Әсіресе, «Ең әдемі келіншек» Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарынан түспей, қаншама жыл көрерменнің сүйікті спектакліне айналды. «Ғашықсыз ғасыр» Фарида Шәріповаға арналып жазылса, «Ең әдемі келіншек» Лидия Кәденованың театрдағы тағдырына айналды. Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың өмір жолы осындай әдемі кезеңдермен бірге өрледі. Ұзақ жылдар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқарды. Қазір Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрген аяулы ұстаз сексеннің сеңгіріне келді. Қоғам мен қалам алдындағы жауапкершілігін бір сәт те ұмытпаған жазушымен мерейтойы қарсаңында сұхбаттасқан едік.
– Сұлтанәлі аға, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Әдебиетке бүкіл ғұмырыңызды арнап келесіз. Шыныңызды айтыңызшы, бүгінгі әдебиет қоғамды өзгертетін күш болудан алыстап бара жатқан жоқ па?
– Бұл жөнінде екі түрлі пікір айтуға болады. Кеңес Одағы кезінде бізде бір ғана саяси партия болды. Ол партияның саясатына қарсы келетін ешқандай күш жоқ еді. Тек азды-көпті болса да ащы пікірлер мен өткір мәселелер жазушылар тарапынан айтылатын. Егер оған да мүмкіндік болмаса, қаламгерлер көкейдегі ойын көркем шығарма арқылы астарлап жеткізетін. Осының нәтижесінде жазушылардың халық арасындағы беделі мен әдебиеттің қоғамдағы ықпалы айтарлықтай жоғары болды. Бұл жағдайды жетік аңғарған Үкімет әдебиетке әрқашанда ерекше көңіл бөліп, жазушыларды өз саясатын жүргізуге пайдалануға күш салды. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанның жаңа басшысы Колбинның басқа ешқайда бұрылмай, бірден Жазушылар одағына келіп, қаламгерлермен кездесу өткізуі – осының айқын көрінісі еді.
Ал қазір заман өзгерді. Халық атынан сөз сөйлеп, Үкімет алдына неше түрлі өзекті мәселе қоятын саяси партиялар көбейді. Халықтың өзі де жоғары жаққа деген өкпе-назын көшеге шығып айта беретін, оған кедергі жасалса әлеуметтік желі арқылы шер тарқататын болды. Міне, осыған байланысты әдебиеттің қоғамды өзгертудегі ықпалы әлсіреді деуге бола ма? Меніңше, мүлдем олай емес. Керісінше, қазір қаламгерлерге жаңа шығармаларымен жарқырап көрініп, ұлттық әдебиетіміздің қоғамдағы ықпалын барынша күшейтуге толық мүмкіндік туып отыр. Бұған нақты мысал келтірейік. Қазіргі қоғамымызда елдің өсіп-өркендеуіне кедергі жасайтын келеңсіз жағдайлар бұрынғы заманмен салыстарғанда әлдеқайда көбейген. Әсіресе, жемқорлық барынша асқындады. Моральдық-адамгершілік тұрғыдан да азғындаудың көріністері жиі байқалады. Ең жақындарын өлтіру, кішкентай сәбилерге дейін ешкімді аямай зорлау сияқты адам түгілі мал да жасамайтын қылмыстар көбейді. Отбасындағы ажырасу жөнінен де дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарға шықтық деп «мақтана» аламыз. Кеңес Одағы кезінде мұндай жағдайлар өте сирек кездесетін. Өйткені ол кезде идеология күшті, тәртіп барынша қатаң болатын. Ал қазір бізде бұл екеуі де әлсіреген. Әсіресе, адамды адамгершілікке тәрбиелейтін нақты идеология да, онымен айналысатын ешқандай заңды ұйым да жоқ деуге болады. Міне, осындай жағдайда жазушылар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Яғни қаламгердің жарық дүниеге әкелген әрбір жаңа туындысы халықты жамандықтан безіндіріп, жақсылыққа ынталандыратын барынша әсерлі әрі көркемдік сапасы жоғары дүние болуға тиіс.
– Сонда ұлттық болмысты сақтап қалуда әдебиеттің рөлі маңызды болуы керек пе?
– Бірден айтайын, өте маңызды. Осыған орай, ұлттық болмыс деген бір халықтың бәрінің бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен дін жөнінен ешқандай айырмашылығы жоқ біртұтас болуы екенін атап айтуға тиіспіз. Міне, осы тұрғыдан келгенде, қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің ұлттық болмысына ешқандай сызат түсірмеген. Мұны таңғаларлық жағдай деуге болады. Өйткені қазақтар атамзаманнан шығысында сонау Алтайдан басталып, батысы Еділ-Жайыққа дейінгі екі арасы сан мыңдаған шақырым болатын ұшы-қиырсыз кең далада көшіп, қонып өмір сүрген. Бірақ соған қарамастан олар қайда жүрсе де, бірауыз бөтен сөз қоспай, таза қазақ тілінде сөйлеген, қазақтың ежелгі әдет-ғұрпын да, салт-дәстүрін де, дінін де сол қалпында ұстанған. Ал сонда ол замандағы қазақтардың өздерінің ұлттық болмысын соншалықты қадірлеп, қаз-қалпында сақтауына не көмектескен, кім қолдау жасаған? Міне, осы сұраққа жауап іздегенде мәселе әдебиетке, нақтылап айтқанда, сол замандардағы қазақтың ауыз әдебиетіне барып тіреледі. Яғни қазақтар ұлан-ғайыр кең даланың қай өңірінде жүрсе де өздерінің ұлттық батырлар жырымен, аңыз-ертегілермен, ән-күйімен сусындап, оларды жан дүниесіне, қаны мен жанына терең сіңірген; күнделікті өмірде осы шығармалардағы көркем тілді де, салт-дәстүр, әдет-ғұрып пен дінді де ешқандай бұзбай, қаз-қалпында қолданатын болған. Осының нәтижесінде қазақ халқы біртұтас ұлт ретінде бүгінгі заманға аман-есен жеткен еді. Өкінішке қарай, өткен елуінші жылдардан бастап қазақ халқының ұлттық болмысындағы мұндай біртұтастық бұзыла бастады. Әсіресе, айдың-күннің аманында қазақтардың өз ана тілінен безініп, өзге тілде сөйлеуге бет алуы кең тарады. Қазақтың ежелгі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын да ескіліктің қалдығы деп мүлдем жоққа шығару үйреншікті жағдайға айналды. Тәуелсіздік алғаннан кейін де бұл жағдай толық түзеліп, керемет болып кетті дей алмаймыз. Керісінше, ұлттық болмысымыздағы бұрынғы келеңсіздіктердің қатарына енді дін жолында жүргендердің біразының шолақ шалбар киіп, қара жамылып жүруі қосылды. Міне, осындай жағдайларды ескере отырып, алдағы уақытты ұлттық болмысымызды аман сақтап, одан әрі нығайтуда әдебиеттің ықпалын күшейте беруді үнемі назарда ұстағанымыз жөн.
– Ал қаламгердің ұлт алдындағы жауапкершілігі неде деп ойлайсыз?! Мәселен, сіз өзіңіз әдебиеттегі жауапкершілікті не деп ұқтыңыз?
– Бұл да ойландыратын мәселе. Осыған орай, көкейде жүрген бір мәселені айта кетейін. Жазушылар одағына мүше болып, бірақ ұзақ жылдардан бері ешқандай жаңа шығармасы жарық көрмеген, әдебиетіміздің жағдайы мен ұлттық-рухани мәселелер жөнінде бірауыз сөз қозғамаған жазушылар да кездеседі. Сонда қалай, жазушы атану ешқандай жауапкершілігі жоқ, тек анда-санда Жазушылар одағының мүшесі деген билетті көрсетіп мақтану үшін ғана керек болғаны ма? Бұл өзін жазушымын деп есептейтін әрбір адам үшін ерекше ойландыратын мәселе.
Ал маған келетін болсақ, мен ақын-жазушы болуды бала кезімнен армандадым. Бірақ, әрине бұл арман-мақсатымның артында үлкен жауапкершілік бар деп ол кезде мүлдем ойлаған емеспін. Дегенмен қазір қарап отырсам, мұндай жауапкершілік менің жан дүниемде қолыма қалам алған күннен бастап біртіндеп қалыптаса бастаған сияқты. Бұған нақты бір мысал айтайын. Мектеп бітірген соң ешқайда бармай туған ауылымда екі жыл шопан болдым. Сонымен бірге бұл жылдарда аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім жарияланып, жас ақын ретінде кәдімгідей танылып үлгердім. Және осы қой бағып жүріп, бұл жұмыстың да біраз қиындығын көрдім. Содан бір күні осы қиындықтарға байланысты көкейге түйген ащы шындықтарымды қағазға түсіріп, Алматыдағы «Ленинші жас» газетіне жібердім. Бұл жазғаным газеттің 1965 жылдың орта кезіндегі бір санында «Қамқорлық ауадай қажет» деген тақырыппен жарық етіп шыға келді. Ол кезде газеттерде, әсіресе республикалық басылымдарда ащы шындығы бар өзекті мәселе көтеру – кәдімгідей үлкен оқиға. Соған орай бұл шағын мақалам кәдімгідей шу туғызды. Тіпті, «Сен қандай адамсың? Өлеңіңді жазып, неге тыныш жүрмейсің, әлде атыңды шығарайын деп пе едің?!» деп ренжігендер де болды. Бірақ шынымды айтсам, бұл мақаланы атымды шығарайын немесе біреуді сынап-мінейін деген оймен емес, күнделікті көріп-біліп жүрген келеңсіз жағдайларға шыдай алмағандықтан жазып едім. Және кейін де бұл «әдетімді» тоқтата алмай, жағымсыз жағдайды байқасам, оны шамам келгенше айтып, жазып, жариялап тұратын болдым. Осыған орай, шығармашылық жолымда прозалық және драмалық шығармалармен қатар халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ана тілі және басқа да ұлттық мәселелері туралы баспасөз бетінде көптеген проблемалық мақала жарияладым. Бұл мақалаларымның біразы кезінде мемлекеттік тапсырыс бойынша «Қазақтың қызыл кітабы» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Ал қалғандары кемінде екі том кітап болуға дайын тұр. Бұйырса, алдағы уақытта олар да газеттерге басылған күйінде қалып қоймай, жеке жинақ болып жарық көрер деп үміттенемін. Ең бастысы, осының бәрін ойлағанда жазушы ретіндегі ұлт алдындағы борышымды шамам жеткенше өтеген шығармын деп шүкіршілік етемін.
Кітаптың сапасы маңызды рөл атқарады
– Президент жуырда «Кітап оқу мәдениетін дамыту» туралы Жарлыққа қол қойды. Жалпы, Мемлекет басшысы қол қойған бұл Жарлықтың маңызы жоғары. Жастардың кітап оқуға деген ықыласын арттыру үшін не істеген жөн?
– Жарлықта бұл сұрағыңызға тікелей қатысы бар екі мәселе атап көрсетілген. Олар: «Туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;
Баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметтерін ынталандыру».
Бұл екі мәселе де өте өзекті. Өйткені жас ұрпақты дүрыс тәрбиелеу үшін ең алдымен олар оқитын кітаптардың көркемдік сапасы барынша жоғары, айтатын ойы, көтерген мәселесі өз еліміздегі қағидаттарды құрметтеу мен қазақтың бай да құнарлы тілін оқырманның санасына сіңіру бағытында болуға тиіс. Бұрын бізде бұл талап қатаң сақталатын. Ал кейінгі уақытта қазақтың бай да құнарлы тілін аяқасты етіп шатып-бұтып жазылған, кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен ұғым түсінігі де шынайы қазаққа мүлдем сәйкес келмейтін шалажансар шығармалар біршама көбейді. Мұндай шығармаларды оқыған жас ұрпақ ертең қандай болып өседі? Бұл ойландырады.
Осыған орай, Президент Жарлығына сүйене отырып, қазіргі қолданыстағы «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату бағдарламасы» бойынша жарық көретін кітаптарға қойылатын шарт-талаптарды қайта қарап, жетілдіру керек.
© коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
Президент Жарлығындағы баспагерлер мен кітап таратушылардың қызметтерін ынталандыру жөніндегі мәселе де өте маңызды. Сонау 80- жылдардың аяғына дейін жазушыларымыздың кітаптары 30 мыңнан басталып, 70-80 мыңға дейінгі таралыммен жарық көретін. Ал қазір мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымы 2 мыңнан аспайды. Қазақстандағы кітапханалардың саны 12 мыңға жуықтайды. Ал сонда бір-екі мың таралым 12 мың кітапхананың қайсысына жетеді? Кітап дүкендеріне қазақша кітаптар қалай түседі? Кітап оқығысы келген жастар жоқ кітапты қайдан тауып оқиды? Өркениетті елдерде кітап шығару мен тарату креативты индустрия негізінде жүзеге асырылады. Яғни кез келген кітап жарыққа шыққаннан кейін көптеп тарап, жұмсалған қаржыны ақтап, пайда әкелуге тиіс. Біз де кітап шығару мен таратуда осы жолға түсуіміз керек. Өкінішке қарай, мемлекеттік тапсырыспен кітап шығаратын баспалар бұған әлі жете алмай жүр. Соған орай, Президент Жарлығының негізінде кітап таралымын көбейтуге белсене кіріскен баспалар мен кітап таратушыларға қолдау көрсетуге нақты көңіл бөлу керек.
Бұрын бізде кітап шығарып, таратумен Баспа, полиграфия және кітап саудасы дейтін жеке комитет айналысатын. Қазір бұл жұмысты Мәдениет және ақпарат министрлігіндегі Құжаттама, архив және кітап істері комитеті жүргізеді. Бұған қарап кітап шығару құжаттама және архивтен кейінгі үшінші орынға ығыстырылған деп қорытынды жасауға болады.
Мұндай жағдайда халқымызды кітап оқитын ұлтқа қалай айналдырамыз? Президент Жарлығындағы көрсетілген кітап оқу мәдениетін дамытуды қайтіп нақты жүзеге асырамыз? Бұл да ойландыруға тиіс мәселе.
Президент Жарлығында Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу туралы да тапсырма берілген. Біз бұл заңнан да үлкен үміт күтеміз.
Бір халыққа ортақ әдебиет қалыптасуы керек
– Бұрын шығатын кітапқа талап қатаң болды. Әрі шығарманың мазмұнына да оқырман қатты көңіл бөлетін. Қазір ше? Қазақ әдебиетінде айтылмай, жазылмай жүрген тақырыптар бар ма? Қойылатын талап қандай?
– Бұл сұраққа негізінен әдебиеттанушылар мен сыншылар нақты жауап бере алады. Ал мен шетелдегі сан миллион қазақтармен байланыс жасайтын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында ұзақ жыл жұмыс істегенде жинаған тәжірибеме сүйеніп сәл басқашалау әңгіме айтайын. Біз қазақ әдебиеті туралы әңгіме болса, Қазақстанның өз ішіндегі әдебиет туралы ғана сөз қозғаймыз. Ал сонда Қазақстаннан сырт жерлерде тұратын қазақтардың әдебиеті қайда қалады?! Мысалы, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мен оған қарасты Қарақалпақстанда қазақша жазатын жазушылар жетіп артылады. Ресейдің Алтай сияқты аймақтарында да қазақша жазатын ақын-жазушылар бар. Міне, осылардың шығармалары қазақ әдебиетінің құрамына кіре ме, жоқ па?! Қазір бұл жөнінде әрегідік шетелдегі қазақ әдебиеті деген азын-аулақ сөз айтылып қалады. Дегенмен бір халыққа ортақ ұлттық әдебиетті шекараға қалай бөлуге болады?!
Міне, осы жағдайларды ескере отырып, алдағы уақытта жер жүзінің барлық өңіріндегі қазақша жазылған туындылардың басын қосып, тұтас бір қазақ әдебиеті ретінде қарастырып, қажет жағдайда шетелдегі қазақ жазушыларына қамқорлық пен қолдау жасауды нақты ойластырған жөн. Бұған толық мүмкіндік бар. Мысалы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы кезінде шетелдегі қазақ жазушыларының шығармаларын басып шығаратын «Атажұрт» дейтін баспа ашып, мемлекеттік тапсырыс бойынша алыс-жақындағы қаламгерлердің біраз кітабын жарыққа шығарған. Енді осы жұмысты қайта жандандыруға әбден болады. Сонда әдебиеттегі бәсеке де күшейер еді.
– Қалай ойлайсыз, ұлттың жадын сақтайтын негізгі күш тарих па, әлде көркем әдебиет пе?
– Меніңше, халықтың жадын сақтауда тарих пен көркем әдебиет бірін-бірі толықтыратын екі қуатты күш. Яғни ең алдымен халықтың өткені туралы тарих нақты дәлелдері бар деректерге сүйене отырып ешқандай бұрмаланбай, барынша шынайы қалпында нақты жазылып, ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жетуі керек. Сонда ғана тарих ұлт жадын сақтауға дұрыс ықпал ете алады. Тарихшылар қауымы бұл маңызды міндетті ойдағыдай орындап келе жатыр деп есептеймін. Дегенмен ғылыми-зерттеу ретінде қағазға түскен тарих қалың көпшілікке кеңінен тарай қоймайды. Соған орай, мұндай тарих әдеби туындыларға айналып кітап болып басылып, театр сахналары мен кино экрандарынан көрсетіліп, қалың көпшілікке жаппай жетуге тиіс. Бұл міндет – өте жауапты. Тарихи еңбекте жоғары бағаланған тұлға роман не повестің кейіпкері болып жарыққа шыққанда бұрынғы атақ-даңқына сәйкес биік деңгейде суреттеле ме, жоқ әлде сөзі де, өзі де ешкімді елең еткізбейтін, тек қызыл сөзбен шежіре айтып сайрай беретін жай біреу болып көріне ме – бұл өте маңызды. Тарихи тұлғалар туралы драмалық шығарма жазып, көркем фильм түсіргенде де бұл талап ерекше назарда болуға тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қазақ тарихы туралы жазылған зерттеу еңбектері де, бұл жөнінде дүниеге келген әдеби көркем туындылар да бірі-біріне сай, барынша жоғары деңгейде болуы керек.
Жастарға айтар ақыл-кеңесім бар
– Бүгінгі жастарға (әдебиеттегі) айтар арызыңыз бар ма?!
– Ешқандай арызым жоқ, бірақ азды-көпті ақыл-кеңесім бар. Мен жиырма жылға жуық Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі, профессор ұстаз болып жүрмін. Драматург және сценарист болғысы келетін жастарды оқуға түскен күннен бастап диплом алғанша үзбей оқытамын. Соған орай шәкірттерімнің әдеби өмірге алғашқы қадам басып, бірте-бірте шығармашылық тұлға ретінде қалыптасуға бет бұрған төрт жылғы өмірі менің көз алдымда өтеді. Прозалық және драмалық шығармаларымен жақсы танымал Әлішер Рахат – менің шәкірттерімнің бірі. Енді ол да менімен бірге Өнер академиясында ұстаз. Айдана Аламан, Мерей Қосын, Ілияс Қыдырбаев сияқты шәкірттерім драматургия саласында жақсы жетістіктерімен көзге түсіп жүр. Айжан Ізімова да өзіммен бірге ұстаз. Қазір Шымкентте тұратын шәкіртім Ақмарал Айтбаева соңғы уақытта драматургия туралы байқауларда бірнеше рет алдыңғы қатардан көрінді.
Шәкірт тәрбиелеудегі осындай ұстаздық тәжірибеме сүйене отырып, әдебиетке алғаш қадам басқан жастарға төмендегідей әңгіме айтқым келеді:
Әдебиетке деген ынта-ықылас пен қызығушылық жер басып жүрген кез келген адамның бойынан байқалуы мүмкін. Бірақ бұл ерекшелік міндетті түрде жазушы боласың деген кепілдік емес. Шынайы жазушылық деңгейге көтерілу үшін қанмен дарыған шығармашылық дарын-қабілет керек. Мысалы, кез келген адам әнші, күйші немесе суретші бола алмайды. Жазушылық та солай. Сондықтан әдебиетке қызыққан әрбір жас өзінің шығармашылыққа қаншалықты бейім екенін ертерек анықтап, сол бейімділігін одан әрі дамытуға күш салуы керек. Егер әдебиетке қызығушылығы күшті болғанымен, шығармашылық дарын-қабілетінің жеткіліксіздігі байқалса, оған да ренжудің қажеті шамалы. Өйткені әдебиетке жан-тәнімен қызығатын адамнан әдебиетке қатысты мықты зерттеуші-сыншы, білгір ғалым-ұстаз шығады. Жақсы журналист пен іскер мәдениет қайраткері болудың да қайнар көзі әдебиеттен басталады.
Бір сөзбен айтқанда, әдебиетке ынтызар болып өскен кез келген жастың болашақта үлкен өмірден өз орнын табатыны анық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС