in

Қалыпты әрі қауіпті қарыз

Биыл бюджетке түскен базалық кіріс­тің әрбір бесінші теңгесі бұрынғы қарыз­дардың өзін емес, пайыз­дарын төлеуге жұмсалып жатыр. Ақшаға шақсақ, 3 трлн теңгеге жуықтайды. Біле білсек, бұл – не­гізгі борышты бір тиынға да азайтпайтын, кезінде қарыз берген инвесторлардың игілігіне ғана жұмыс істейтін қып-қызыл шығын.

3 трлн теңгенің қаншалықты орасан қаражат екенін көзге елестету үшін оны салалық мекемелердің ресурс көлемімен салыстырайық. Мысалы, Денсаулық сақ­тау министрлігінің бір жылдық бюджеті – 2,7 трлн теңге. Ауыл шаруашылығы министрлігіне 650 млрд, Көлік министр­лігіне 850 млрд теңгеден бөлініп тұрады. Яғни тек пайыздарды өтейтін қайтарым­сыз қаржы ДСМ бюджетімен бірдей, ал АШМ мен КМ-нің біріктірілген бюджеті­нен екі есе артық деген сөз.

Қарапайым тілмен айтқанда, 3 трлн теңгеге орташа сыйымдылығы 1 200 оқу­шыға арналған 600 жаңа мектеп, 100 көпбейінді аурухана салып, 3 мың шақырым төрт жолақты жол төсеуге, 120 мың отба­с­ын баспанамен қамтамасыз етуге болады.

Жалпы, айналасы алты-ақ жылда кре­диторлардың жұтқыншағына жұты­латын осындай шығындар үш есе көбей­іп, тарихи рекорд жаңартыпты. Мәселен, 2020 жылы мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығыны 1 трлн теңгені төңірек­тейтін. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1,8 трлн-­ға жеткен. 2026 жылы пайыздық төлем­дер 3 трлн теңгелік межені бағын­дырды.

Үкімет неге мұнша борышқа батты? Өйт­кені Ұлттық банк инфляциямен күрес аясында базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ұстады. Нәтижесін­де, ішкі нарықта БЗЖҚ мен банктердің сый­ақы мөлшерлемесі көтері­ліп кетті. Бұ­рын тек 6-7 пайызбен қарыз алып жүр­ген Қаржы министрлігі 2022-2025 жылдары 13-15 пайыздық ставкамен борыштануға мәжбүр болды. Сөйтіп, мем­лекет өзіне өте қымбат ішкі міндет­те­мелер жинап алды. Іштен жинамай қайт­сін, тура сол кезеңде сыртқы нарықта қаржылық ахуал қырық құбылып тұрған. Жаһандық инфляция жағдайында АҚШ-тың Федералды резерв­тік жүйесі мен Еуро­па орталық банкі де сыйақы мөл­шер­лемесін күрт өсірген. Со-ны­мен қатар доллар бағамының шарық­та-уы да пайыз­дық төлемдерді қатты ұлғай­тып жіберді. Себебі доллармен алған қар­ыз­дың куп­он­дары да доллармен есептеледі.

Халықаралық қаржы ұйымдары­ның баға­лауынша, егер қарызға қызмет көр­се­ту шығындары таза бюд­жеттік табыс­тың 10 пайызынан көп бол­са, фискалдық жүйе жоғары тәуекел айма­ғына өтеді. Ал біз 20 пайыз көрсет­кіш­пен осы қызыл сызықтан екі есе асып кеткенбіз. Ең қи­ыны, купондық төлем міндетті шығындар санатына кіреді. Экономика қандай дағдарысқа түссе де, мемлекет бұл 3 трлн-ды өтеуден бас тарта алмай, дефолт қау­піне ұшырайды. Үкімет ендігі ретте эко­номиканы дамыту үшін емес, баяғы қарыздардың пайызын төлеу үшін жаңа қарыздар  алуға мәжбүр болатын қатерлі шекке таяп қалды.

Алайда сыртқы қарыздың бәрін мем­лекет мойнындағы борыш деп жаңсақ түсінбеуіміз керек. Халықаралық әдісте­меге сәйкес, жалпылама статистикада Үкіметтің, банктердің, жекеменшік ком­па­н­иялардың жиынтық қарызы тегіс қамтылады. Қазақстан шетелге 182 млрд доллар, яки 91 трлн теңге берешек деген­де бұл сома үш негізгі блокқа бөлінеді.

Біріншісі – Қаржы министрлігі мен Ұлттық банктің бюджет тапшылығын жабу үшін Лондон, Нью-Йорк биржа­ларынан шығарған облигациялары және Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, Ислам даму банкі тәрізді қаржы ұйым­да­рынан тартқан несиелері. Тікелей мемле­кеттік борыш болып саналатын бұл қа­рыз­дардың көлемі – 16 млрд доллар немесе жалпы соманың 8,8 пайызы.

Екіншісі – квазимемлекеттік құ­ры­­лымдардың сыртқы қарызы. Мемлекет бақылауындағы «Самұрық-Қазы­на» қоры, «Бәйтерек» холдингі, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», KEGOC сияқты ұлттық компаниялар шет­елдік қаржы институт­тарына шама­мен 25 млрд доллар берешек. Жалпы сомадағы үлесі – 14 пайыз.

Ең үлкен үшінші топтағы жеке сектор мен фирмааралық борыштың көлемі – 141 млрд доллар немесе жиынтық сыртқы қарыздың 77 пайызы. Оның ішінде 90 млрд доллардан астамын, яғни жалпы берешектің жартысына жуығын фирма­ара­лық берешек құрайды. Фирмааралық берешек дегеніміз – Chevron, ExxonMobil, Shell сынды тікелей шетелдік ин­вес­торлардың Қазақстандағы өз еншілес кәсіп­орындарына берген несиелері. Мем­лекет қарызының бұған қатысы жоқ.

Мамандар осы орайда шетелдіктер ал­дындағы қаржылық міндеттемелер қа­лып­ты қарыз және қауіпті қарыз деп жіктейді.

Ең қауіпсіз борыш – манағы фирма­ара­лық берешектер. Өйткені бұл қарызға республикалық бюджеттен бір тиын бө­лін­бейді. Алда-жалда, мәселен, «Теңіз­ше­в­ройл» жобасындағы шетелдік инвес­тор еншілес компаниясына сеніп тап­сыр­ған несиесін кері қайтара алмаса, мем­лекет те, халық та оған жауап бермей­ді. Шығын шексе, инвестордың өзі шегеді, соттасса, жеке субъектілер өзара соттасады.

Қалыпты қарыз деп Үкіметтің мой­нын­дағы борышты айтуға болады. Себебі тікелей мемлекеттік сыртқы қарыздың сомасы – 16 млрд доллар ғана, ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 5,7 пайыз ғана.

Экономистердің пікірінше, тәуе­келі ең жоғары блок – квазимем­лекеттік сек­тордың борышы. Неге десек, ұлттық компаниялар шетелден дол­лармен қарыз алады да, ішкі нарықта теңгемен есеп айырысады. Олардың көрсететін қызметі мен сататын тауар­лары­ның бағасы ұлт­тық валютамен бел­гіленеді. Теңге бағамы арзандаған сайын бұл компаниялардың қарызды өтеу шы­ғындары еселеп өседі. Ондайда квази­мемлекеттік сектор рес­пуб­ликалық бюд­жетке алақан жайып, субсидия сұрайды. Иә, нарық қисыны бойынша ұлттық компаниялар дербес заңды тұлғаға жата­ды. Дегенмен түптеп келгенде «Самұрық-Қазына» құрамын­да­ғы ұлттық компания­лар немесе Қазақ­стан Даму банкі сыртқы қарызын төлей алмай қалса, мемлекет олардың банкрот болуына жол бере қоймайды. Өйткені квазимемлеттік құры­лымдар дефолт жария­ласа, елдің қаржылық рейтингі құл­дырап, страте­гиялық нысандар шет­елдіктердің шеңге­ліне ілігіп кетуі мүмкін. Сондықтан мем­лекет ұлттық компания­ларды қайтсе де құтқарып қалуға тыры­сады.

Айтпақшы, әлеуметтік медиада әр қазақстандық шетелге мыңдаған доллар қарыз деген рас-өтірігі аралас әңгіме айтылады. Қарабайыр арифметикаға сал­ғанда дұрыс болғанымен, мұның артында қоғам санасына манипуляция жасау әре­кеттері жасырынып жатқандай көрінеді. Иә, 182 млрд долларды 20 млн тұрғынға бөлсек, әр адамға 9 мың доллардан айна­ла­ды екен. Бірақ бұл ақшаның 77-78 пайызы жекеменшік компаниялар мен шетелдік инвесторлардың өзара берешек­терінен құралады. Шын мәнінде, халық­тың мойнына жанама түрде түсетін ті­келей мемлекеттік қарызды – 16 млрд долларды жан санына шақсақ, кісі басына 750 доллардан (360-380 мың теңге) келеді.

Қысқасы, сыртқы қарызды мақтауға да, даттауға да дәтіміз бармайды. Қарыз – тек қаржылық құрал. Егер Үкімет сырт­тан несие алып, оны ақшалай пайда әке­ле­тін жобаларға жұмсаса, тиын егіп, теңге орудың амалын тапса – құба-құп. Ал бюджеттің жыртығын жамауға, баянсыз бағдарламалардың шығынын жабуға деп қарызға батса, ол елдің ертеңін кепілге қоюмен тең.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ