in

БҰҰ дабыл қағуда: жасанды интеллект ресурсты тым көп тұтынады

Aikyn.kz технологиялардың өте көп ресурс қолдану салдарын The Associated Press материалына сүйеніп талдайды.

Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің жаңа есебі жасанды интеллект пен деректер орталықтарының экологияға әсерін көптеген мемлекеттердің деңгейімен салыстыруға болатынын көрсеткен. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2025 жылы әлемдегі деректер орталықтары 448 трлн ватт-сағат электр энергиясын тұтынған. Бұл көрсеткіш әлемдегі небәрі 10 елден басқа барлық мемлекеттердің электр энергиясын тұтынуынан жоғары. Мұндай көлемдегі энергия өндірісі атмосфераға шамамен 208 млн тонна көмірқышқыл газын шығарады. Бұл – Аргентина мемлекетінің жылдық шығарындыларына шамалас көрсеткіш.

Сонымен қатар осынша энергия өндіру үшін 4,5 трлн литр су пайдаланылған. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек энергия өндірісіне кеткен су көлемі. Ал деректер орталықтарын салқындатуға жұмсалатын су бұл есепке кірмейді.

БҰҰ университетінің су ресурстары, қоршаған орта және денсаулық институтының директоры Кавех Мадани мәселенің ауқымын былай сипаттайды: «Бұл көрсеткіштер тұтас мемлекеттердің көлемімен салыстыруға келеді. Сұраныс өте үлкен».

Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі таңда деректер орталықтары тұтынатын энергияның шамамен 20%-ы жасанды интеллект жүйелеріне тиесілі. Бірақ 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін өсетін болады. Болжам бойынша, 2030 жылы деректер орталықтарының электр энергиясын тұтынуы 935 трлн ватт-сағатқа жетеді. Егер олар жеке мемлекет болса, электр энергиясын ең көп тұтынатын елдер арасында әлемде алтыншы орын алар еді.

Зерттеу авторлары жасанды интеллектің «көрінбейтін» технология екенін айтады. Автокөлік немесе зауыт түтін шығарады, ал жасанды интеллект пайдаланушыға таза әрі қауіпсіз болып көрінеді. Бірақ оның артында мыңдаған серверлер, қуатты салқындату жүйелері және орасан энергия шығындары тұр.Есептің тағы бір қызықты тұжырымы – пайдаланушылардың өзі энергия тұтынуды азайта алады. Ғалымдардың айтуынша, сұраныстарды қысқа әрі нақты жазу маңызды. Егер мәтіндегі сөздер саны 30%-ға қысқарса, жасанды интеллект жұмсайтын энергия шамамен 25%-ға азаяды.

БҰҰ зерттеушісі Мириам Аксельдің айтуынша, ЖИ энергиясының негізгі бөлігі модельдерді үйретуге емес, күнделікті пайдаланушылардың сұраныстарын өңдеуге жұмсалады. Бүгінде тек GPT жүйесінің өзі күніне шамамен 2,5 млрд сұраныс қабылдайды.

Мамандар жасанды интеллектінің пайдасын жоққа шығармайды. Ол өндірісті тиімдірек етіп, медицина мен білім беру салаларын дамытуға көмектеседі. Бірақ БҰҰ баяндамасы «Цифрлық революцияның экологиялық құнын кім төлейді?» деген маңызды мәселе көтереді.