in

«Қала хикаялары» жаңа әдеби байқауы жарияланды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» атты жаңа республикалық әдеби байқауды жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz  

Проза жанрына арналған байқау қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелейтін жаңа есімдерді анықтауға және қолдауға бағытталады. Байқауға қатысушыларға қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы жеткізу ұсынылады.

Жеңімпаздарды белгілі жазушылар мен қоғам қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы анықтайды. Қорытынды шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

Байқау қорытындысы бойынша, үздік шығармалардың авторлары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар жүлделі орын алған туындылар 15 мың данамен басылып, еліміздің кітапханаларына таратылады.

Республикалық байқау ережесіне сәйкес, жеңімпаздарға мынадай сыйақылар белгіленген:

Бас жүлде – 100 мың АҚШ доллары;

I орын – 75 мың АҚШ доллары;

II орын – 50 мың АҚШ доллары;

III орын – 30 мың АҚШ доллары.

Байқау жұмыстары 2026 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айлары аралығында қабылданады. Құжат Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, 14-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мекенжайы бойынша өткізілуі қажет. Байқауға қатысу шарттары туралы қосымша ақпаратты +7 (7172) 74 04 07 және +7 (7172) 74 04 08 телефон нөмірлері арқылы алуға болады.