Өйткені әркім өзі қалағандай түр-әлпетке, дене бітімге пластикалық ота арқылы оңай қол жеткізе алады. Алайда скальпель тудыратын сұлулық бәріне бірдей бақ бола бермейді. Бірі үшін сор, денсаулығы үшін қауіпті, тіпті соңы өлімге әкелуі де ықтимал. Оның себебі неде екені қазір көпті ойландыратын сұраққа айналған.
Сұлулыққа да сауат керек
Елімізде жыл сайын мыңға жуық адам пластикалық ота жасатады. Сұлулыққа деген сұраныс артқан сайын эстетикалық қызмет көрсететін орталықтардың саны да көбейіп келеді. Жалған сенім кейде адамды жарға жығады. Эстетикалық медицина мен пластикалық хирургия саласындағы медициналық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар 2023-2025 жылдары көбейген. Осы уақыт аралығында Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне 244 азаматтан өтініш түсіпті. Олар негізінен көрсетілген қызметтің сапасына, операция нәтижесіне көңілі толмайтынын айтып, операциядан кейінгі асқынуларға байланысты шағымданған. Биылдың өзінде адам өліміне әкелген төрт жағдай және пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірудің бір дерегі тіркелгенін естідік: Алматыдағы жеке клиникада липосакция жасатқан блогер Сәуле Ермаханова да, Маңғыстау облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Ербол Айтуов ментопластикалық отадан кейін оянбады. Ал өткен аптада Шымкентте заңсыз медициналық қызмет көрсеткен маманның жасаған блефаропластикасынан кейін пациенттің бір көзі көрмей қалғаны белгілі болды. Десе де, бұлар сұлулықтың құпиясын ине мен пышақтан іздейтіндерге тежеу болмай тұр. Елімізде пластикалық хирург болу үшін, пластикалық хирургия бойынша резидентураны аяқтау қажет. Бірақ қазіргі жағдай бойынша, уақытша курстан оқып алған сертификатпен қаншама хирург маман кәсібін дөңгелетіп отыр. Кейбір эстетикалық клиникалардың лицензиясы бар не жоғын құқықтық білімі жоқ адамдар ажырата бермейді. Цифрлық дәуірде мұның бәрін пациент өзі-ақ анықтай алады. Мысалы, ашық ақпараттық алаңдарда (электронды қолданбалар) немесе егов сайтынан қарауға болады. Ал заңгер-сарапшы Эльнура Кишкенебаева әр пациент медициналық ұйымнан лицензиясын көрсетуді сұрауға құқылы екенін айтады. Сондай-ақ пациент операцияны жүргізетін дәрігердің біліктілігін растайтын құжаттармен танысуға құқылы.
– Қазір азаматтар пластикалық немесе хирургиялық операция жасатар алдында клиниканың заңды қызмет атқаратынына көз жеткізуі өте маңызды. Лицензияда ұйымның атауы, лицензия нөмірі, берілген күні және қандай медициналық қызметтерді көрсетуге рұқсат етілгені көрсетіледі. Егер әңгіме хирургиялық араласу туралы болса, лицензияда тиісті хирургиялық қызмет түрлері қамтылуы қажет. Ота алдында қол қойылатын құжаттарға ерекше мұқият қарау керек. Пациент операцияның атауы, көлемі, ықтимал тәуекелдері, қызмет құны және тараптардың жауапкершілігі нақты көрсетілгеніне назар аударғаны жөн. Егер келісімшартта клиниканың кез келген салдар үшін жауапкершіліктен толық босатылатыны жазылса, операцияның нақты сипаттамасы көрсетілмесе немесе қосымша төлемдердің тәртібі түсініксіз болса, мұндай тармақтар күмән тудыруға тиіс. Пациент қандай да бір құжатқа оның мазмұнын толық түсінбей тұрып қол қоймауы қажет. Заң бойынша әрбір азамат медициналық көмек алу кезінде толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. Сондықтан түсініксіз тармақтар бойынша түсіндіру талап ету, құжаттардың көшірмесін сұрату және қажет болған жағдайда тәуелсіз заңгерден кеңес алу – азаматтың заңды құқығы, – дейді адвокат Э. Кишкенебаева.
Арзан қызмет асқынуға әкеледі
Расында, бүгінде косметология мен пластикалық хирургияның дәурені жүріп тұр. Алайда бұл қызметке жүгінгеннің бәрінің асығы алшысынан түсті деуге келмейді. Осы салада 11 жылдық тәжірибесі бар пластикалық хирург бағытында қызмет етіп жүрген анестезиолог-реаниматолог дәрігер Жанболат Серікжанұлы бет аймағына жасалатын инъекциялық процедуралар немесе хирургиялық араласулар кезінде препараттың қан тамырына түсуі көзді қоректендіретін артериялардың бітелуіне әкелуі мүмкін екенін айтады. Мұндай жағдайда көру жүйкесі зақымдалып, адам көз жанарынан айырылу қаупіне ұшырайды. Хирургтың айтуынша, отандық қыз-келіншектер арасында ең танымал пластикалық ота – блефаропластика болса, ең тәуекелді операциялардың бірі – глютеопластика, яғни халық арасында «бразилиялық бөксе» атауымен кең тараған операция.
– Май тінінің ірі веналарға түсуі май эмболиясын туындатып, ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Абдоминопластика да күрделі операциялардың қатарына жатады. Іш қабырғасын түзетуге бағытталған бұл араласу кезінде қан жоғалту мен тромб түзілу қаупі жоғары болады. Сонымен қатар бірнеше операцияны бір мезгілде жасату да қауіп деңгейін арттырады. Ұзақ уақыт наркоз астында болу ағзаға түсетін жүктемені көбейтіп, асқынулардың даму ықтималдығын жоғарылатады. Пластикалық операциялардан кейінгі өлім-жітім немесе ауыр асқынулар көбіне медициналық қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан, ағзаның күтпеген реакцияларынан немесе жасырын аурулардың уақытында анықталмауынан туындайды. Олардың қатарында анестезиологиялық тәуекелдер ерекше орын алады. Кейбір жағдайларда жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі жасырын патологиялар немесе наркозға байланысты асқынулар науқастың операциядан кейін оянбауына себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ ұзаққа созылған операциялар кезінде қан тамырларында тромб түзіліп, оның өкпе артериясын бітеп қалуы өмірге қауіп төндіреді. Дәрілік препараттарға немесе анестезияға ағзаның ауыр аллергиялық реакциясы – анафилактикалық шок та аса қауіпті жағдайлардың бірі болып саналады, – дейді Ж. Серікжанұлы.
Пластикалық хирургия – бұл сұлулыққа ұмтылу емес, ағзаға жасалатын күрделі хирургиялық араласу. Кез келген операция сияқты оның да белгілі бір қауіптері бар. Соңғы уақыттағы қайғылы оқиғалар бұл саланың жоғары кәсібилік пен жауапкершілікті талап ететінін тағы бір мәрте көрсетті. Жанболат Серікжанұлы кейбір пациенттер өз денсаулығын қауіпке тігіп, шешім қабылдау кезінде қателіктерге жол беретінін атап өтті. Көп жағдайда адамдар дәрігердің тәжірибесі мен клиниканың материалдық-техникалық базасына емес, әлеуметтік желідегі жарнама мен әдемі суреттерге сенеді. Тым арзан қызметті таңдауға ұмтылу да қауіпті. Себебі сапалы жабдықтармен қамтамасыз етілген, қауіпсіздік талаптарын толық сақтайтын медициналық орталықтардың қызметі белгілі бір шығындарды талап етеді. Тағы бір жиі кездесетін қателік – лицензиясы жоқ немесе қажетті жағдай жасалмаған орындарға жүгіну. Күрделі пластикалық операциялар толық жабдықталған операциялық блогы мен реанимация бөлімшесі бар медициналық ұйымдарда ғана жасалуға тиіс. Дәрігердің айтуынша, кейбір пациенттер созылмалы аурулары немесе аллергиялық реакциялары туралы ақпаратты жасыруының салдарынан операция кезіндегі қауіп-қатерді бірнеше есе арттырып алады.
– Әр адамның ағзасы әртүрлі. Генетикалық ерекшеліктері, тері құрылымы, қанның ұю жүйесі мен созылмалы аурулары әртүрлі болғандықтан, бір адамға сәтті жасалған операция екінші адам үшін қолайсыз нәтиже беруі мүмкін. Сондықтан хирургиялық араласу алдында толық медициналық тексеруден өту міндетті. Қанның жалпы және биохимиялық анализдері, коагулограмма, қан тобы мен резус-факторды анықтау, ВИЧ, сифилис, В және С гепатиттеріне зерттеулер, қандағы қант деңгейін тексеру, ЭКГ, өкпені зерттеу, терапевт пен анестезиологтың кеңесі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі, – деді пластикалық хирург Жанболат Серікжанұлы.
Саудаға түскен сұлулық құны қанша?
Пластикалық отаға жүгінгендердің пікірін сұрап көргенімізде, әрқайсысының ойы әртүрлі екенін байқадық. Кейбірі сырт келбетінің өзгергеніне риза болса, енді бірі дәрігердің жұмысы күткен нәтиже бермегенін айтты. Соның бірі Астана қаласының тұрғыны Жансая Ысқақ (аты өзгертілді):
«Негізі ернімнің пішіні жаман емес еді, бірақ туған күнім қарсаңында өзіме ерекше сый жасағым келіп, көлемін сәл үлкейту үшін жергілікті косметолог маманға жазылдым. Процедура тез аяқталды, құны да тиімді көрінді. Бірақ бірнеше күннен кейін ернімнің ішінде сыртқа анық білінетін қатты түйіршіктер пайда болды. Қорқыныш үдей түскен соң процедураны жасаған маманға хабарласқанымда, ол мені әлеуметтік желілерде бірден қара тізімге салып, жауапкершіліктен қашып кетті. Соңында бұл ақауды түзету үшін басқа кәсіби дәрігердің көмегіне жүгінуіме тура келді. Сондықтан қыздарға эмоцияға беріліп, өз сұлулығын бүлдірмеуге кеңес берер едім», – дейді кейіпкеріміз.
Ал Меруерт Дәулетқызы дәрігердің қызметіне көңілі толып, ота жасатқанына өкінбейтіндердің қатарында.
«Осыдан бір жыл бұрын Алматыдағы танымал жекеменшік клиникалардың бірінде қабаққа ота (блефаропластика) жасатқан едім. Жасыратыны жоқ, бұрын өз-өзіме көңілім толмайтын, ал сырт келбетімдегі бұл өзгеріс маған ерекше сенімділік сыйлады. Ілгеріде мұндай оталар қолжетімді емес еді, тек қалталы азаматтар ғана шетел асып, сұлулық іздейтін. Қазір заман өзгерді, ешқайда шықпай-ақ, өз елімізде кез келген пластикалық процедураны жоғары деңгейде жасатуға толық мүмкіндік бар», – дейді ол.
Егер де білікті хирургке тап келсеңіз, жолыңыздың болғаны анық. Бірақ бұның да денсаулыққа тигізер кері әсері барын ұмытпаған абзал. Біз пластикалық хирургия және косметологияның орташа құны қанша екенін білу үшін эстетикалық клиникаларға қоңырау шалғанымызда, пластикалық отаның ең арзаны ерінге жасалатынын білдік. Оның бағасы қазір 30 мың теңгеден басталып, қолданатын препараттарына байланысты 150 мың теңгеге дейін жетеді. Үнемі жас көрінгісі келетін арулар жасататын бетті жасарту отасы – 500 мың мен 2 миллион теңгенің арасында. Көп қыз-келіншек құп көретін ота – липосакция, яғни денедегі артық майдан арылу бағасы 100 мыңнан бастап 400 мыңның арасында екен. Ал ринопластика (мұрын пішінін өзгерту) 200 мың теңгеден бастап 800 мың теңгеге дейін, кей жағдайда дәрігер біліктігіне қарай 1 миллион теңгеден асып жығылады. Маммопластика жасатуға 500 мың -2 млн теңге қажет болса, бөксені өсіру 1 млн теңге тұрады.
Қазір Қазақстанда сертификаты бар пластикалық хирургтардың жалпы саны шамамен 800 болса, 295-ке жуық медициналық ұйым мен клиника жұмыс істейді. Сондықтан мұнша кәсіби маман мен медициналық мекеменің болуы саланың қауіпсіздігіне толық кепілдік береді деуге болмайды. Сыни ойлау да медициналық сауат сияқты өмір бойы кәдеңізге жарайтын білім. Сол себепті кез келген тәуекелді қадамға барарда оның нәтижесі қалай боларын сол саланың кәсіби маманынан білу керек. Өйткені әңгіме денсаулыққа қатысты болса, тіптен сақ болуды талап етеді.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ