in

Ата-ананың қарауынсыз қалған екі бүлдіршін бесінші қабаттағы терезеден құлап кете жаздады

Петропавл қаласында екі кішкентай баланың бесінші қабаттағы терезеден құлап кете жаздады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оқиға 15 маусым күні кешкі уақытта қала орталығындағы бесқабатты тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, анасы балаларға пицца алуға шығып кеткен, ал әкесі үйде мас күйінде ұйықтап жатқан. Осы уақытта үш жасар ұл мен төрт жасар қыз терезе алдына шығып кеткен.

Кешкі сағат тоғыз шамасында балаларды Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің процессинг орталығының қызметкері Ержан Тамышев байқап қалған. Ол бірден танысынан «102» нөміріне хабарласуды сұрап, өзі тұрғын үйге қарай жүгірген.

Белгілі болғандай, пәтердің есігі құлыпталмаған. Оқиға орнына келген полицейлерге есікті мас күйдегі әкесі ашқан.

Тексеру барысында отбасының Жезқазған қаласынан келгені және Петропавлда жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны анықталды. Сондай-ақ ата-анасының бұған дейін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.

Полиция қызметкерлері қажетті материалдарды жинап, істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның қарауына жолдаған. Қазіргі уақытта ата-ананың құқығын шектеу немесе оларды ата-ана құқығынан айыру мәселесі қарастырылып жатыр.

Оқиғадан кейін екі бүлдіршін отбасынан алынып, қамқоршылық органдарының шешімімен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.