Өңірге жұмыс сапары аясында партия Төрағасы Айбек Дәдебай Құрылтай депутаттығына кандидаттармен бірге Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің, С. Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұжымдарымен, сондай-ақ креативті жастардың өкілдерімен кездесті.
Жиынның негізгі тақырыптарының бірі – медицина кадрларының тапшылығы. М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің аға оқытушысы Гүлнар Қалманова бүгінде Ақтөбе облысында 120-дан астам дәрігер жетіспейтінін атап өтті. Сонымен қатар телемедицинаны, электронды медициналық жүйелер мен жасанды интеллект технологияларын дамыту, сондай-ақ ауылдық жерлерде жұмыс істеуге дайын жас мамандарды қосымша ынталандыру шараларын енгізу қажеттігін айтты.
Құрылтай депутаттығына кандидат Шолпан Каринова партия денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін дамытуды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастыратынын жеткізді. Атап айтқанда, партияның сайлауалды бағдарламасында «Саламатты шаңырақ» салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық науқанды іске асыру, кардиологиялық қызметті жаңғырту және еліміздің барлық өңірінде кардиореабилитация жүйесін кезең-кезеңімен дамыту көзделген.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы кардиологиялық қызметті жүйелі түрде жаңғыртуды көздейді. Біз еліміздің барлық өңірінде кардиореабилитацияны дамытуды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары үшін кардиолог дәрігерлерді көбірек даярлауды, сондай-ақ кардиореабилитация бағыты бойынша реабилитолог дәрігерлердің, емдік дене шынықтыру нұсқаушыларының, кинезиотерапевтердің және мейіргерлердің үздіксіз білім алуын қамтамасыз етуді ұсынамыз», – деді Шолпан Каринова.
Кездесуге қатысушылар білім мен ғылым мәселелеріне де ерекше назар аударды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Мейрамгүл Есенғұлова сапалы білім беру, жас ғалымдарды қолдау және университет ғылымын дамыту елдің ұзақмерзімді дамуының негізі екенін атап өтті.
Жоғары оқу орындары мен ғылымды дамыту жөніндегі бастамаларды философия докторы (PhD) Бекарыс Олжабаев та қолдап, білім беру, ғылыми-зерттеулер және заманауи технологиялар арасындағы ықпалдастықты одан әрі күшейтудің маңызына тоқталды.
«Бүгінде мемлекеттердің басты бәсекелестік артықшылығы – білім. Сондықтан ғылымды, университеттерді, инновацияларды және заманауи білім беру технологияларын дамытуға бағытталған партияның ұсыныстары жаңа буын мамандарын даярлау үшін аса маңызды», – деді Мейрамгүл Есенғұлова.
Профессорлық-оқытушылық құрам алдында сөз сөйлеген «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай бүгінде университеттер ел экономикасына қажетті жаңа технологиялар мен тың шешімдер дүниеге келетін орталыққа айналуы тиіс екенін айтты. Ол үшін университеттер, ғылыми-зерттеулер және экономиканың нақты секторы арасында берік байланыс орнату маңызды. Сонда ғана ғалымдар дайындаған дүниелер іс жүзінде қолданылады.
«Соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда ғылым саласындағы саясат жүйелі түрде күшейтіліп келеді: Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі көтерілді, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылданды, саланы қаржыландыру көлемі едәуір артты. «Әділет» партиясы бұл стратегиялық бағытты қолдайды. Ендігі маңызды міндет – ғылыми әзірлемелер университет зертханаларында ғана қалып қоймай, экономикаға қажетті технологияларға, жаңа өндірістерге және заманауи жұмыс орындарына айналуы. Сондықтан біз жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігі мен ғылыми әлеуетін күшейтіп, оларды өңірлік инновация орталықтарына айналдыруды ұсынамыз», – деді Айбек Дәдебай.
Оның айтуынша, партия жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың жанынан эндаумент-қорларды дамытуды да ұсынады. Бұл ғылымды қаржыландыруға бизнес өкілдерін, инвесторлар мен меценаттарды тұрақты түрде тартудың тиімді тетігін қалыптастырып, перспективалы ғылыми жұмыстарды өндіріске енгізу үдерісін жеделдетуге мүмкіндік береді.
Жұмыс сапарының жалғасы өңірдің креативті жастарымен өтті. Қатысушылар үшін партияның бес негізгі құндылығына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Кандидаттар жас мамандарды қолдау шаралары туралы айтып, қосымша төлемдер, қызметтік тұрғын үй бағдарламалары, жеңілдетілген ипотека және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту жөніндегі бастамаларды таныстырды. Әсіресе өңірлерде еңбек етуді таңдаған жастарға ерекше көңіл бөлінетіні айтылды.
Студенттік спортты дамыту мәселесі де жеке көтерілді. Өңір тұрғыны Ағысбай Жарасқан дарынды спортшылардың кәсіби спорттағы мансабын жоғары біліммен қатар алып жүруіне жағдай жасайтын жүйе енгізу жоспары бар ма деген мәселені көтерді. Сонымен қатар жастар креативті экономиканы дамыту мәселесін де белсенді талқылады. Өңір тұрғыны Аружан Тайпақова кино, ойын индустриясы, музыка, анимация, дизайн және цифрлық контент бүгінде экономиканың жаңа өсу нүктелеріне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашып, жас мамандарға тың мүмкіндіктер беріп отырғанын атап өтті.
Студенттік спортты дамыту мәселесіне қатысты сұраққа жауап берген депутаттыққа кандидат Лаура Қарабасова партия студенттік спортты дамытуды, спортшыларға арналған гранттар мен шәкіртақылар санын көбейтуді, жоғары оқу орындарының спорттық инфрақұрылымын жаңғыртуды және ұлттық студенттік лигаларды дамытуды қолдайтынын айтты.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай адам капиталын дамыту партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Қазақстан халқының үштен біріне жуығы – жастар. Сондықтан жастарды қолдау – партияның басты басымдықтарының бірі. Біз дарынды жастарды қолдаудың бірыңғай жүйесін қалыптастырып, жасанды интеллект бойынша оқыту жобаларын енгізуді көздеп отырмыз. Еңбек жолын енді бастаған жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын кемінде 40 мың жас маман тәлімгерлердің қолдауымен алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтау мүмкіндігіне ие болады. Осылайша әлеуметтік лифттер тек меритократия қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс», – деді Айбек Дәдебай.
Ақтөбе облысына дейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарында болды. Ал Ақтөбедегі кездесулер ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, кәсіпкерлер, креативті жастар және әйелдер қауымдастығының өкілдерімен өтті.
Партияның қызметі туралы басқа да жаңалықтарды ресми Telegram-арнамыздан оқи аласыздар: https://t.me/adilet_partiyasy