Сот оның әрекеті қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға анық құрметсіздік танытқанын анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты азаматша Б.-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша әкімшілік істі қарады.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылдың желтоқсан айында қаладағы барбершоптардың бірінде болған. Сол күні салонда әртүрлі елдердің музыкалық шығармалары шырқалып тұрған. Алайда қазақ әндері қосылған сәтте азаматша Б. музыканы өз бетінше өшіріп, балағат сөз айтып, мұндай әндерді «үйде тыңдаңдар» деп айқайлаған.
Сот отырысында куә ретінде жауап берген осы барбершоптың қызметкері Р. болған оқиғаны толық растады. Оның айтуынша, әйел қазақ әндері қойылған кезде оларды әдейі тоқтатып, қорлайтын сөздер айтқан.
Істі қарау барысында азаматша Б.-ның кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, өзінің түсініктемесімен, куәгердің айғақтарымен, бейнематериалдармен және сот зерттеген өзге де дәлелдемелермен толық дәлелденді. Осыған байланысты сот қаулысымен азаматша Б. ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жазаға тартылды.
Бұл іс қоғамдық орындарда өзгелердің ар-намысына, мәдени құндылықтарына және қоғамдық тәртіпке құрметпен қараудың маңызын тағы бір мәрте айқын көрсетті.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы