдаланылған мерзімі және сақтандыру тарихы әсер етеді. Жүр­гізуші өз кінәсінен жол-көлік оқиғасына түспесе, оның сақтан­дыру класы біртіндеп жоғары­лайды және полиске қолданы­латын коэффициент тиімді бола түседі. Ал жүргізушінің кінәсінен сақтандыру жағдайы тіркелсе, класс төмендеп, келесі полистің бағасына әсер етуі мүм­кін. Бас­қаша айтқанда, міндетті сақтан­ды­руда көліктің өзі ғана емес, оны басқаратын адамның сақ­тан­дыру тарихы да маңызды.

Өңірлік айырмашылықтың болуы да осы тәуекел қа­ғидатына негізделген. Fingramota.kz мәлі­метінше, 2026 жылы өңір­лік коэф­фициенттерді есептеген­де белгілі бір аумақта жасалған сақ­тандыру шартта­рының саны мен сол өңірдегі сақ­тандыру жағ­дай­лары ескеріледі. Яғни жол апаты жиі тіркелетін өңір мен сақтан­дыру жағдайы аз аймақтағы бірдей жүргізушілердің полис құны сәйкес келмеуі мүмкін.

Бағаның бағамы біркелкі

Нарықтағы нақты бағаларды салыстырған Ranking.kz зерттеуі де қызық нәтиже көрсетеді. 2026 жылғы шілдеде басылым Алма­тыда тұратын, сақтандырудың 13-класына ие, көлігі жеті жылдан аспаған жүргізуші үшін бірнеше ірі компаниядағы міндетті авто­сақтандыру бағасын тексерген. «Евразияда» полис 19,8 мың теңге шамасында болса, Halyk Insurance, Alatau City Garant және «НОМАД Иншуранста» 19,9 мың теңге болған. Осы төрт сақтан­дырушы арасындағы айырмашы­лық небәрі 51 теңгені құраған.

Ranking.kz салыстырған баға­ларға қарасақ, қал­ып­­ты сақтан­дыру тарихы бар жүр­гізуші үшін ірі компания­лардың ұсыныстары шамалас. Яғни полис құнының бірден жүз мың теңгеден асып кетуін тек компаниялардың та­риф айырма­сымен түсіндіру қиын. Мұндайда бағаны өсірген себепті жүргізу­шінің өз деректе­рінен де, полис­пен бірге ұсыныл­ған өзге қызмет­терден де іздеуге тура келеді.

Freedom Finance Insurance-тегі есеп өзгеше болған. Мұнда жүргізушіге 23,7 мың теңге төлеу ұсынылған. Ranking.kz мәлімет­інше, соның 4 мың теңгесі сақ­тан­дырудың өзіне емес, бро­кер­дің қызметіне тиесілі болған.

Halyk Insurance компания­сының түсіндіруінше, сақтандыру брокері – сақтанушының мүдде­сінде әрекет ететін және сақтан­дыру компаниясынан тәуелсіз делдал.

«Сақтандыру брокері – кли­ент пен сақтандыру компан­ия­лары ара­сындағы тәуелсіз делдал. Оның негізгі міндеті – сақтану­шы­ның мүддесін қорғай отырып, клиент үшін неғұрлым тиімді әрі қолайлы сақтандыру шарттарын таңдау. Брокер өз қызметін шарт негі­зінде көрсетеді және сол қыз­меті үшін сыйақы алу­ға құқы­лы. Бұл ретте сақ­тан­дыру ком­пан­иясы брокер комис­сиясының мөл­­ше­рін белгі­леуге қатыс­пай­ды», – деп түсін­дірді Halyk Insurance.

Fingramota.kz түсіндір­ме­сіне сәйкес, міндетті сақ­тан­дырудың негізгі мақсаты – жүргізушінің кінәсінен жол апаты болған жағ­дайда зардап шеккен тарапқа келтірілген зиян­ды өтеу. Ал КАСКО – ерікті сақ­тан­­дыру өнімі және ол көлік иесі­нің өзінің авто­мобиліне қа­тыс­ты тәуекел­дерді қамтиды. Сон­дықтан КАСКО алу сақтан­дыру полисін рәсімдеудің міндет­ті шарты емес.

Міндетті автосақ­тандыру­дың бағасына жүргізуші тұрғысынан қарасақ, басты мәсе­ле – полистің қолжетімділігі. Ал сақтандыру компаниялары үшін негізгі көр­сет­кіштердің бірі – жиналған сыйақы мен сақтандыру жағдай­лары бойынша жасалған төлем­нің арақатынасы. Соңғы жыл­дардағы статистика осы екі көр­сеткіш ара­сындағы алшақ­тық­тың қыс­қарып келе жатқа­нын байқатады.

Қаржы бар, қарымы қандай?

Ranking.kz дерегінше, 2026 жыл­дың қаңтар-мамырында сақ­тандыру компаниялары міндетті сақтандыру бойынша 64,7 млрд теңге сыйлықақы жинаған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 17,2%-ға көп. Бірақ осы кезеңдегі сақтан­дыру төлемдері одан да жылдам 18,7%-ға өсіп, 50,2 млрд теңгеге жеткен.

Нәтижесінде, төлемдердің сыйақыларға арақаты­насы 77,6%-ды құрады. Қарапай­ым есеппен айтқанда, сақтан­ды­рушылар жүргіз­ушілерден жин­а­ған әр 100 теңгенің шамамен 78 теңгесін сақтандыру жағдай­лары бойынша қайта төлеген. Оның үстіне, бұл есепке ком­па­ния­лар­дың барлық операциялық шығын­дары кір­мейді.

Бұл бір жылдың ғана көрінісі емес. 2025 жылы міндетті сақтан­дыру бойынша жиналған сый­лыақы 136,8 млрд теңгеге жетіп, 17,3%-ға өскен. Ал төлемдер бір­ден 32,3%-ға артып, 105,9 млрд тең­ге­ні құраған. Соның сал­да­рынан төлемдердің сыйақыларға арақатынасы 2024 жылғы 68,6%-дан 2025 жылы 77,4%-ға көте­рілген.

Ұзақмерзімді динамика одан да айқын. Ranking.kz есебіне сәй­кес, 2019 жылмен салыс­тыр­ғанда жиналған автополис сыйақылары 78,4%-ға өскен, ал сақтандыру төл­емдерінің көлемі 3,6 есе кө­бей­­ген. 2019 жылы төлемдердің сый­лық­ақыларға арақатынасы 38,7% болса, 2025 жылы 77,4%-ға жеткен.

Автосақтандыруды алда не күтіп тұр?

Сақтандыру компаниялары үшін ендігі мәселе – жүргізушінің жолда қаншалықты тәуекел туды­ратынын дәлірек есептеу. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы мақ­сатқа арналған OGPO Insurance Scoring Dataset деректер қорын ашық қолданысқа шығарды. Оның көмегімен ма­ман­дар жүр­гізу­шінің жол апатына түсу ықти­малдығын бағалайтын модельдер әзірлей алады.

Агенттік жаңа тәсіл тәуекелі жоғары және тәртіпті жүргізу­шілердің арасын дәлірек ажыра­туға мүмкіндік береді деп есеп­тейді.

«Жүйе жол-көлік оқиғасы тәуекелін әділ бағалауға және клиенттік базаны сақтай отырып, портфель бойынша төлем коэф­фициентін қалыпты деңгейде ұстауға көмектесетін модельдерді әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әділдік қағидатына негіз­делген: сыйақыны көтеру тәуекелі жоғары жүргізушілерге ғана қарас­­тырылған, ал жол ережесіне сақ жүргізушілер үшін сақтандыру шығындарын бұрынғы деңгейде қалады немесе тіпті азаюы мүм­кін», – делінген Агенттік мәлім­де­месінде.

Яғни жол апатына жиі се­беп болатын жүргізуші көбірек, ал жылдар бойы апатсыз жүрген адам азырақ төлеуі мүм­кін. Қазір­дің өзінде міндетті автосақ­тандыруда осы қағидаға құрылған «бонус-малус» жүйесі бар. Жаңа деректер қоры тәуе­келді бұдан да дәлірек бағалауға жол ашады.

Жүргізуші үшін ең маңызды­сы – не үшін көбірек төлеп отыр­ғанын түсіну. Баға апат тарихына, тәжірибесіне байланысты өсті ме, әлде полиске басқа қызметтер қосылды ма – мұның бәрі анық көрінуі керек. Ал жаңа скорингтің қарапайым көлік иесінің төлейтін ақшасына нақты қалай әсер ете­тіні әзірге белгісіз.

Кәмила ДҮЙСЕН