in

Жайылым – төрт түлік баққанның тілегі

Шаһарға жақын орналас­қан Байзақ пен Жамбыл ауданына қарасты болған ауыл тұрғындары қалаға қосыл­ған­нан бері төрт түліктерін қайда жая­рын білмей қиналуда. Ал қала кө­шелерінде, тұрғын үй аулаларында, саябақтар мен өзен жа­ға­лауларында жайылып жүрген мал байырғы қала тұрғындарының тұрмысына қолайсыздық туғызу­да. Себебі бұл мәселе тек вете­ри­нариялық немесе санитарлық та­лаптар шеңберінде ғана емес, қо­ғамдық тәртіп пен жол қауіп­сіз­дігі тұрғысынан да алаңдатып отыр. 

Ветеринариялық қызмет ма­мандарының айтуынша, қала ау­мағында мал өсіруге қатысты заң талаптарын сақтау – әрбір мал иесінің міндеті. Себебі төрт түлікті қараусыз жіберу немесе бел­гіленбеген жерлерде жаю қо­ғам­дық орындардың ластануына, жасыл желектердің бүлінуіне, тұр­ғындарға келеңсіздік туғызып және жол-көлік оқиғаларына се­беп болуы мүмкін. Осындай ке­лең­сіз жағдайлардың алдын алу мақсатында қазір Тараз қала­сының әкімдігі, ветеринариялық қызмет пен полиция қызмет­кер­лері түсіндіру және рейдтік шараларды күшейтуде. 

Қазір Тараз қаласының әкім­шілік аумағындағы жайылым жер көлемі қолдағы мал басын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Мә­селен, Жібек жолы ауданында анықталған жайылым көлемі небәрі 76,93 гектарды құрайды. Ал осы ауданда тіркелген 5 мың­нан астам ірі қара, 9 мыңнан ас­там ұсақ мал, мыңға жуық жылқы мен басқа да үй жануарлары үшін мұндай аумақ жеткіліксіз екені анық. Бұл қала ішінде мал жаюға мүм­кіндік жоқ екенін және мәсе­ле­ні заң талаптарына сәйкес ұйым­­дастыру қажеттігін көрсе­теді.

– Жібек жолы ауданында же­ке қосалқы шаруашылықпен ай­­­­налысатын тұрғындардың са­ны жылдан жылға артып келеді. Бұл ауыл шаруашылығының да­муы­на оң ықпал еткенімен, жайы­­­­­лымдық жерлердің тапшы­лығы мәселесін де өзекті етіп отыр. Қазір аудан аумағында бар болғаны 76,93 гектар жайылым жер бар. Ал тіркелген төрт түлік саны бұл аумақтың мүмкіндігінен бір­неше есе жоғары. Сондықтан қа­ла аумағында малды еркін жаю­ға мүмкіндік жоқ.

Осыған байланысты аудан әкім­дігі тұрғындарға малды тек өз аулаларындағы қора-жайларда ұс­тауды және жайылымға шы­ғар­ған жағдайда оны қала сыртын­дағы ресми белгіленген жайы­лым­дарға ұйымдасқан түрде ай­дау­ды ұсынады. Бұл бағытта көр­­шілес аудандардағы жайылым пайдаланушыларымен және бақ­ташылармен келісім жасау те­тік­тері қарастырылған.

Біздің бөлімнің негізгі мін­де­тінің бірі – тұрғындарға ауыл шаруашылығы саласындағы заң талаптарын түсіндіріп, мал шаруашылығын тиімді әрі қауіп­сіз жүргізуге жағдай жасау. Мал ие­лерінің ветеринариялық-сани­тариялық нормаларды сақтауы, төрт түлікті қараусыз қалдырмауы және заң талаптарына сәйкес ұс­тауы қоғамдық тәртіп пен қала та­залығының сақталуына тікелей әсер етеді.

Жайылым мәселесін бірлес­кен жауапкершілік арқылы ғана шешуге болады. Сондықтан аудан тұрғындарын белгіленген тәр­­тіпті сақтауға, малды ұйым­дас­қан түрде бағуға және қала ау­мағында заңсыз жаюға жол бер­меуге шақырамыз. Бұл – бір жа­ғынан тұрғындардың қауіп­сіз­ді­гін қамтамасыз етсе, екінші жа­ғынан қаланың санитарлық та­залығы мен экологиялық ахуалын жақ­сартуға мүмкіндік береді, – дейді Жі­бек жолы ауданы әкімдігі кә­сіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамыту бөлім­ше­сінің басшысы Назима Ситалиева. 

Бүгінде Тараз қаласының ау­ма­ғында көшелерде, саябақтарда, көп­қабатты тұрғын үйлердің ау­ла­ларында, гүлзарларда, өзен жа­ғалауларында және басқа да қо­ғамдық орындарда төрт түлікті жаюға заңмен тыйым салынған. Қала ішінде қараусыз жүрген мал тұр­ғындарға қолайсыздық туғы­зып қана қоймай, қоғамдық мү­лік­ке залал келтіреді. Әсіресе, кө­галдандырылған аумақтардың бү­лінуі, балалар ойын алаңда­ры­ның ластануы және санитарлық та­лап­тардың бұзылуы қала мәде­ние­тіне нұқсан тигізеді.

Ветеринариялық қызмет ма­мандарының пікірін­ше, малды дұрыс күтіп-бағу ең ал­­­дымен оның денсаулығы мен ие­сінің жауапкершілігін көр­се­теді. Сондықтан жеке секторда тұ­ратын азаматтар малды тек өз ау­ласындағы арнайы қораларда ұс­тауы қажет. Қора-жайлар бел­гіленген ветеринариялық-сани­тария­лық талаптарға сай болуы, әрбір мал басына жеткілікті орын қарастырылып, көршілес тұрғын үйлермен арадағы санитариялық арақашықтық сақталуға тиіс. Бұл талаптар тұрғындардың денсау­лы­ғын қорғауға, жұқпалы ауру­лар­дың алдын алуға және сани­тар­лық тазалықты қамтамасыз ету­ге бағытталған.

Егер мал иесі төрт түлігін жайы­лымға шығаруды жос­­парласа, онда оны қала ше­кара­сынан тыс орналасқан ресми бекітілген жайылымдарға айдауы қажет. Мұндай жағдайда көрші­лес аудандардағы жайылым пай­да­ланушыларымен немесе бақта­шы­лармен келісім жасалып, мал ұйым­дасқан түрде бағылуға тиіс. Бұл талап малдың қауіпсіздігін қам­­­тамасыз етіп қана қоймай, қа­ла ішіндегі заңсыз мал жаю де­ректерінің алдын алады.

Мамандар ерекше назар аударатын мәселенің бірі – қараусыз жүрген малдың жол қауіпсіздігіне төндіретін қаупі. Қала көшелері мен республикалық маңызы бар автожолдарға шығып кеткен төрт түлік жол қозғалысына қатысу­шы­лардың өміріне елеулі қауіп төн­діреді. Жүргізушінің күтпеген сәтте жолға шыққан малды айналып өтуге әрекет жасауы ауыр жол-көлік оқиғаларына алып келуі мүмкін. Мұндай қайғылы жағ­дайлардың салдары адам өмі­ріне қауіп төндіріп қана қоймай, үлкен материалдық шығындарға да әкеледі. Сондықтан ветери­на­рия­лық қызмет өкілдері мал ие­лерін қоршауларды күшейтіп, төрт түлікті бақылаусыз жібер­меу­ге және жол қауіпсіздігі та­лап­­тарын қатаң сақтауға ша­қыра­ды.

– Жібек жолы ауданына қа­рас­ты №4 аумақтық округте тұр­ғын­дар тарапынан жеке қосалқы шаруашылықта мал ұстау кеңінен таралған. Алайда соңғы уақытта төрт түліктің көшелерде, қоғам­дық орындарда және жол бойында қараусыз жайылу фактілері жиілеп отыр. Мұндай жағдайлар тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қолайсыздық туғызып қана қоймай, қала тазалығының бұзылуына, көлік қозғалысының қиын­дауына және жол-көлік оқи­ғаларының қаупін арттырады. Осы­ған байланысты округ аума­ғында аудан әкімдігі, ветери­на­рия­лық қызмет және полиция бас­қармасымен бірлесіп тұрақты түр­де түсіндіру және рейдтік жұ­мыс­тар жүргізілуде. Негізгі мақ­сат – тұрғындарды жазалау емес, заң талаптарын түсіндіріп, құ­қық­­бұзушылықтың алдын алу. Де­­генмен ескертуге қарамастан та­лаптарды сақтамаған аза­мат­тарға қолданыстағы заңнамаға сәй­кес әкімшілік шаралар қол­да­нылады, – дейді №4 аумақтық ок­руг бойынша аудан әкімінің бас инспекторы Н.Жұмағұлов.

Айта кету керек, заң талаптарын орындамау әкімшілік жауап­кершілікке алып келеді. Ал қа­рау­сыз немесе заңсыз жайылып жүр­ген мал арнайы айып тұра­ғы­на жеткізіледі. Ал оның иесіне Қа­зақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық ту­ра­лы кодексінің 408-бабына сәй­кес әкімшілік шаралар қол­да­ны­лады. Алғашқы құқықбұзушылық үшін 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса, қайталанған жағдайда оның кө­лемі 5 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды. Егер қараусыз жүр­ген мал өзгенің егістігіне, бау-бақшасына немесе мүлкіне зиян келтірсе, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Сонымен қатар кел­тірілген материалдық шығынды өтеу міндеті де заң аясында қара­лады.

Бұл мәселе күні кеше Тараз қаласы әкімдігінде өткен жиында да қаралды. Онда шаһар басшысы Бақытжан Оранбеков қа­раусыз жайылып жүрген мал­дар­ды әкімдік тарапынан бекі­тіл­ген арнайы қораларға қамауды тап­сырды. Төрт түлік иесі малын қо­радан айыппұл төлеп қана алып кете алатын болады. Бір сөз­бен айтқанда, енді тұрғындар кө­лігін айыптұрағынан алып кет­кен­дей, төрт түлігін айыпқора­ла­ры­нан іздейтін болады. Бұл жүйе қаншалықты жемісін беретіні бел­гісіз. Алайда «Қалада мал жайы­латын орын болмаса, тұр­ғын­­дар төрт түлігін қайда апарады?» деген орынды сұрақ туады.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы