Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы жаңартылып, мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайтылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Енді қатысушылар жаңа өңірден баспана сатып алу үшін 7 миллион теңгеге дейін экономикалық ұтқырлық сертификатын ала алады.
Бағдарлама аясында азаматтарға көшу шығындарына субсидия төленеді, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтердің ақысы өтеледі. Сондай-ақ жаңа өңірге бармай тұрып-ақ жұмыс тауып, жұмыс берушіні таңдауға мүмкіндік беріледі.
Бағдарламаға қатысушылардың қатары да кеңейді. Енді оған жұмыссыз азаматтармен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар, шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да қатыса алады.
Барлық қызмет онлайн форматқа көшірілген. Өтінім беру, бос жұмыс орындарын қарау және өңірлер картасымен танысу migration.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 2017 жылдан бері бұл бағдарламаға 73,9 мың адам қатысып, олардың 31 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан.