in

Қазақстан инвестиция қауіпсіздігі рейтингінде 17-сатыға көтерілді

Қазақстан инвестиция үшін ең қауіпсіз елдердің жаһандық рейтингінде өз позициясын айтарлықтай жақсартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Еліміз Safest Countries for Investors 2026 рейтингінде 150 мемлекеттің ішінде 53-орынға тұрақтап, өткен жылдың қазан айымен салыстырғанда, 17-сатыға жоғарылады. Ол кезде Қазақстан 70-орында болған.

Бұл рейтинг елге тартылған инвестиция көлемін емес, ұзақмерзімді инвестиция үшін қаншалықты сенімді екенін бағалайды. Бағалау барысында макроэкономикалық тұрақтылық, мемлекеттік басқару сапасы, саяси және валюталық тәуекелдер, реттеу жүйесінің тиімділігі, сондай-ақ экономиканың сыртқы дағдарыстарға төзімділігі ескеріледі.

Рейтинг қорытындысы бойынша, Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Сонымен қатар  республика бұл көрсеткіш бойынша өңірдегі барлық елді және экономикасы ауқымды бірқатар мемлекеттерді басып озды.

Сарапшылардың пікірінше, рейтингтегі өсім халықаралық инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің артқанын көрсетеді. Бұл инвестициялық ахуалды жақсарту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік институттардың тұрақтылығын күшейту бағытында жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесі ретінде бағаланып отыр.